Аян
13 Айдаһар теңіз жағасындағы құмда тұрды.
Сонда мен теңізден шығып келе жатқан он мүйізді, жеті басты жыртқыш аңды көрдім. Оның мүйіздерінде он тәж, ал бастарында Құдайды қорлайтын есімдер бар екен. 2 Мен көрген жыртқыш аң қабыланға ұқсайтын, бірақ аяқтары аюдікіндей, аузы арыстанның аранындай еді. Айдаһар оған күш, тақ және зор билік берді.
3 Маған жыртқыш аңның бір басы өлімші болып жараланғандай көрінді, бірақ ауыр жарақаты жазылып кетті. Сонда бүкіл жер беті қайран қалып, оның соңынан ерді. 4 Айдаһар оған билік бергендіктен, олар жыртқыш аңға бас ұрып: “Жыртқыш аңға тең келер кім бар? Онымен кім шайқаса алады?”— деді. 5 Оған тәкаппарлана сөйлейтін және Құдайды қорлайтын ауыз, сондай-ақ қырық екі ай әрекет етуге билік берілді. 6 Ол Құдайды, оның есімі мен тұрағын және көкте мекендейтіндерді қорлау үшін аузын ашты. 7 Оған қасиеттілермен соғысып, жеңіп шығуға жол берілді. Сондай-ақ ол әрбір ру, халық, тіл және ұлттың үстінен билік алды. 8 Жер бетінің тұрғындары түгелдей оған ғибадат ететін болады. Дүниенің негізі қаланғаннан* бері олардың ешқайсысының есімі құрбандыққа шалынған Тоқтының өмір шиыршығына жазылмаған.
9 Құлағы барлар тыңдап алсын. 10 Кім тұтқындалу керек болса, тұтқындалады. Кім семсерден өлу керек болса, семсерден өледі. Мұнда қасиеттілерге табандылық пен сенім қажет.
11 Сосын, мен жерден шығып келе жатқан басқа бір жыртқыш аңды көрдім. Оның тоқтынікі сияқты қос мүйізі бар екен, бірақ ол айдаһарша сөйлей бастады. 12 Ол алғашқы жыртқыш аңның алдында тұрып, оның бүкіл билігін жүргізеді және жер мен оның тұрғындарын өлімші жарақатынан жазылған алғашқы аңға ғибадат еткізеді. 13 Ол зор кереметтер жасайды, тіпті адамдардың көз алдында аспаннан жерге от түсіреді.
14 Жыртқыш аңның алдында тұрып жасауға жол берілген кереметтер арқылы ол жер бетінің тұрғындарын адастырады және оларға өлімші жарақат алып, бірақ аман қалған аңның мүсінін жасауды айтады. 15 Жыртқыш аңның мүсіні сөйлей алуы және өзіне ғибадат етуден бас тартқандардың бәрінің өлуіне түрткі бола алуы үшін, оған осы мүсінге өмір лебін беру рұқсат етілді.
16 Ол барлық адамдарды — ұлықтар мен кішіктерді, байлар мен кедейлерді, еріктілер мен құлдарды — оң қолына не маңдайларына таңба салдыруға мәжбүрлейді. 17 Мұны аңның есімі не есімінің саны таңба ретінде салынғандардан басқа ешкім ештеңе сатып ала да, сата да алмауы үшін істейді. 18 Мұнда даналық қажет: түсінігі бар адам жыртқыш аңның санын есептеп шығарсын. Себебі бұл — адами сан. Оның саны 666.