Мұсаның 2-жазбасы
8 Ехоба Мұсаға былай деп тіл қатты: “Перғауынға барып, мынаны айт: —Ехоба былай дейді: “Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер+. 2 Егер бұдан бас тартсаң, бақа жіберіп, бүкіл өлкеңе залал келтіремін+. 3 Бақа Ніл өзенін қаптайды да, судан шығып, үйіңе, ұйықтайтын бөлмеңе, төсегіңнің ішіне, қызметшілеріңнің үйіне, тандырларың мен қамыр илейтін ыдыстарыңның ішіне кіреді, адамдардың үстіне шығады+. 4 Бақалар өзіңнің де, халқың мен қызметшілеріңнің де үстінде секіріп жүреді”.
5 Кейінірек Ехоба Мұсаға былай деді: “Харонға: —Таяғыңды алып, қолыңды өзендерге, Нілден тартылған арықтарға, қамысты тоғандарға қарай созып, Мысыр еліне бақа қаптат,— деп айт”. 6 Харон Мысырдың суларына қарай қолын созғанда, одан бақалар шығып, Мысыр жерін жайлады. 7 Сиқыршылықпен айналысатын абыздар да сиқырлықпен осылай істеп, Мысыр жеріне бақалар шығарды+. 8 Содан перғауын Мұса мен Харонды шақыртып: “Исраил халқын Ехобаға құрбандық шалуға жіберемін. Сондықтан мені және халқымды бақалардан арылтсын деп Ехобадан өтініңдер+”,— деді. 9 Бұған Мұса: “Бақалар үйлеріңізден құрып, тек Ніл өзенінде ғана қалсын деп, сіз үшін және қызметшілеріңіз бен халқыңыз үшін Құдайдан қашан өтінейін, өзіңіз айтыңыз”,— деді. 10 Перғауын: “Ертең”,— деп жауап берді. Сонда Мұса: “Ехоба Құдайымызға тең келер ешкім жоқ екенін білуіңіз үшін+, сіз айтқандай болады. 11 Үйлеріңізден бақалар құрып, өзіңіз де, қызметшілеріңіз бен халқыңыз да бақалардан құтыласыздар. Бақа тек Ніл өзенінде қалады+”,— деп айтты.
12 Мұса мен Харон перғауынның алдынан кеткен соң, Мұса Ехобаға сиынып, перғауынды бақалардан құтқаруын өтінді+. 13 Ехоба оның өтінішін орындап, үйлердегі, аула мен даладағы бақаларды түгел қырып тастады. 14 Жұрт оларды жинап, төбе-төбе етіп үйді. Олардың сасыған иісі бүкіл елді алып кетті. 15 Перғауын бақалардан құтылғанын көргенде, Ехоба айтқандай, жүрегін қасарыстырып+, оларды тыңдаудан бас тартты.
16 Ехоба Мұсаға: “Харонға мынаны айт: —Таяғыңды сілтеп, жердің топырағын ұр. Сонда ол шіркейге айналып, бүкіл Мысыр жерін басады”,— деді. 17 Олар солай істеді. Харон қолындағы таяғын сілтеп, жердің топырағын ұрғанда, бүкіл Мысырдың топырағы шіркейге айналып+, адамдар мен жан-жануарларды талай бастады. 18 Сиқыршылықпен айналысатын абыздар да сиқырлық жасап, шіркейлер шығармақ болды+, бірақ бұл қолдарынан келмеді. Шіркейлер адамдарды да, жануарларды да талап мазасын алды. 19 Сонда сиқыршылықпен айналысатын абыздар перғауынға: “Бұл — Құдайдың құдіретімен жасалған іс*+!”— деді. Бірақ перғауын, Ехоба айтқандай, әрі қарай да жүрегін қасарыстырып, оларды тыңдамады.
20 Сосын Ехоба Мұсаға былай деді: “Таңертең ерте тұр да, өзенге бара жатқан перғауынның жолын тос. Сөйтіп, оған мынаны жеткіз: —Ехоба былай дейді: “Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер. 21 Егер жібермесең, үйлеріңе, сондай-ақ өзіңнің, қызметшілерің мен халқыңның үстіне сона үймелетемін. Мысырлықтардың үйлері мен тұрып жатқан жерлері сонаға толмақ. 22 Сол күні өз халқым мекендейтін Гөшен жеріне қатысты басқаша әрекет етемін. Онда ешқандай сона болмайды+. Осылайша менің, Ехобаның, осы елде екенімді білетін боласыңдар+. 23 Мен өз халқым мен сенің халқыңның арасын ажыратып қоямын. Бұл жайт* ертең орын алады”.
24 Ехоба өзі айтқандай істеді. Перғауын мен оның қызметшілерінің үйлерін, бүкіл Мысыр жерін сона қаптап кетті+. Күллі ел сонадан қатты зардап шекті+. 25 Ақырында, перғауын Мұса мен Харонды шақыртып: “Барыңдар да, Құдайларыңа осы елде құрбандық шалыңдар”,— деді. 26 Бірақ Мұса: “Бұнымыз дұрыс болмас, өйткені Ехоба Құдайымызға ұсынатын құрбандығымыз мысырлықтар үшін жиіркенішті+. Мысырлықтар жиіркенетін нәрсені көз алдарында құрбандыққа шалсақ, олар бізді таспен атқыламай ма?! 27 Біз шөл далаға үш күнге барып*, Ехоба Құдайымыз айтқандай, оған құрбандықты сол жерде шаламыз+”,— деп жауап берді.
28 Сонда перғауын: “Мен сендерді Құдайларың Ехобаға құрбандық шалу үшін шөл далаға жіберейін. Алайда тым алысқа кетпеңдер. Сондай-ақ мен үшін Құдайға өтініш айтыңдар+”,— деді. 29 Мұса оған: “Алдыңыздан кеткен соң, Ехобаға өтініш айтамын. Ертең-ақ соналар перғауынның, оның қызметшілері мен халқының үйлерінен құрып жоқ болады. Тек перғауын халқымызды Ехобаға құрбандық шалуға жібермей қойып, бізді тағы да алдап жүрмесін+”,— деді. 30 Мұса перғауынның алдынан кетіп, Ехобаға жалбарынды+. 31 Ехоба Мұсаның тілегін орындап, перғауынды, оның қызметшілері мен халқын сонадан арылтты. Елде бірде-бір сона қалмады. 32 Алайда перғауын бұл жолы да жүрегін қасарыстырып, халықты жібермей қойды.