Наурыз
1 наурыз, сәрсенбі
Бұларды ең кіші деген бауырларымның біріне жасағандарың — маған жасағандарың (Мат. 25:40).
Матай 25:31—36 жазылған тармақта Иса айтқан “қойлар” жерде өмір сүруге үміттенетін соңғы күндердегі адал мәсіхшілерді білдіреді. Бұл басқа қойлар Мәсіхтің жерде қалған майланған бауырларын адалдықпен қолдайды. Әсіресе қандай істе қолдайды? Олар майланғандарға дүниежүзі бойынша уағыздау мен шәкірт дайындау ісін атқаруға көмектеседі (Мат. 24:14; 28:19, 20). Басқа қойлар Мәсіхтің бауырларын тағы қалай қолдайды? Олар жыл сайын Еске алу кешінің қарсаңында осы кешке қызығушыларды шақыру науқанына жан сала қатысады. Сондай-ақ басқа қойлар әлем бойынша әрбір қауымда Еске алу кешінің өтуіне қам жасайды. Олар майланғандарды осылай қолдағандары Исаның өзін қолдау екенін жақсы түсінеді (Мат. 25:37—40). w22.01 22-б., 11, 12-абз.
2 наурыз, бейсенбі
Мені көрген адамның Әкені де көргені (Жох. 14:9).
Біз Исаның қасиеттерінен, өзгелерге қалай қарағанынан көп нәрсе үйренеміз. Мысалы, ол алапеспен ауыратын кісіге аяушылық танытты, ауыр дертке шалдыққан әйелге, жақыны қайтыс болғандарға жаны ашыды. Біздің Исаға еліктегеніміз — Ехобаға да еліктегеніміз (Мар. 1:40, 41; 5:25—34; Жох. 11:33—35). Ал Ехобаға еліктеген сайын оған жақындай түсеміз. Исаның ізімен жүрсек, осы зұлым дүние бізді қызметімізден алаңдата алмайды. Иса жердегі өмірінің соңғы түні: “Мен осы дүниені жеңіп шықтым!”— деген (Жох. 16:33). Мұнымен Иса не айтқысы келді? Иса ой-санасына, мақсаттары мен жүріс-тұрысына осы дүниенің ықпал етуіне жол бермеді. Ол жерге не үшін келгенін бір сәтке де естен шығармады. Оның бар ойы Әкесінің есімін ақтау болды. Ал біз ше? Бұл дүниеде бізді қызметтен алаңдататын нәрселер өте көп. Егер Иса сияқты бар назарымызды Ехобаның еркін орындауға аударсақ, біз де “осы дүниені жеңіп” шығамыз (Жох. 1-х. 5:5). w21.04 3, 4-б., 7, 8-абз.
3 наурыз, жұма
[Ешбір күш те] Құдайдың... сүйіспеншілігінен айыра алмайды! (Рим. 8:39).
Елші Пауыл Исаның “оған сенген әркім мәңгілік өмірге ие болады” деген уәдесін жақсы білген (Жох. 3:16; Рим. 6:23). Ол тіпті ауыр күнә жасаған адамның өзі шын өкінсе, Ехоба оны кешіретініне сенімді болған (Зәб. 86:5). Елші Пауыл Құдайдың ол үшін Мәсіхті құрбан еткенінен оның зор сүйіспеншілігін көрген. Ғалаттықтар 2:20-шы тармақтың соңындағы маңызды сөйлемге назар аудардыңыз ба? Пауыл: “Құдай Ұлы... мені сүйгендіктен, мен үшін өмірін берді”,— деген. Ол Құдайдың сүйіспеншілігінің күшіне шек келтірмеген. Былайша айтқанда, “басқа бауырластар Ехобаның сүйіспеншілігіне лайық қой, бірақ ол мені сүюі мүмкін емес” деп ойламаған. Пауыл римдіктерге: “Әлі де күнәкар болып жүрген біздер үшін Мәсіх өмірін қиды”,— деген (Рим. 5:8). Құдайдың сүйіспеншілігінің расында да шегі де, шеті де жоқ. Ехобаның сүйіспеншілігі қаншалықты күшті екеніне Пауыл еш күмәнданбады. Ол Ехобаның исраилдіктерге ғасырлар бойы шыдамдылық танытқанын білген. w21.04 22-б., 8, 10-абз.
4 наурыз, сенбі
Өйткені Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау (Жох. 1-х. 5:3).
Зерттеу өткізгенде зерттеушінің Ехобаға деген сүйіспеншілігін арттырыңыз. Сәті туған кездің бәрінде Ехобаның қасиеттеріне көңіл бұрып отырыңыз. Зерттеуші Ехобаның бақытты Құдай екенін, оны сүйетіндердің бәрін қолдауға әзір екенін түсінсін (Тім. 1-х. 1:11; Евр. 11:6). Оған білгендерін өмірде қолданғаны өзіне пайдалы екенін әрі бұл Ехобаның оған деген сүйіспеншілігі екенін түсіндіріңіз (Ишая 48:17, 18). Сонда оның да Ехобаға деген сүйіспеншілігі тереңдеп, өзгеруге деген ықыласы арта түседі. Зерттеуші рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өту үшін құрбандықтарға баруы керек. Кейбіреулерге материалдық нәрселерін қиюға тура келер. Кейбір зерттеушілерге Ехобаны жақсы көрмейтін достарымен достықтарын үзу керек болады. Ал басқаларынан Ехоба куәгерлерін жек көретін туыстары теріс айналуы мүмкін. Ехоба оларға қамқор рухани отбасын сыйлайды (Мар. 10:29, 30). w21.06 4-б., 8, 9-абз.
