Елшілердің істері
23 Пауыл Жоғарғы кеңес мүшелеріне тіке қарап: “Ағайындар, мен осы күнге дейін Құдай алдында кіршіксіз таза ар-ұжданмен+ өмір сүріп келдім”,— деді. 2 Сонда бас діни қызметкер Анани Пауылдың жанында тұрғандарға оның аузынан ұрып жіберуді бұйырды. 3 Пауыл оған: “Әктелген қабырға, сені Құдай ұрады. Мені Мұса Заңы бойынша соттау үшін келіп отырсың, ал енді сол Заңды өзің бұзып, мені ұрғызғаның қалай?”— деді. 4 Қасында тұрғандар: “Құдайдың бас діни қызметкеріне тіл тигізгенің не?”— деді. 5 Сонда Пауыл: “Ағайындар, оның бас діни қызметкер екенін білмедім. Киелі жазбада “халқыңның басшысына тіл тигізбе+” делінген ғой”,— деді.
6 Жиналғандардың жартысы саддукейлер, жартысы парызшылдар екенін байқаған ол даусын көтеріп: “Ағайындар, мен парызшылмын+, парызшылдардың ұрпағынанмын. Мен өлгендердің қайта тірілетініне сенгенім үшін сотталып жатырмын”,— деді. 7 Осы сөздерден кейін парызшылдар мен саддукейлердің арасында талас туып, жиналғандар екіге бөлініп кетті. 8 Өйткені саддукейлер қайта тірілу де, періштелер де, рухани жаратылыстар да жоқ десе, парызшылдар, керісінше, бұлардың барлығына сенетін+. 9 Жиналыс айқай-шуға ұласты. Парызшылдардың арасынан шыққан кейбір дін мұғалімдері орындарынан тұрып, қызу айтыса кетті де: “Біз бұл адамнан еш кінә таппадық. Ал оған рухани жаратылыс не періште сөйлеген болса+, онда...”— десті. 10 Талас-тартыс күшейіп кеткенде, бұлар Пауылды паршалап тастар деп ойлаған мыңбасы сарбаздарына төмен түсіп, оны араларынан алып шығып, жатақханаға әкетуді бұйырды.
11 Сол күні түнде Иеміз Пауылдың жанына келіп: “Батыл бол+! Иерусалимде мен туралы түбегейлі куәлік еткеніңдей, Римде де куәлік етуге тиіссің+”,— деді.
12 Ертесіне яһудилер Пауылға қарсы сөз байласып, оны өлтіргенше нәр татсақ, бізді қарғыс атсын деп ант берісті. 13 Мұндай антты 40-тан аса адам берді. 14 Олар жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдарға барып, былай деді: “Пауылды өлтіргенше нәр татсақ, бізді қарғыс атсын деп ант бердік. 15 Сондықтан сіздер Жоғарғы кеңес мүшелерімен бірге мыңбасына барыңыздар. Пауылдың ісін толығырақ қарастырайын деп жатқандай болып, оны өздеріңізге әкелу керектігін айтыңыздар. Ал біз жолда оның көзін құртуға дайын тұрамыз”.
16 Алайда Пауылдың жиені олардың зымиян жоспарын біліп қойып, сарбаздардың жатақханасына барды да, мұны Пауылға жеткізді. 17 Сонда Пауыл жүзбасылардың бірін шақырып алып: “Мына жас жігітті мыңбасына алып барыңызшы, оның айтар сөзі бар”,— деді. 18 Ол жас жігітті мыңбасына ертіп апарып: “Әлгі тұтқын Пауыл мені шақырып, мына жігітті сізге алып баруымды өтінді. Оның сізге айтар хабары бар екен”,— деді. 19 Мыңбасы оны қолынан ұстап, оңаша шығарып алды да: “Маған не айтайын деп едің?”— деп сұрады. 20 Ол былай деді: “Яһудилер өзара келісіп, Пауылдың ісін толығырақ қарастыратындай болып, оны ертең Жоғарғы кеңеске алып келуіңізді сұрамақ+. 21 Бірақ оларға сенбеңіз, Пауылды өлтіргенше еш нәр татпаймыз деп ант берген 40-тан аса адам+ оған тасадан тап беруге дайын тұр. Қазір олар сіздің рұқсатыңызды күтіп отыр”. 22 Мыңбасы: “Бұны маған айтқаның жайлы ешкімге тіс жарма”,— деп бұйырып, оны қайтарып жіберді.
23 Содан мыңбасы өзіне екі жүзбасын шақырып алып: “Түннің үшінші сағатында* 200 жаяу, 70 атты жасақ және 200 найзашыны тікелей Кесарияға баруға дайындаңдар. 24 Әмірші Феликске аман-есен жеткізу үшін Пауылға да аттар дайындаңдар”,— деп бұйырды. 25 Сондай-ақ мына мазмұнда хат жазды:
26 “Клауди Лисийден жоғары мәртебелі әмірші Феликске. Сізге амандық тілеймін! 27 Мына кісіні яһудилер ұстап алып, өлтіргелі жатқанда, дереу сарбаздарыммен барып, құтқарып алдым+, өйткені ол Рим азаматы екен+. 28 Оған қандай айып таққандарын білу үшін Жоғарғы кеңестеріне алып барып+, 29 өз Заңдарына байланысты мәселелер бойынша айып тағылғанын+ және өлімге кесетіндей не бұғау салатындай еш себеп жоқ екенін анықтадым. 30 Маған осы кісіге қарсы зымиян жоспар құрылғаны жайлы хабар жетті+, сондықтан оны бірден сізге жіберіп отырмын. Ал оның айыптаушыларына сіздің алдыңызда сөйлесін деп бұйырдым”.
31 Сарбаздар өздеріне берілген бұйрық бойынша, Пауылды түн ішінде Антипатриға алып келді+. 32 Келесі күні оны атты жасақпен жөнелтті де, өздері жатақханаларына оралды. 33 Атты жасақ Кесарияға келіп, әкелген хатты және Пауылды әміршіге табыстады. 34 Әмірші хатты оқып, Пауылдың қай аймақтан екенін сұрады. Киликиядан+ екенін білгенде: 35 “Ісіңді айыптаушыларың келгенде+ мұқият тыңдаймын”,— деді де, оны Иродтың сарайында қамауда ұстауды бұйырды.