Ефестіктерге
Ефестіктерге арналған хат
1 Құдайдың еркі бойынша Мәсіх Исаның елшісі болған Пауылдан Мәсіх Исаның Ефестегі қасиетті де адал шәкірттеріне:
2 Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын!
3 Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол Мәсіхпен байланыстағы біздерге киелі рухы арқылы көкте әр алуан баталар берді. 4 Сондай-ақ бізді өзінің алдында қасиетті де таза болуымыз және сүйіспеншілік көрсетуіміз үшін, дүниенің негізі қаланғаннан* бұрын таңдап алды. 5 Ол өз қалауы мен еркіне сай, Иса Мәсіх арқылы бізді өзінің балалары етуге* алдын ала белгіледі. 6 Бұны сүйікті Ұлы арқылы бізге көрсеткен рақымы мадақталу үшін істеді. 7 Құдайдың зор рақымының арқасында Ұлының қанымен төленген құн арқылы азат етілуімізге, яғни күнәларымыздың кешірілуіне жол ашылды.
8 Құдай бізге рақымын молынан жаудырып, зор даналық пен түсінік берді 9 және өзінің еркіне қатысты қасиетті құпияны ашты. Бұл құпияны Құдай өз қалауына сай жүзеге асыруды ниет етті. 10 Оның ниеті — белгілеген уақыты аяқталғанда, істерді басқару, яғни көк пен жердегілердің бәрін қайтадан Мәсіхтің қол астына жинау. Иә, ол бәрін соның қол астына жинайды. 11 Барлығын өз еркіне сай жүзеге асыратын Құдай өз ниеті бойынша бізді алдын ала таңдап алғандықтан, Мәсіхпен бірліктегі біздер де мұрагер болып тағайындалдық. 12 Мәсіхке бірінші болып үміт артқан біздер арқылы Құдай мадақталып, даңқталу үшін осылай болды. 13 Шындық сөзін, яғни құтқарылатындарың туралы ізгі хабарды, естігеннен кейін, сендер де оған үміт арттыңдар. Оған сенген соң, уәде етілген киелі рухпен Мәсіх арқылы сендерге де мөр басылды. 14 Киелі рух — мұраны алатынымыздың кепілі. Ал мөр басылуының мақсаты — Құдай мадақталу үшін меншікті халқының төлем арқылы азат етілуі.
15 Сондықтан Иеміз Исаға деген сенімдерің туралы және барлық қасиеттілермен қатынастарыңда оны қалай көрсетіп жатқандарың жайлы естігенде, мен де 16 сендер үшін Құдайға әрдайым ризашылық білдіремін. Дұға еткен сайын сендерді еске алып, 17 Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайы әрі даңқты Әкеміз сендерге даналық рухын берсе екен және өзі ашып отырған тура білімді түсінсеңдер екен деп, 18 сондай-ақ көкірек* көздеріңді ашқан ол сендерді қандай үмітке шақырғанын, қасиеттілерге мұра ретінде қандай зор байлық беретінін 19 және оның құдіретті күшінің біздерге, сенушілерге, қалай әсер ететінін білсеңдер екен деп сұраймын. Бұл күштің қаншалықты зор екені Құдайдың өз құдіретін қалай қолданғанынан көрінеді. 20 Ол осы күшті қолданып, Мәсіхті өлімнен қайта тірілтті және көкте өзінің оң жағына отырғызды. 21 Сондықтан ол қазіргі ғана емес, сондай-ақ келешек замандағы күллі үкімет пен биліктен, күштен, билеушілерден және күллі есім атаулыдан әлдеқайда жоғары. 22 Құдай бәрін Мәсіхтің аяғының астына салып, оған бағындырды, әрі қауымның игілігі үшін бәрінің басы етіп қойды. 23 Қауым — Мәсіхтің денесі. Бәрін барлық жағынан толтыратын Мәсіх қауымды да толтырады.