5 наурыз, жексенбі
Бастарыңды көтеріп, егіндікке көз салыңдар, ол пісіп, жинауға дайын тұр (Жох. 4:35).
Елші Пауыл шәкірт дайындау ісін егін өсіруге теңеген. Ол қорынттықтарға: “Мен ектім, Аполлос суарды, ...Сендер — Құдайдың өңдеп жатқан егіндігісіңдер”,— деген (Қор. 1-х. 3:6—9). Құдайдың егіндігінде жұмыс істеп жүрген біздер тек дән сеуіп қана, яғни уағыздап қана қоймаймыз. Сонымен қатар суарып, қалай өсіп жатқанын қарап отырамыз, яғни үйретеміз. Бірақ дәнді өсіретін Құдай екенін ұмытпаймыз. Адамдарға уағыздау да, шындықты үйрету де біз үшін зор мәртебе! Бұл іс бізді шын бақытты етеді. Елші Пауыл Салоникадағы көп бауырласқа Мәсіхтің шәкірті болуға көмектескен. Ол былай деген: “Иеміз Исаның... алдында біздің үмітіміз, қуанышымыз бен мақтаныш тәжіміз сендер болмағанда, кім болмақ? Иә, мақтанышымыз бен қуанышымыз өздеріңсіңдер” (Сал. 1-х. 2:19, 20; Ел. іс. 17:1—4). w21.07 3-б., 5-абз.; 7-б., 17-абз.
6 наурыз, дүйсенбі
Осы кішілердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер! (Мат. 18:10).
Ехоба әрқайсысымызды өзіне жақындатып тартты (Жох. 6:44). Ойлап көріңізші, ол жер бетіндегі миллиардтаған адамның ішінен сізді таңдап алды. Өйткені Ехоба сіздің ақ жүрегіңізді, оны жақсы көре алатыныңызды байқады (Шеж. 1-ж. 28:9). Ехоба сізді жақсы біледі, жақсы түсінеді және сізді сүйеді. Бұл керемет емес пе?! Сіз де, барлық бауырластар да Ехоба үшін бағалы. Исаның бағушы туралы айтқан мысалы есіңізде ме? Жүз қойының біреуі жоғалып қалғанда бағушы не істеді? “Ол тоқсан тоғызын тауда қалдырып, адасып кеткенін іздеп шықты”. Ал тауып алғанда, жоғалып кеткені үшін оған ұрыспады, қайта, қатты қуанды. Бұдан не түйеміз? Ехобаға оның әрбір қойы бағалы. Иса: “Көктегі Әкем де осы кішілердің бірде-біреуінің құрып кеткенін қаламайды”,— деген (Мат. 18:12—14). w21.06 20-б., 1, 2-абз.
7 наурыз, сейсенбі
Құдайға жақындаңдар (Жақ. 4:8).
Ехобаның сарқылмас сүйіспеншілігі жайлы ой жүгірткенде, Ехобаны одан сайын жақсы көреміз әрі онымен достығымыз да бекем бола түседі (Рим. 8:38, 39). Біз Исаға ұқсауға талпынамыз (Пет. 1-х. 2:21). Еске алу кешінің қарсаңында Исаның өлер алдындағы соңғы аптасында болған оқиғаларды, оның өлімі мен қайта тірілуі жайлы Киелі кітап тармақтарын оқимыз. Ал Еске алу кешінің баяндамасында Исаның танытқан зор сүйіспеншілігі жайлы айтылады (Ефес. 5:2; Жох. 1-х. 3:16). Исаның қандай жанқияр болғаны жайлы оқып, ой жүгірткенде, біз де “солай өмір сүруге” талпынып кетеміз (Жох. 1-х. 2:6). Біз Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылмауға мықтап бекінеміз (Яһд. 20, 21). Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылмау үшін барымызды салып оған мойынсұнамыз, есімін киелі тұтамыз және оның жүрегін қуантамыз (Нақ. с. 27:11; Мат. 6:9; Жох. 1-х. 5:3). Ал әсіресе Еске алу кешін атап өткенде, біз әрбір күнімізді “Ехоба, мен сенің сүйіспеншілігіңнен мәңгі айырылғым келмейді!” деген ұстаныммен өткізуге бекінеміз. w22.01 23-б., 17—19 абз.
8 наурыз, сәрсенбі
Кімге қызмет ететіндеріңді бүгін шешіп алыңдар (Ешуа 24:15).
