Шежірелер 2-жазба
26 Сонда бүкіл Яһуда халқы 16 жасар Ұзияхты*+ алып, әкесі Амазияхтың орнына патша етіп қойды+. 2 Патша* ата-бабаларына қосылған соң, Ұзиях Елатты+ қайта соғып, Яһудаға қайта қосып алды+. 3 Ол+ 16 жасында патша болып, Иерусалимде 52 жыл билік етті. Оның анасы иерусалимдік Ехолия еді+. 4 Ол әкесі Амазиях сияқты, Ехобаның алдында ұнамды істер істеп жүрді+. 5 Өзіне шынайы Құдайдан қорқуды үйреткен Зәкәрияның көзі тірісінде Ұзиях талмастан Құдайды іздеді. Ехобаны іздеген кезінің бәрінде шынайы Құдай оны жарылқап отырды+.
6 Ұзиях філістірлермен+ соғысып, Ғат+, Ябнех+, Азот+ қалаларының қабырғасын бұзып кіріп, оларды жаулап алды. Бұдан кейін Азот аймағы мен філістірлер жерінде қалалар салды. 7 Патша філістірлермен, Ғұрбағалда тұратын арабтармен+ және меунимдермен соғысқанда, шынайы Құдай оған жеңіске жетуге көмектесіп отырды. 8 Аммондықтар+ болса оған алым төлеп тұрды. Ұзияхтың күшейіп алғаны сонша — атағы Мысырға дейін жайылды. 9 Сонымен қатар ол Иерусалимдегі Бұрыш қақпасы+ мен Аңғар қақпасының+ және Тіректің жанына мұнаралар соғып+, оларды бекітті. 10 Малы көп болғандықтан ол шөлді жерлерде де мұнаралар соқты+, су қоймаларын да көптеп қазды*. Шефела мен жазық жерлерде де солай етті. Патша ауыл шаруашылығын жақсы көретін, сондықтан таулы өңірлер мен Кармилде оның егіншілері мен жүзімшілері болды.
11 Бұған қоса, Ұзияхтың жасақтарға бөлініп, жорықтарға баратын қарулы әскері болды. Оларды санап, тізімге тіркеу жұмысын+ патшаның қызметкерлерінің бірі Хананияхтың басшылығымен хатшы Жейел+ және Мағасеях басшы атқарды. 12 Сол мықты сарбаздардың үстінен қарайтын әулетбасылардың жалпы саны 2600 еді. 13 Олардың қол астында соғысқа дайын 307 500 сарбаз болды. Бұл патшаның жауға қарсы соғысатын пәрменді әскері еді+. 14 Ұзиях бүкіл әскерін қалқан, найза+, дулыға, сауыт+, садақ және сақпанмен ататын тастармен+ жабдықтады. 15 Сонымен қатар оның шеберлері жебелер мен дәу тастар атқылайтын соғыс құрылғыларын жасады. Патша оларды Иерусалимдегі мұнаралар+ мен қала дуалының бұрыштарына орнатты. Осылай Құдай қолдау көрсетіп отырғанының арқасында ол күшейіп, атағы жер жарды.
16 Бірақ әбден күшейіп алған соң, Ұзиях өз сорына тәкаппарланып кетті. Ол Құдайы Ехобаға қарсы опасыздық жасап, Ехобаның ғибадатханасына кіріп, құрбандық үстелінде хош иісті зат түтетпек болды+. 17 Сонда діни қызметкер Азариях және Ехобаның басқа да батыл 80 діни қызметкері бірден оның артынан кірді. 18 Олар Ұзиях патшаға қарсы шығып, былай деді: “Ұзиях, сенің Ехобаға хош иісті зат түтеткенің дұрыс болмайды+. Мұны тек діни қызметкерлер істеу керек. Себебі олар осы қасиетті қызметке тағайындалған Харонның ұрпақтары+. Қасиетті бөлмеден шық! Бұның опасыздық болады. Мұндай қылығың үшін Ехоба Құдай сені даңққа бөлей қоймас”.
19 Бірақ қолында хош иісті зат түтететін ыдыс ұстап тұрған Ұзиях ашу шақырды+. Діни қызметкерлерге ашуланғанда, олардың көз алдында патшаның маңдайына алапес+ дағы түсті. Бұл жағдай олар Ехобаның үйіндегі хош иісті зат түтететін үстелдің қасында тұрғанда болды. 20 Жоғарғы діни қызметкер Азариях пен басқа да діни қызметкерлер патшаға қарағанда, оның маңдайында алапес дағының пайда болғанын көрді. Сондықтан оны тезірек шығарып жіберуге тырысты. Патшаның өзі де Ехобаның жазасына ұшырағанын түсініп, сыртқа шығуға асықты.
21 Осылай ол өмірінің соңына дейін алапес ауруынан айықпай, бөлек үйде тұрды+, өйткені ол Ехобаның үйінен аластатылған еді. Ал бұл уақытта ұлы Жотам сарайдағы істерді басқарып, халыққа төрелік етті+.
22 Ұзияхтың басқа да істерін Амос ұлы Ишая+ пайғамбар бастан-аяқ баяндады. 23 Ақырында Ұзиях ата-бабаларына қосылды да, сүйегі ата-бабаларымен бірге қойылды. Бірақ жұрт: “Ол алапеспен ауырған ғой”,— десіп, оның мәйітін патшалардың қабірінің сыртына көмді. Ал орнына ұлы Жотам+ таққа отырды.