Елшілердің істері
3 Петір мен Жохан тоғызыншы сағатта*, яки дұға ететін уақытта, ғибадатханаға қарай бет алды. 2 Сонда біреулер туылғаннан ақсақ адамды көтеріп бара жатты. Олар бұл кісіні ғибадатханаға келгендерден қайыр сұрау үшін Көрікті деп аталатын қақпаның жанына күнде әкеп отырғызатын. 3 Ол ғибадатханаға кіргелі жатқан Петір мен Жоханды байқап қалып, қайыр сұрай бастады. 4 Сонда екеуі әлгі кісіден көз алмай қарап тұрды да, Петір: “Бізге қарашы”,— деді. 5 Ол қайыр бере ме деген үмітпен екеуіне тіктеп қарады. 6 Ал Петір оған: “Менде күміс те, алтын да жоқ. Бірақ нем бар, сонымды берейін: назареттік Иса Мәсіхтің атынан айтамын, түрегел де жүріп кет!”— деді де, 7 оны оң қолынан ұстап тұрғызды. Сол сәтте-ақ оның буындары қатайып, 8 орнынан секіріп тұрды да, жүре бастады. Содан бір жүріп, бір секіріп, Құдайды дәріптеген ол елшілермен бірге ғибадатханаға кірді. 9 Барлығы оның жүріп жүргенін және Құдайға мадақ айтқанын көрді. 10 Оның Көрікті қақпасының алдында қайыр сұрап отыратын кісі екенін танып, сауығып кеткеніне қатты қайран қалды.
11 Әлгі кісі Петір мен Жоханды қолдарынан ұстап тұрғанда, адамдардың бәрі соларға қарай, Сүлеймен бағаналары деп аталған жерге, жүгіріп барып, өз көздеріне өздері сенбей таңырқап тұрды. 12 Осыны көрген Петір былай деді: “Исраилдіктер, бұған неге таңғаласыңдар? Бұл адам өз күшіміздің не Құдайға шын берілгеніміздің арқасында жүріп кеткендей, несіне бізге тесіле қарайсыңдар? 13 Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы, ата-бабаларымыз сиынған Құдай өзінің Қызметшісі Исаны құрметке бөледі. Сендер болсаңдар оны ұстап бердіңдер және Пилат босатпақшы болғанда, одан бас тарттыңдар. 14 Иә, киелі де әділ жаннан бас тарттыңдар, ал кісі өлтірушіге рақым етуді сұрадыңдар. 15 Сөйтіп, Өмірге жетелеушіні өлтірдіңдер. Бірақ Құдай оны қайта тірілтті, әрі біз бұған куәміз. 16 Осылайша Исаның есімі мен оның есіміне деген сеніміміздің арқасында сендер танитын әрі көріп тұрған осы адам күшке ие болды. Исаға деген сеніміміз оны сендердің алдарыңда құлан-таза айықтырды. 17 Ағайындар, билеушілерің іспетті, сендер де білместік жасағандарыңды білемін. 18 Алайда Құдай Мәсіхтің азап шегетіні жайлы барлық пайғамбарлар арқылы айтқандарын осылай жүзеге асырды.
19 Сондықтан өкініп, Құдайға қайта бет бұрыңдар. Сонда күнәларың кешіріліп*, Ехобаның қайта нығайтатын уақыты келеді, 20 әрі ол сендерге тағайындаған Мәсіх Исаны жібереді. 21 Ежелде Құдайдың қасиетті пайғамбарлары арқылы айтқан барлық нәрселері қалпына келетін уақыт келгенше, ол көкте қала беруі тиіс. 22 Мұса пайғамбар: —Ехоба Құдай бауырларыңның арасынан мен сияқты пайғамбарды тағайындайды. Оның айтқандарының барлығына құлақ асуларың қажет. 23 Ал Пайғамбарды тыңдамаған әрбір жан жойылады,— деген. 24 Осы күндер жайында Самуилден бастап барлық пайғамбарлар анық айтып кеткен болатын. 25 Сендер пайғамбарлардың ұлдарысыңдар әрі Құдайдың ата-бабаларыңмен жасасқан келісімін мұра еттіңдер. Ол Ыбырайымға: —Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі күллі халықтар батаға кенеледі,— деген. 26 Құдай әрбіріңді зұлым жолдарыңнан қайтару арқылы батасын беру үшін, Қызметшісін тағайындап, ең бірінші сендерге жіберді”.