Ехоба бізге таңдау еркіндігін берді. Біз өмірімізді неге арнайтынымызды өзіміз шешеміз. Егер өмірімізді Ехобаға қызмет етуге арнасақ, сүюші Әкеміз қатты қуанады (Зәб. 84:11; Нақ. с. 27:11). Таңдау еркіндігімізді басқа да көптеген істерде дұрыс пайдалансақ болады. Бірде Иса мен елшілері әбден шаршап, оңаша жерге барып тынығып алуды қалайды. Бірақ қалың жұрт оларды тауып алып, Исадан тәлім алғылары келеді. Сол кезде Иса не істеді? Халыққа ашуланып кетті ме? Жоқ, керісінше, аяп кетті. “Сөйтіп, оларды көп нәрсеге үйрете бастады” (Мар. 6:30—34). Біз де Исаға еліктеп, өзгелердің мүддесін өзімізден жоғары қоюды таңдай аламыз. Егер өзгелерге көмектесу үшін уақытымыз бен күшімізді аямайтын болсақ, көктегі Әкемізді даңқтаймыз (Мат. 5:14—16). w21.08 3-б., 7, 8-абз.
9 наурыз, бейсенбі
Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, өз істеріне қуанады (Ғал. 6:4).
Табиғат әлеміне қарайтын болсақ, Ехобаның әртүрлілікті сүйетінін көреміз. Адамдар да әртүрлі, әрқайсысы — дара тұлға. Сондықтан Ехоба бізді ешқашан бір-бірімізбен салыстырмайды. Ол біздің жүрегімізге, ішкі дүниемізге назар аударады (Сам. 1-ж. 16:7). Сондай-ақ ол мықты тұстарымыз бен әлсіз тұстарымызды және қандай ортадан шыққанымызды ескереді. Ол бізден шамамыз келмейтінді талап етпейді. Біз де өзімізге Ехоба сияқты қарауды үйренуіміз керек. Сонда есті болып, өзіміз жайлы жоғары да, төмен де ойда болмаймыз (Рим. 12:3). Бауырластардың жемісті қызмет етіп жүргендерін байқағанымыз жақсы, әрине (Евр. 13:7). Өйткені олардың үлгісіне қарап қызметімізді жақсарта аламыз (Філіп. 3:17). Алайда бауырласымызды үлгі ету бір басқа, өзімізді онымен салыстыру бір басқа. w21.07 20-б., 1, 2-абз.
10 наурыз, жұма
Көкке көз жіберіп қараңдаршы, Ондағы жұлдыздарды кім жаратты (Ишая 40:26).
Сіз табиғат әлеміндегі жануарларды, өсімдіктерді және аспандағы жұлдыздарды мұқият бақылап, Жаратушыға деген сеніміңізді дамыта аласыз (Зәб. 19:1). Оларды зерттеген сайын, Ехобаның Жаратушы екеніне көзіңіз жете түседі. Жаратылыстарды зерттегенде, білген айғақтарыңызға қарап, Жаратушының қандай Құдай екені жайында ойланыңыз (Рим. 1:20). Мысалы, Күн планетасы туралы ізденіп жатырсыз делік. Сонда сіз Күннің жылу және жарық берумен қатар, өте зиянды ультракүлгін сәулелерін де шығаратынын білесіз. Алайда бір ғажабы, Жеріміздің сол зиянды радиациядан қорғайтын керемет қалқаны бар. Бұл — азон қабаты. Ультракүлгін сәулелері күшейген сайын, азон газының да мөлшері арта түседі. Осылай біз ешқандай зиян шекпейміз. Бұндай керемет құбылыстың артында өте ақылды әрі қамқор Жаратушы тұр емес пе?! w21.08 17-б., 9, 10-абз.
11 наурыз, сенбі
Құдайды сүйетін адам бауырласын да сүюі керек (Жох. 1-х. 4:21).
Адам шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де оған сүйіспеншілік пен құрмет таныта беруіміз керек (Жох. 1-х. 4:20). Мысалы, оның кейбір әрекеттерін түсінбей жатсақ, ол туралы бірден жаман ойлап қалмайық. Қайта, бауырласымызды өзімізден жоғары қойып, оған құрмет көрсетейік (Рим. 12:10; Філіп. 2:3). Барлық адамдарға мейірімді болуымыз керек. Ехоба мәңгілікке біздің Әкеміз болсын десек, оның Сөзіне сай өмір сүруіміз керек. Мысалы, Құдайдың Сөзінде Иса барлық адамға, тіпті жауларымызға да мейірімді болуымыз керектігін айтқан (Лұқа 6:32—36). Бұлай ету әрдайым оңай болмайтындықтан, біз Иса сияқты ойланып, Иса сияқты әрекет етуді үйренуіміз керек. Оған еліктеу үшін және Ехобаға мойынсұну үшін барымызды салсақ, мәңгілікке көктегі Әкеміздің отбасында болғымыз келетінін көрсетеміз. w21.08 6-б., 14, 15-абз.
12 наурыз, жексенбі
Сонда сендерге көктің қақпаларын ашып, көл-көсір етіп батамды төкпес пе екенмін (Малх. 3:10).
