Мұсаның 2-жазбасы
25 Ехоба Мұсаға мынаны айтты: 2 “Исраил халқына маған сый-тарту әкелсін деп айт. Жүрегі талпындырған әрбір адамның маған арнап әкелген сый-тартуын қабыл алыңдар+. 3 Олар мыналарды алып келсін: алтын+, күміс+, мыс+, 4 көк және ал қызыл жіп, иірілген күлгін жүн, сапалы зығыр жіп, ешкінің түбіті, 5 қызыл түске боялған қой терісі, итбалық терісі, қараған ағашы+, 6 шам майы+, сондай-ақ майлау рәсіміне* арналған май+ мен хош иісті заттарға қосылатын бальзам+, 7 ефод*+ пен төсқалтаға*+ тағылатын оникс және басқа да асыл тастар. 8 Олар маған арнап киелі шатыр жасасын, мен олардың арасында мекендейтін боламын+. 9 Киелі шатыр мен оның бұйымдарын дәл мен көрсеткен үлгіге сай жасаңдар*+.
10 Қараған ағашынан сандық жасат. Оның ұзындығы екі жарым шынтақ*, ал ені мен биіктігі бір жарым шынтақ болсын+. 11 Іші-сыртын саф алтынмен қапта+, жоғарғы жиегін айналдыра алтынмен әшекейле+. 12 Сандыққа арнап алтыннан төрт сақина құй. Оларды сандықтың төрт аяғының жоғарғы жағына — екеуін оң жақ бүйіріне, екеуін сол жақ бүйіріне — бекіт. 13 Қараған ағашынан сырықтар жасап, оларды алтынмен қапта+. 14 Сандықты көтеріп алып жүру үшін, осы сырықтарды оның екі бүйіріндегі сақиналардан өткізіп қой. 15 Оларды алып тастама, әрдайым сақиналарға кигізулі тұрсын+. 16 Сандыққа мен беретін куәлік тақташаларын салып қой+.
17 Сандықтың қақпағын да саф алтыннан жаса. Оның ұзындығы екі жарым шынтақ, ені бір жарым шынтақ болсын+. 18 Алтыннан соғып екі керубтің* мүсінін жаса да, оларды қақпақтың екі жағына+ — 19 біреуін бір шетіне, екіншісін екінші шетіне — орнат. Осылай қақпақтың үстіне керубтер орнатылсын. 20 Олардың қанаттары жоғары көтеріліп, қақпақты көлегейлеп тұрсын+. Екеуі қарама-қарсы орнатылып, жүздері қақпаққа қаратылсын. 21 Қақпақпен сандықтың аузын жап+, ал ішіне мен беретін куәлік тақташаларын салып қой. 22 Мен саған сол жерден көрініп, қақпақтың үстінен сөйлеймін+. Исраилдіктерге беретін бұйрығымның бәрін саған осы куәлік сандығының үстіндегі екі керубтің арасынан айтамын.
23 Қараған ағашынан үстел жаса+. Оның ұзындығы екі шынтақ, ені бір шынтақ, биіктігі бір жарым шынтақ болсын+. 24 Оны саф алтынмен қаптап, жиегін алтынмен айналдыра өрнекте. 25 Оның астына айналдыра ені төрт елі* болатын жақтау істеп, оның да төменгі жиегін алтынмен өрнекте. 26 Төрт алтын сақина жасап, оларды үстелдің аяқтары орнатылған төрт бұрышына, 27 үстел жақтауына жақынырақ жерге бекіту керек. Сақиналардан үстелді көтеріп жүретін сырықтар өткізіледі. 28 Сырықтарды қараған ағашынан жасап, алтынмен қапта. Үстелді солармен көтеріп жүру қажет.
29 Сондай-ақ үстелге арналған жайпақ табақтар, тостағандар, сұйық тартулар құятын керсендер мен құмыралар жаса. Олар да саф алтыннан істелсін+. 30 Менің алдыма әкелінген нан тартуы әрдайым үстел үстінде тұратын болсын+.
31 Саф алтыннан соғып, шамдал жаса+. Оның тұғыры мен діңгегі болсын, ал діңгегінен сабақтар шықсын. Әр сабақ тостаған жапырақшалардан, түйіндер мен гүлдерден құралсын+. 32 Діңгектен сабақ тарап, үшеуі бір жағына, үшеуі екінші жағына шығып тұрсын. 33 Діңгектің бір жағындағы әр сабақта бадам гүліне ұқсас үш тостаған жапырақша болсын, олар түйіндермен және гүлдермен кезектесіп орналассын. Екінші жағындағы сабақтары да дәл солай болсын. Шамдалдың діңгегінен шыққан алты сабақтың бәрі осылай жасалу керек. 34 Ал діңгектің өзінде бадам гүліне ұқсас төрт тостаған жапырақша болсын, олар да түйіндермен және гүлдермен кезектесіп орналассын. 35 Діңгектен екі жаққа шығып тұрған бірінші қатардағы сабақтардың түйіскен жерінің астына түйін жасалсын, екінші және үшінші қатардағы сабақтардың да түйіскен жерінің астына түйін істелсін. Осылай алты сабақтың түбінде түйін болсын. 36 Түйіндері мен сабақтарын қоса алғанда, бүкіл шамдал тұтас саф алтыннан соғылып жасалу керек+. 37 Оған қоятын жеті шам жаса. Бұл шамдар жанғанда, жарығы шамдалдың алдыңғы жағына түсіп тұратындай болсын+. 38 Оның қысқаштары мен күлалғыш қалақтары саф алтыннан жасалсын+. 39 Шамдал мен оның барлық құрал-жабдықтары үшін бір талант* саф алтын жұмсалсын. 40 Бұлардың бәрін тауда көрсетілген үлгіге сай жасайтын бол+.