Елшілердің істері
12 Сол уақыттары Ирод* патша қауымның кейбір мүшелеріне зорлық-зомбылық көрсете бастады+. 2 Ол Жоханның ағасы Жақыпты+ семсермен шауып өлтіртті+. 3 Мұнысы яһудилерге ұнағанын байқаған ол Петірді де тұтқындады. (Бұл Ашымаған нан мейрамы* күндері еді+.) 4 Петірді ұстап алған соң, Ирод оны түрмеге қаматты+ да, әрбірі төрт сарбаздан тұратын төрт топқа кезекпен күзеттіріп қойды. Сөйтіп, оны Құтқарылу мейрамынан* кейін соттау үшін халық алдына шығармақ болды. 5 Петір түрмеде жатқанда, қауым ол үшін Құдайға жан-тәнімен дұға етумен болды+.
6 Ирод Петірді халық алдына шығарар алдындағы түні ол екі сарбаздың ортасында екі шынжырмен бұғаулы күйде ұйықтап жатқан еді. Түрме аузында да сақшылар тұрды. 7 Бір кезде Ехобаның періштесі пайда болып+, қапастың іші жарқырап кетті. Ол Петірді бүйірінен түртіп оятып: “Тезірек тұр!”— деді. Сонда оның қолындағы шынжырлары сыпырылып түсті+. 8 Періште оған: “Киініп, сандалыңды байла”,— деді. Петір айтқанын істегеннен кейін, періште: “Жамылғыңды киіп, маған ер”,— деді. 9 Петір қапастан шығып, оған ілесті. Бірақ періштенің істегені өңінде болып жатқанын білмеді, ол аян көріп тұрмын деп ойлаған еді. 10 Екеуі бірінші күзеттен, сосын екіншісінен өтіп, қалаға шығатын темір қақпаға жақындағанда, қақпа өздігінен ашылып кетті. Екеуі сыртқа шығып, бір көшемен жүріп бара жатқанда, кенеттен періште оны қалдырып кетті. 11 Петір есін жиып: “Ехоба өз періштесін жіберіп, мені Иродтың қолынан және яһудилер күткен барлық нәрседен құтқарғанын+ енді шынымен түсіндім”,— деді.
12 Петір осыны түсінген соң, Жоханның (оны Марқа+ деп те атайтын) анасы Мәриямның үйіне барды. Сол жерде біраз бауырлас жиналып, дұға етіп жатқан еді. 13 Петір қақпаны ұрғанда, Рода есімді қызметші қыз шықты. 14 Рода оның даусын танып, қуанғаннан қақпаны ашпай үйге жүгіріп кірді де, Петірдің келіп тұрғанын хабарлады. 15 Үйдегілер болса: “Есіңнен адасқан шығарсың”,— деді. Бірақ ол мұның рас екенін айтып тұрып алды. Сонда олар: “Ендеше, бұл — оның періштесі”,— десті. 16 Ал Петір қақпаны ұрып тұра берді. Олар қақпаны ашты да, Петірді көріп қатты таңғалды. 17 Ол болса қолымен белгі беріп, бауырластарды тыныштандырған соң, Ехобаның түрмеден өзін қалай алып шыққанын егжей-тегжейлі баяндап берді. Кейін: “Бұл жайтты Жақыпқа+ және өзге бауырластарға жеткізіңдер”,— деді де, басқа жаққа жол тартты.
18 Таң ата сарбаздар Петірдің қайда кеткенін білмей, қатты дүрбелеңге түсті. 19 Ирод оны қанша іздестірсе де, таппай қойды. Содан сақшыларды тергеді де, оларды алып кетіп, жазалауды бұйырды+. Сосын Ирод Яһудеядан Кесарияға барып, сонда біраз уақыт аялдады.
20 Ирод Тир мен Сидон тұрғындарына ашулы еді. Сондықтан олар өзара келісіп, Иродқа келді. Сөйтіп, оның үй ішіне қарайтын Бласты өздеріне көмектесуге көндірген соң, олар патшадан татуласуды өтінді, өйткені елдері патшаның елінен азық-түлік алып тұратын. 21 Белгіленген күні Ирод үстіне патша киімін киіп, төрелік орнына отырып, халыққа арнап сөз сөйледі. 22 Сонда жиналған жұрт: “Бұл — адамның емес, құдайдың даусы!”— деп айқайлай бастады. 23 Құдайға тиесілі мадақты қабыл алғаны үшін Ехобаның періштесі оны сол сәтте-ақ ауруға шалдықтырды: ол құрттарға жем болып өлді.
24 Ал Ехобаның сөзі одан әрі тарап, сенушілердің саны көбейе берді+.
25 Иерусалимдегі жәрдеммен байланысты істерін аяқтаған соң+, Барнаба+ мен Саул Марқа деп те аталатын Жоханды ертіп+, кейін қайтты.