Ехобаға арқа сүйеңіз. Оған арқа сүйеп, өздеріндегі ең жақсыларын беретіндерге Ехоба батасын молынан жаудыратынын айтады. Киелі кітапта Ехобаға аянбай қызмет еткен адамдардың үлгісі көп. Көп жағдайда олар Ехобаға арқа сүйейтіндерін көрсеткеннен кейін ғана Ехоба оларға батасын берген. Мысалы, Ыбырайым “қайда бара жатқанын білмесе де”, үйін тастап кеткеннен кейін ғана Ехоба оны жарылқады (Евр. 11:8). Ал Жақып періштемен күрескеннен кейін ғана Ехобаның батасын алды (Мұс. 1-ж. 32:24—30). Діни қызметкерлер арнасынан тасыған Иордан өзеніне аяқ басқаннан кейін ғана су тоқтап, халық Уәде етілген жерге өтті (Ешуа 3:14—16). Сіз Ехобаға арқа сүйеп, қызмет аясын кеңейткен бүгіндегі Куәгерлерден де үйрене аласыз. w21.08 29, 30-б., 12—14 абз.
13 наурыз, дүйсенбі
Неге бұрынғы күндер қазіргіден жақсы еді?— деме (Уағ. 7:10).
Қарт бауырластар, сіздердің көп істе тәжірибелеріңіз болса да, жаңа жағдайларға бейімделу керектігін түсінесіздер. Жақында шомылдыру рәсімінен өткен қариялардың да қауымға берері көп. Жастар сіздің басыңыздан өткен оқиғаларды, өмірден алған сабақтарыңызды естуге асық. Сіз жиып-терген қазынаңыздан бере берсеңіз, Ехоба да сізді молынан жарылқайды (Лұқа 6:38). Қауымда жасы үлкендер мен жасы кішілер өзара дос болса, бір-біріне демеу бола алады (Рим. 1:12). Екі жақтың да бір-біріне берері бар. Мысалы, қария бауырластарда даналық пен тәжірибе болса, жастау бауырластарда күш-қайрат бар. Олар иық тіресе қызметтессе, көктегі Әкелеріне мадақ әкеледі және қауым үшін бата болады. w21.09 8-б., 3-абз.; 12, 13-б., 17, 18-абз.
14 наурыз, сейсенбі
Біз бағанаға ілінген Мәсіх туралы уағыздаймыз. Бұл — яһудилер үшін сүріндіретін тас (Қор. 1-х. 1:23).
Неге бұлай болды? Өйткені олар Мәсіхті қылмыскер әрі күнәкар адамдар сияқты бағанада өледі деп күтпеді (Мұс. 5-ж. 21:22, 23). Исаның бағанада өлгеніне сүрінгендер оның еш айыпсыз екенін, жала жабылып, әділетсіз сотталғанын елемеді. Оны өлімге кескен адамдар әділдікті әбден аяқасты етті. Мысалы, яһудилердің Жоғарғы соты аяқастынан бас қосты да, заң талаптарын ысырып тастап, сотты өз білгендерінше жүргізді (Лұқа 22:54; Жох. 18:24). Исаға тағылған айыптардың рас-өтірігіне көз жеткізіп, бейтарап болудың орнына төрешілердің өздері оны “өлімге кеспек болып, оған қарсы жалған айғақтар іздестіріп жатты” (Мат. 26:59; Мар. 14:55—64). Ал Иса қайта тірілген соң, зұлым төрешілер оның қабірін күзеткен римдік сарбаздарға “көп күміс ақша беріп”, оның мәйіті ұрланды деген өтірік таратқызды (Мат. 28:11—15). w21.05 11-б., 12, 13-абз.
15 наурыз, сәрсенбі
Сол күн мен сағатты ешкім — көктегі періштелер де, Ұл да — білмейді, тек Әкем ғана біледі (Мат. 24:36).
Ехоба қиындықтардың барлығын бір демде-ақ тоқтата алар еді. Бірақ оның шыдамдылығының арқасында біз батаға кенеліп отырмыз. Адам мен Хауаның ұрпақтары да мына дүниеге кемелсіз болып келеді. Ехоба оларды сонда да жақсы көреді және қамдарын ойлайды, сондай-ақ ол осы зұлым дүниені жоюды уәде етті (Жох. 1-х. 4:19). Ол адамзатты азапқа салып жатқан ауру-сырқауды түгел жоятын күнді белгілеп қойған. Ехобаның мұндай сүйіспеншілігі бізді қанша қажет болса, сонша төзуге талпындырады емес пе?! Ехоба — төзімділіктің кемелді үлгісі. Әкесінің осы қасиетіне Иса да еліктеген. Ол біз үшін қастық сөздерге, қорлыққа, бағанадағы азапқа төзді (Евр. 12:2, 3). Өйткені Ехобаның төзімділігі оған күш берді. Ол сізге де күш бере алады. w21.07 12, 13-б., 15—17 абз.
16 наурыз, бейсенбі
Көктегі Әкелерің қандай мейірімді болса, сендер де сондай мейірімді болыңдар (Лұқа 6:36).
