Қорынттықтарға 1-хат
9 Мен қалағанымды істеуге ерікті емеспін бе? Елші емеспін бе? Иеміз Исаны көрдім емес пе? Сендер Иеміздің жолындағы қызметімнің жемісі емессіңдер ме? 2 Мен басқалар үшін елші болмасам да, сендер үшін елшімін. Себебі сендер менің Иеміздің елшісі екенімді растайтын мөр іспеттісіңдер.
3 Мені айыптайтындарға өзімді қорғап, мынаны айтамын: 4 біздің ішіп-жеуге қақымыз жоқ па? 5 Басқа елшілер, Иеміздің бауырлары не Кефа сияқты, сенуші әйелімізді ертіп жүруге қақылы емеспіз бе? 6 Жоқ әлде жұмыс істемеуге Барнаба екеуміздің ғана қақымыз жоқ па? 7 Қай сарбаз өз есебінен қызмет етеді? Қай бағбан жүзімдік егіп, жемісін жемейді? Қай малшы мал бағып, сүтін ішпейді?
8 Бұларды адами тұрғыдан айтып тұрған жоқпын. Мұса заңында да осылай делінген емес пе? 9 Онда: “Астық бастырып жүрген өгізге тұмылдырық кигізбе!”— деп жазылған. Мұнда Құдай өгіздің қамын ойлап тұр ма? 10 Әлде біздің игілігімізді ме? Әрине, бұл біздің игілігіміз үшін жазылған, өйткені жер жыртушы да, астық бастырушы да өз үлесін аламын деп үміттенеді.
11 Араларыңда рухани нәрселер сеуіп, ал есесіне тәнімізге қажеттіні орсақ, көптік бола ма? 12 Басқалардың бұған қақысы болса, біз одан бетер қақылы емеспіз бе? Десе де бұл қақымызды пайдаланған емеспіз, қайта, Мәсіх туралы ізгі хабардың таралуына ештеңе кедергі болмау үшін, бәріне де төзудеміз. 13 Қасиетті қызмет атқарып жүргендердің ғибадатханадағы тамақты жейтінін, ал құрбандық үстелінің басында өз міндеттерін атқарып жүргендердің одан өз үлесін алатынын білмеуші ме едіңдер? 14 Сол сияқты, Иеміз де ізгі хабарды жариялап жүргендерге ізгі хабар арқылы күн көруді бұйырған.
15 Бірақ мен осындай мүмкіндіктердің ешқайсысын пайдаланған емеспін. Мұны жазуыммен енді соны пайдаланайын деп отырған жоқпын. Біреудің мені мақтануға деген себебімнен айыруына жол бергенше, өлгенім артық! 16 Ізгі хабарды жариялап жүрсем, мақтануыма еш себеп жоқ, өйткені бұл — менің міндетім. Ал ізгі хабарды жарияламасам, қасіретке қалар едім! 17 Мұны өз еркіммен істесем — сыйға ие болғаным. Өз еркіме қарсы істесем де, ол бәрібір жүктелген міндетім болып қала береді. 18 Олай болса, қандай сый алмақпын? Сыйым — ізгі хабарға қатысты билігімді теріс қолданудан аулақ болу үшін оны тегін жариялап жүргенім.
19 Мен ешкімнің алдында борышты емеспін, сөйтсе де, мүмкіндігінше, көп адамды Мәсіх жолына әкелу үшін, барша адамға құл болдым. 20 Осылайша яһудилерді әкелу үшін, яһуди іспетті, Мұса заңын ұстанатындарды әкелу үшін, өзім сол заңды ұстанбасам да, оны ұстанатындар іспетті болдым. 21 Өзім Құдай заңын ұстанатын әрі Мәсіх заңына бағынышты болсам да, Мұса заңын ұстанбайтындарды әкелу үшін, солар іспетті болдым. 22 Әлсіздерді әкелу үшін, әлсіз болдым. Әртүрлі адамдар арасынан, ең болмаса, кейбіреуін құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін істедім. 23 Мен барлығын ізгі хабар үшін әрі оны өзгелерге жариялау үшін істеп жүрмін.
24 Жарысқа түскен жүйріктердің бәрі жүгіргенмен, біреуі ғана жүлдеге ие болатынын білмейсіңдер ме? Ендеше соны жеңіп алатындай болып жүгіріңдер. 25 Әрбір жарыскер барлық жағынан ұстамдылық танытады. Әрине, олар мұны құрып жоқ болатын тәж алу үшін, ал біз еш құрымайтын тәж алу үшін істейміз. 26 Сондықтан мен мақсатсыз жүгіріп келе жатқан жоқпын. Жұдырықтағанда, ауаны жұдырықтап жатқан жоқпын. 27 Бірақ басқаларға уағыз айтып жүріп, өзім Құдайдың ықыласынан айырылып қалмауым үшін, денемді ұрғылап, өзіме құл іспетті бағындырудамын.