Римдіктерге
10 Бауырластар, жүрегімнің қалауы және Құдайдан жалбарынып сұрайтыным — исраилдіктердің құтқарылуы. 2 Мен олардың Құдайға құлшына қызмет еткенімен, бұлары тура білімге негізделмегеніне куәлік етемін. 3 Олар Құдайдың әділдігін білмегендіктен, өздерінің әділдігін орнатуға тырысып, Құдайдың әділдігіне мойынсұнбады. 4 Өйткені Мұса заңының соңы — Мәсіх. Сондықтан оған сенетін әркім әділдікке ие бола алады.
5 Мұса жазғандай, адам Заңның әділ талаптарын орындау арқылы әділ болып, соның арқасында өмір сүреді. 6 Ал Жазбада сенімнен туатын әділдік туралы былай делінген: “Жүрегіңде былай деп айтпа: —Кім көкке көтеріледі (яғни Мәсіхті көктен кім алып келеді)? 7 Яки: —Кім тұңғиыққа түседі (яғни Мәсіхті өлімнен кім алып келеді)?” 8 Ал Жазбада не делінген? “Бұл сөз саған жақын, ол аузыңда және жүрегіңде”. Бұл “сөз” — біз жариялап жүрген сенім сөзі. 9 Егер “аузыңдағы осы сөзді”, яғни Исаның Иеміз екенін, ел алдында жарияласаң және Құдайдың оны өлімнен қайта тірілткеніне шын жүректен сенсең, онда құтқарыласың. 10 Өйткені адам шын жүректен сену арқылы әділдікке ие болады, ал сенімін аузымен жариялау арқылы құтқарылады.
11 Өйткені Жазбада: “Оған сенген ешкімнің көңілі қалмайды”,— делінген. 12 Себебі яһуди мен гректің арасында еш айырмашылық жоқ: барлығының Иесі біреу. Ол өзіне арқа сүйегендердің бәріне мол батасын береді. 13 Ал “Ехобаны атын атап көмекке шақырған әркім құтқарылады”. 14 Алайда оған сенбесе, қалай шақырады? Ол туралы естімесе, қалай сенеді? Ешкім ол туралы уағыздамаса, қалай естиді? 15 Ал жіберілмесе, қалай уағыздайды? Жазбада: “Ізгі хабар әкелген жариялаушылар* қандай керемет!”— деп жазылған ғой.
16 Әйтсе де олардың бәрі бірдей ізгі хабарға мойынсұнған жоқ. Өйткені Ишая: “Ехоба, бізден естіген хабарға кім сенді?”— деген. 17 Демек, сенім сөзді естуден туады. Ал сөзді біреу Мәсіх жайлы айтқанда естуге болады. 18 Алайда мен: “Олар естіген жоқ па?”— деп сұраймын. Әрине, естіген. Өйткені “олардың дауысы бүкіл жер бетінде естіліп, сөздері де дүниенің түкпір-түкпіріне тарады”. 19 Бірақ мен: “Исраил түсінген жоқ па?”— деп сұраймын. Кезінде Мұса былай деген: “Мен Исраилге жатпайтын халық арқылы қызғаныштарыңды оятамын, ақылсыз халық арқылы қатты ашуландырамын”. 20 Ишая болса батылдықпен былай деді: “Іздемегендер мені тапты. Мен туралы сұрамағандарға өзімді таныттым”. 21 Ал Исраил жөнінде ол: “Мен тілазар, қасарысқан халықты күні бойы қол созып шақырумен болдым”,— деді.