Ехоба бізді мейіріммен күнде-күнде кешіреді (Зәб. 103:10—14). Иса да кемелсіз ізбасарларына мейіріммен қарады. Олардың күнәлары кешірілсін деп Иса тіпті өз өмірін қиды (Жох. 1-х. 2:1, 2). Біз де бауырластарды “кеңпейілмен кешірсек”, рухани отбасымыздың ынтымақ-бірлігі нығаяды (Ефес. 4:32). Бірақ кешіру керек деп айту оңай, ал істеу қиын. Сондықтан көп күш салуымыз керек. Осы орайда бір әйел бауырласымызға “Күзет мұнарасындағы” “Бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер” деген мақала көмектескен екен. Ол былай деп жазды: “Бұл мақала менің көзқарасымды өзгертіп жіберді. Кешіргенім өзіме жақсы екен. Мақаладан түсінгенім, кешіру деген біреудің жаман қылығын ақтауды немесе ешқандай зиян шекпегендей жүре беруді білдірмейді. Бұл адамға әрі қарай реніш сақтамай, жантыныштығын сақтауды білдіреді екен”. Біз бауырластарды кеңпейілмен кешіргенде, оларды сүйетінімізді және көктегі Әкеміз Ехобаға еліктейтінімізді көрсетеміз. w21.09 23-б., 15, 16-абз.
17 наурыз, жұма
[Құдайға] ғибадат ететіндер... шындыққа сай ғибадат етуі тиіс (Жох. 4:24).
Иса шындықты, яғни Құдай мен оның ниеті туралы шындықты жақсы көрген. Иса осы шындыққа сай өмір сүрген және оны басқаларға паш еткен (Жох. 18:37). Оның ізбасарлары да шындықты қатты сүйген (Жох. 4:23). Сондықтан олар Құдайдың Сөзіне қайшы келетін наным-сенімдерден, салт-дәстүрлер мен ой-пікірлерден бас тартқан (Қол. 2:8). Елші Петір мәсіхшілік жолды “шындық жолы” деп атаған (Пет. 2-х. 2:2). Бүгінде де шынайы мәсіхшілер барынша “шындық жолында жүруге” тырысады. Олар ілімдерінің барлығын Құдайдың Сөзіне негіздейді және соған сай өмір сүреді (Жох. 3-х. 3, 4). Құдайдың халқы Киелі кітапты 100 пайыз дұрыс түсінеміз деп ойламайды. Олар ілімдерді түсіндіргенде және ұйымда басшылықтар бергенде кейде қателесетіндерін мойындайды. Сондай кезде бірден қажетті өзгеріс жасайды. w21.10 21-б., 11, 12-абз.
18 наурыз, сенбі
Ехобаға арқа сүйейтіндер оның айнымас сүйіспеншілігіне бөленеді (Зәб. 32:10).
Ежелде қаланы қоршай тұрғызылған қабырғалар халықты жаудан сақтағандай, Ехобаның көрсететін айнымас сүйіспеншілігі де қызметшісін рухани қауіп-қатерден қорғайды, яғни оны Ехобамен қарым-қатынасын бұзатын кез келген нәрседен сақтайды. Бұған қоса, айнымас сүйіспеншілігінің арқасында Ехоба бізді өзіне жақындатады (Ерм. 31:3). Зәбүр жыршысы Дәуіт Құдайдың өз халқын қалай қорғайтынын тағы былай сипаттаған: “Ол маған айнымас сүйіспеншілік танытады; Ол — менің қамалым, мықты қорғаным әрі құтқарушым; Ол — менің қалқаным, содан пана табамын”. Сондай-ақ ол: “Сен менің қауіпсіз панамсың, Маған айнымас сүйіспеншілік танытасың”,— деп жазды (Зәб. 59:17; 144:2). Неге Дәуіт Ехобаның айнымас сүйіспеншілігін қамалға, қорғанға және панаға теңеген? Өйткені біз жердің қай бұрышында өмір сүрмейік, Ехобамен бағалы қарым-қатынасымызды сақтауымыз үшін, ол бізді барынша қорғайды. Тек оған қызмет етсек болғаны. w21.11 6-б., 14, 15-абз.
19 наурыз, жексенбі
Сенің бар әрекеттерің жайлы ойланамын (Зәб. 77:12).
Иса шәкірттерінің сенімдерін қай жағынан нығайту керектігін көрсеткен тағы бір жағдайды алайық. Олар қайықпен кетіп бара жатқанда, кенет теңізде сұрапыл дауыл көтеріледі (Мат. 8:23—26). Толқындар қайықты соққылап, іші суға тола бастайды. Иса бұл кезде ұйықтап жатқан еді. Шәкірттердің қорқып кеткендері сонша, Исаны оятып: “Бізді құтқара көріңіз!”— деп айқайлайды. Сонда Иса: “Неге сонша қорқасыңдар, сенімі аздар-ау!”— деп оларды жұмсақ түрде түзетеді. Сіздің өміріңізде де “сұрапыл дауыл” болып жатыр ма? Бәлкім, сіз жақта табиғи апат орын алған шығар. Немесе ауыр дертке шалдығып, бейнелі дауылды бастан өткеріп жатқан шығарсыз. Соның кесірінен еңсеңіз езіліп, не шара қолдануды білмей жүрген шығарсыз. Мұндайда Ехобаға арқа сүйеуді ұмытып кетпеңіз. Оған шын беріле дұға етіңіз. Бұған дейін Ехоба көмектескен жағдайларды еске алып, сеніміңізді нығайтыңыз (Зәб. 77:11). Ол сізді бүгін де, ертең де жалғыз қалдырмайды. w21.11 22-б., 7, 10-абз.
20 наурыз, дүйсенбі
Ұрлық жасамаңдар (Мұс. 3-ж. 19:11).
