Елшілердің істері
27 Бізді Италияға жіберуді шешкен соң+, олар Пауыл мен бірнеше тұтқынды Август жасағының Юли есімді жүзбасына тапсырды. 2 Біз Азия* аймағын жағалай жүзетін Адрамитиден келген кемеге отырып, жолға шықтық. Бізбен бірге Салоникадан келген македондық Арыстарқ+ болды. 3 Келесі күні Сидонға тоқтадық. Юли адамгершілік танытып, Пауылға достарына барып, олардың көмегіне жүгінуіне рұқсат етті.
4 Сол жерден шыққанда, бізге қарсы жел соғып, Кипр аралының ық жағымен жүздік. 5 Ашық теңізбен жүзе отырып, Киликия мен Памфилияны бойлай өттік те, Ликиядағы Мира қаласының кемежайына тоқтадық. 6 Сол жерде жүзбасы Александриядан Италияға жүзіп бара жатқан кемені тауып, бізді соған отырғызды. 7 Жел қарсы соққандықтан баяу жүзе отырып, көп күннен кейін Книдке әрең жеттік. Содан Салмонның маңымен, Крит аралын ықтап жүздік. 8 Жағалаумен жүзе отырып, зорға дегенде Ласея қаласының маңындағы Жайлы кемежай деген жерге келдік.
9 Бірталай уақыт артта қалып, тіпті Күнәні өтейтін күнгі ораза+ да өтіп бара жатқандықтан, кемемен жүзу қауіпті еді. Сонда Пауыл оларды ескертіп, 10 былай деді: “Ер-азаматтар, бұл сапар жүк пен кемені зор шығынға ұшыратып қана қоймай, жанымызға да үлкен қатер төндіріп тұрғанын біліп тұрмын”. 11 Алайда жүзбасы Пауылдың айтқандарына емес, кеменің иесі мен жүргізушісіне құлақ асты. 12 Кемежай қыстауға ыңғайсыз болғандықтан, көпшілігі сол арадан жүзіп кетіп, қыстау үшін Феникске жетуге әрекет етіп көруді ұсынды. Криттегі бұл кемежай солтүстік-шығыс пен оңтүстік-шығыс бағыттарына ашық жататын.
13 Оңтүстіктен самал жел соға бастағанда, мақсатымызға жетеміз деп ойлаған олар зәкірді көтеріп, Критті жағалай жүзіп кетті. 14 Алайда көп ұзамай Еуракилон* деп аталатын дауыл көтеріліп, 15 кемені сүйрей жөнелді. Дауылға қарсы жүзе алмағандықтан, кемені соның ырқына тапсырып, кете бардық. 16 Кауда деген кішкентай аралдың ық жағымен жүзсек те, кеменің артындағы қайықты* зорға игеріп, 17 көтеріп шығардық. Сосын теңізшілер кеме қирап қалмасын деп, сыртынан арқанмен байлады. Сиртте* қайраңға тұрып қалудан қорыққандықтан, арқандарды босатып, басты желкенді түсірді. Сөйтіп, кеме дауылдың ырқымен айдалып кете берді. 18 Дауыл кемені әрлі-берлі тынбай лақтырғандықтан, келесі күні олар жүктерді теңізге тастап, оны жеңілдете бастады. 19 Ал үшінші күні кеме жабдықтарын өз қолдарымен лақтырды.
20 Көп күннен бері күн де, жұлдыздар да көрінбей, дауыл да толастамағандықтан, ақырында, аман қалуға деген үмітіміз сөне бастады. 21 Кемедегілер көп уақыттан бері нәр татпады, сондықтан Пауыл орталарында тұрып былай деді: “Ер-азаматтар, егер менің кеңесімді тыңдап, теңізге шықпай, Критте қала бергенімізде, осындай қиындыққа кезігіп, шығынға ұшырамас едіңдер+. 22 Әйтсе де мойымаңдар, себебі ешбір жан өлмейді, тек кеме ғана құриды. 23 Өзім қасиетті қызмет атқарып, соның меншігімін деп жүрген Құдайымның періштесі осы түні жанымда пайда болып+: 24 —Қорықпа, Пауыл. Сен императордың алдында тұруың қажет+. Құдай жаныңдағылардың да өмірін сақтап қалады,— деді. 25 Сондықтан мойымаңдар, өйткені мен Құдай қалай айтса, дәл солай болатынына сенемін. 26 Алайда бір аралдың маңында кемеміз апатқа ұшырайды+”.
27 Адрия теңізінде* шайқалып жүргенімізге 14 күн болғанда, түн ортасында кемедегі теңізшілер қандай да бір құрлыққа жақындап қалғанымызды сезді. 28 Сөйтіп, судың тереңдігін өлшеп, 36 метрдей* екенін анықтады. Сәлден кейін тағы да өлшегенде, 27 метрдей* болып шықты. 29 Жартасқа соғылармыз деп қорыққан олар кеменің арт жағынан төрт зәкір тастап, таңның атуын күтті. 30 Алайда қашуға әрекеттенген олар кеменің тұмсық жағынан зәкірлерді тастап жатқандай болып қайықты түсіргенде, 31 Пауыл жүзбасы мен сарбаздарға: “Мына кісілер кемеден қашып кетсе, сендер құтқарыла алмайсыңдар”,— деді+. 32 Сонда сарбаздар арқандарды кесіп, қайықты суға ағызып жіберді.
33 Таң атар алдында Пауыл барлығын тамақтануға шақырып: “Құтқарылатын кезді мазасыздана күтіп, ас-сусыз жүргендеріңе бүгін 14 күн болды. 34 Сондықтан өз саулықтарың үшін тамақтанып алғандарың дұрыс. Ешқайсысыңның бір тал шашың да түспейді”,— деді. 35 Осыны айтқан соң, қолына нан алып, барлығының алдында Құдайға ризашылық білдірді. Содан нан үзіп, жей бастады. 36 Сөйтіп, бәрі де батылданып, ас-судан ала бастады. 37 Кемеде барлығы 276 жан болдық. 38 Тойып алған соң, олар кемені жеңілдету үшін бидайды суға лақтырды+.
39 Таң атқанда олар келген жерлерін танымады+. Бірақ жағасы құмды шығанақты көріп, мүмкін болса, кемені сонда тоқтатуды ұйғарды. 40 Сөйтіп, зәкірлерді кесіп, теңізге тастады да, кемені бағыттайтын ескектердің арқандарын босатты. Алдыңғы желкенді көтерген соң, жағаға қарай бет алды. 41 Алайда кеме жан-жағынан толқындар соққылаған таяз жерге тап болып, қайраңға отырып қалды. Тұмсығы құмға кіріп кетіп, жылжымай қалды да, артқы жағын толқындар соққылап, қирата бастады+. 42 Сонда сарбаздар тұтқындар суға секіріп, қашып кетер деп, оларды өлтірмек болды. 43 Бірақ Пауылды аман-есен жеткізгісі келген жүзбасы оларға тыйым салды. Сосын жүзе алатындарға теңізге секіріп, жағаға бірінші болып жетуді, 44 ал қалғандарына тақтайлар мен кемедегі қандай да бір заттарға жармасып, арттарынан баруды бұйырды. Сөйтіп, барлығы да жағаға аман-есен жетті+.