Бұл заңды білетін адам “біреудің затын алмасам болды ғой” деп, ал өзі басқа жолдармен ұрлық жасап жүрген болуы мүмкін. Мысалы, тұтынушыларды алдап, таразыдан жеу ұрлықпен тең болған. Мұсаның 3-жазбасы 19:13-тегі “алаяқтық жасамаңдар” деген сөздерден ұрлыққа іскерлік мәселедегі қулықтар да жататынын түсінеміз. Демек, біз Мұсаның 3-жазбасы 19:11, 13-тармақтардың арқасында сегізінші заңдағы “ұрлық жасамаңдар” деген бұйрықтың астарында не жатқанын білдік. Ехобаның арамдық пен ұрлыққа қатысты көзқарасына біз де ден қойсақ болады. Бұл үшін Мұсаның 3-жазбасы 19:11—13 тармақтарға ой жүгіртіп: “Бұл сөздердің маған қандай қатысы бар? Іскерлік мәселелер мен жұмысымда қай жағынан түзелсем болады?”— деп ойланайық. w21.12 9, 10-б., 6—8 абз.
21 наурыз, сейсенбі
Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер (Қол. 3:13).
Әр күні бүгін қандай қателіктер жасадым деп ойланып, жеке дұғада Ехобадан солар үшін кешірім сұраңыз. Бірақ ауыр күнә жасаған болсаңыз, ақсақалдардан көмек сұрағаныңыз жөн. Олар сізді құлақ қойып тыңдап, Құдайдың Сөзінен жақсы кеңестер айтады. Сондай-ақ сізбен бірге дұға етеді. Рухани “сауығуыңыз үшін”, олар Ехобадан Исаның құрбандығының күшімен сізді кешіруін сұрайды (Жақ. 5:14—16). Төлем туралы ой жүгірту өте пайдалы. Құдайдың Ұлы қалай азапталғаны жайлы ойлау сізге де ауыр шығар. Бірақ оның құрбандығы жайында ой жүгіртсек, біздің Исаға деген және Әкемізге деген сүйіспеншілігіміз тереңдей түседі. Сондай-ақ жыл сайын өтетін Мәсіхтің өлімін еске алу кешіне қатысқанда және осы жиынға өзгелерді шақырғанда да, төлемге деген ризашылығымыз артады. Иә, Ехобаның Ұлы туралы өзгелерге тәлім беру неткен мәртебе! w21.04 18, 19-б., 13—16 абз.
22 наурыз, сәрсенбі
Оларды көп нәрсеге үйрете бастады (Мар. 6:34).
Бірде қалың жұрт Исаны көруге келеді. Иса болса сол түні ұйықтамай, дұға етіп шыққан еді. Ол шаршап тұрса да, келген кедей-кепшіктер мен ауру адамдарды көргенде, жаны ашып, оларға көмектеседі. Иса оларды сауықтырып қана қоймай, тарихтағы ең әсерлі баяндамасы — Таудағы уағызын айтады (Лұқа 6:12—20). Иса өзіне арналған уақытын да аямаған. Досы Жақияның басы алынғанда, Исаның қандай күй кешкенін елестетіп көріңізші. Киелі кітапта: “Бұны [яғни Жақияның өлтірілгенін] естігенде, Иса оңаша болу үшін бір елсіз жерге қайықпен жүзіп кетті”,— делінген (Мат. 14:10—13). Бірақ жұрт сол жерге бірінші жетіп, оны күтіп тұрды (Мар. 6:31—34). Ол халықтың рухани жүдеу күйде жүргенін көріп, “оларды аяп кетті” (Лұқа 9:10, 11). w22.02 21-б., 4, 6-абз.
23 наурыз, бейсенбі
Барлық адамдармен тату болыңдар (Рим. 12:18).
Егер біреуді ренжітіп қойсақ, қалай әрекет еткеніміз жөн? Ехобаға жалбарына дұға айтайық, бауырласымызбен татуласуға көмектесуін сұрайық. Біз уақыт бөліп, мына сұрақтар жайлы ой жүгірткеніміз дұрыс: мен намысымды ысырып, кішіпейілділікпен кешірім сұрап, бауырласыммен татуласуға дайынмын ба? Татуласуға бірінші болып қадам жасасам, Ехоба мен Иса не сезінеді? Осы екі сұрақ жайлы ойланып, бір түйінге келсек, Исаны тыңдауға бекінеміз. Сонда бауырласымызбен татуласу үшін кішіпейілділікпен сөйлесуге асық боламыз. Біз бауырласымызбен татуласамыз деп барсақ, кішіпейіл қалпымыздан айнымағанымыз жөн (Ефес. 4:2, 3). Біздің мақсатымыз бауырласымыздың көңіліндегі ренішін сейілтіп, жақсы қарым-қатынасымызды қалпына келтіру болу қажет. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін көрсету емес, арамызда татулық орнату маңыздырақ екенін ұмытпайық (Қор. 1-х. 6:7). w21.12 25, 26-б., 13—16 абз.
24 наурыз, жұма
Иса қалаға қарап, жылап жіберді (Лұқа 19:41).
Жұрт Исаны жақсы қарсы алса да, оның жүрегі ауырды. Өйткені ол яһудилердің басым бөлігі ізгі хабарды қабылдамайтынын білді. Соның кесірінен Иерусалим жойылып, ал аман қалған яһудилер құл болмақ еді (Лұқа 21:20—24). Өкінішке қарай, Иса айтқандай-ақ, халықтың басым бөлігі одан бас тартты. Ал сіз тұратын жерде адамдар ізгі хабарға қалай қарайды? Аз ғана адам құлақ аса ма? Солай болса, Исаның жылағанынан қандай сабақ алсаңыз болады? Ехоба адамдардың қамын ойлайды. Исаның жылағанынан Ехобаның адамдар үшін қаншалықты қам жейтінін білуге болады. “Ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Пет. 2-х. 3:9). Бүгінде біз де адамдарға ізгі хабарды айту үшін барымызды салсақ, оларды жақсы көретінімізді көрсетеміз (Мат. 22:39). w22.01 16-б., 10—12 абз.
25 наурыз, сенбі
Мен сенен еш айырылмаймын, Сен мені оң қолыңмен мықтап ұстайсың (Зәб. 63:8).
Сіз Ехобаның өзінің халқы үшін және жеке сіз үшін жасаған істері жайлы ой жүгіртсеңіз, сеніміңіз қатая түседі. Ең маңыздысы, Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз тереңдейді. Ехобаға мойынсұнуға, оны қуанту үшін құрбандықтарға баруға және кез келген сынаққа төтеп беруге басқа ешқандай қасиет осы сүйіспеншіліктей талпындыра алмайды (Мат. 22:37—39; Қор. 1-х. 13:4, 7; Жох. 1-х. 5:3). Бұл дүниеде біз үшін Ехобаны сүйіп, онымен жақын дос болудан асқан бақыт жоқ! (Зәб. 63:1—7). Дұға ету, зерттеу мен ой жүгіртудің ғибадат екенін ұмытпаңыз. Ехобамен бірге уақыт өткізу үшін Иса сияқты, тыныш жер табыңыз. Алаңдататын нәрселерден арылыңыз. Рухани істерді зейін салып атқару үшін, Ехобадан көмек сұраңыз. Қазірден уақытыңызды барынша тиімді пайдалансаңыз, Ехоба сізге жаңа дүниеде мәңгілік өмір сыйлайды (Мар. 4:24). w22.01 30, 31-б., 18—20 абз.
26 наурыз, жексенбі
Жамандықтан жиреніңдер (Рим. 12:9).
Ойдан әрекет туады. Сондықтан Иса ойларымыз ауыр күнәға апармай тұрғанда, оларды тыйып тастау керектігін айтқан (Мат. 5:21, 22, 28, 29). Біз көктегі Әкемізге ұнамды болғымыз келеді, солай емес пе? Сондықтан келген жаман ойдың бәрін бірден қуып тастағанымыз өте маңызды! Иса: “Адамның аузынан шығатындары жүректен шығады”,— деген (Мат. 15:18). Расында да, біздің тіліміз — ішкі дүниеміздің айнасы. Сондықтан да мына сұрақтармен өзіңізді жақсылап тексеріп көріңіз: “Өзімнің қиналып қалатынымды білсем де, шындықты жасырмай айтамын ба? Жұбайымнан өзге адамға қылымсып-қырындаудан аулақпын ба? Ұятсыз, тұрпайы әңгімелерден жиіркеніп қашамын ба? Ашуыма тиіп тұрған адамға сабырмен жауап бере аламын ба?” Осы жайттарға мән бергеніңіздің пайдасы көп. Егер жалған, тұрпайы, қорлық сөздерден арылатын болсақ, ескі болмысты шешіп тастау оңай болады. w22.03 5-б., 12—14 абз.
27 наурыз, дүйсенбі
Ақылдасатындар даналыққа ие болар (Нақ. с. 13:10).
Біреудің келіп түзеткенін күтпей, өзі барып кеңес сұрайтын адам ешкімнен ақыл сұрамайтын адамға қарағанда жақсырақ рухани өседі. Сондықтан өзіміз барып кеңес сұрауға асық болайық. Бауырластардан қандай жағдайда кеңес сұрасақ болады? Үш жағдайды қарастырайық. 1) Әйел бауырлас өзге тәжірибелі жариялаушыны зерттеу сабағына шақырып, кейін одан тәлім беру шеберлігін қай жағынан жақсартса болатынын сұрайды. 2) Қыз бауырлас шалбар аларда толысқан әйел бауырластан таңдаған киіміне қатысты шын ойын сұрайды. 3) Ер бауырлас алғашқы баяндамасын айтуға дайындалып жүр. Ол бір тәжірибелі баяндамашыдан баяндамасын тыңдап көруді және оны қай жағынан жетілдіруге болатынын сұрайды. Тіпті жылдар бойы баяндама айтып жүрген ер бауырластың өзі де өзге жақсы баяндамашылардан кеңес сұрап, қабілетін шыңдай бергені дұрыс (Нақ. с. 19:20). w22.02 13-б., 15—17 абз.
28 наурыз, сейсенбі
Мен жалғыз емеспін, өзімді жіберген Әкем менімен бірге (Жох. 8:16).
Ехоба бізді қаншалықты жақсы көріп, қамымызды ойлайтынын Исаның өмірінен білеміз (Жох. 5:20). Иса жер бетінде жүргенде, Ехоба оның рухани, эмоциялық және тәндік қажеттіліктерін қамдады. Сондай-ақ ол Ұлын мақтап, жақсы көретінін айтып отырған (Мат. 3:16, 17). Әкесі әрдайым қасынан табылатынын білгендіктен, Иса өзін ешқашан жалғыз сезінбеген. Иса сияқты, біз де Ехобаның сүйіспеншілігін көп жағдайда көріп жатырмыз. Ойлап көріңізші, Ехоба әрқайсысымызды өзіне жақындатып тартты. Бізді бақытты ету үшін және эмоциялық күйімізді қамдау үшін бірлігі жарасқан рухани отбасын берді (Жох. 6:44). Сондай-ақ нәрлі рухани ас-суымызды үзбей беріп отыр. Ол біздің күнделікті тәндік қажеттіліктерімізді де қамдайды (Мат. 6:31, 32). Ехоба бізді қаншалықты жақсы көретіні жайлы ойланайық, сонда біздің де оған сүйіспеншілігіміз артады. w21.09 22-б., 8, 9-абз.
29 наурыз, сәрсенбі
Ескі болмыстарыңнан іс-әрекеттерімен қоса арылыңдар (Қол. 3:9).
Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттемей тұрғанда, сіз қандай адам едіңіз? Көбіміз бұрынғы өмірімізді еске алсақ: “Масқара, не деген адам болғанмын?!”— деп қорқып кетеміз. Өйткені біздің дұрыс пен бұрысқа көзқарасымыз және мінез-құлқымыз осы дүниенің тәрбиесімен қалыптасты. Демек, Киелі кітапта айтылғандай, біз осы дүниеде “еш үмітсіз, Құдайды білмей өмір кештік” (Ефес. 2:12). Бірақ Киелі кітапты зерттей бастағанда, көкте сізді қатты жақсы көретін Әкеңіз бар екенін білдіңіз. Ехоба Құдайға ұнамды болу үшін және қызметшілерінен тұратын отбасына қосылу үшін, сіз өмір-салтыңызды, ой қалпыңыз бен көзқарасыңызды өзгерту керектігін түсіндіңіз. Сізге Құдайдың жоғарғы моральдық нормаларымен өмір сүруді үйрену қажет болды (Ефес. 5:3—5). Ехоба біздің Әкеміз әрі Жаратушымыз болғандықтан, өзінің отбасындағы адамдардың жүріс-тұрысына қатысты талаптар қоюға құқылы. Ол бізден шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, “ескі болмысымыздан іс-әрекеттерімен қоса арылуымызды” талап етеді. w22.03 2-б., 1—3 абз.
30 наурыз, бейсенбі
Менің... басқа да қойларым бар (Жох. 10:16).
Басқа қойлар Еске алу кешіне келіп, кештің өтуін бақылайды. Бұл — олар үшін қуанышқа толы сәт. Еске алу кешінде басқа қойлар да үміттері жайлы ой жүгіртеді. Өйткені сол кештегі баяндамада Мәсіх пен 144 000 майланған патша мыңжылдық билік кезінде адал адамдар үшін қандай игілік жасайтыны айтылады. Олардың билігінің тұсында жер беті жұмаққа айналып, адамдар кемелділікке жетеді. Дүниежүзі бойынша миллиондаған адам осы баяндама барысында Ишая 35:5, 6; 65:21—23, Аян 21:3, 4 сияқты пайғамбарлықтардың орындалуын елестетіп, ерекше қуанышқа кенеледі. Осының арқасында олардың үміттері жандана түседі және Ехобаға үзбей қызмет ете беруге мықтап бекінеді (Мат. 24:13; Ғал. 6:9). w22.01 21-б., 5—7 абз.
Еске алу кешінің қарсаңында Киелі кітапты оқу: (9 нисан, күн батқан соң) (Матай 26:6—13)
31 наурыз, жұма
Адам Ұлы... көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келді (Мар. 10:45).
Төлем деген не? Төлем деген Адамның жоғалтқанын қайтарып алу үшін Исаның төлеген құнын білдіреді (Қор. 1-х. 15:22). Бұл құн бізге не үшін қажет? Ехобаның Мұса Заңында орнатқан әділдік нормасына сай, өмір үшін өмір алыну керек еді (Мұс. 2-ж. 21:23, 24). Адам жоғалтқан кемелді өмірдің орнын Иса өзінің кемелді өмірімен толтырып, Құдайдың әділдікке қатысты нормасын орындады (Рим. 5:17). Осылай Иса төлемге сенім білдіргендердің бәріне “Мәңгілік әке” болды (Ишая 9:6; Рим. 3:23, 24). Иса өз өмірін құрбан еткен себебі — көктегі Әкесін және бізді қатты сүйді (Жох. 14:31; 15:13). Осы сүйіспеншілігінің арқасында ол соңына дейін мінсіз болып қалды және Әкесінің еркін толық орындап шықты. Мұның нәтижесінде Ехобаның жер мен адамдарға қатысты бастапқыдағы ой-ниеті жүзеге аспақ. w21.04 14-б., 2, 3-абз.
Еске алу кешінің қарсаңында Киелі кітапты оқу: (9 нисан, күндіз) (Матай 21:1—11, 14—17)