Мұсаның 2-жазбасы
12 Мысыр жерінде Ехоба Мұса мен Харонға былай деді: 2 “Бұдан былай осы ай сендер үшін айлардың басы, жылдың алғашқы айы болады+. 3 Бүкіл Исраил қауымына мынаны айт: —Осы айдың оныншы күні әркім өз отбасына, өз үй ішіне, арнап бір тоқтыны+ бөлек қойсын. 4 Егер отбасы шағын болып, бір тоқтының еті көптік қылса, отбасында қанша жан екенін ескеріп, іргелес көршісін үйіне шақырсын. Бір тоқтыны жейтін адам санын әр адамның қанша жей алатынына қарай есептеңдер. 5 Таңдап алынған мал қойдың не ешкінің еш кемістігі жоқ+ бір жасар еркек төлі болуға тиіс. 6 Оны осы айдың он төртінші күніне+ дейін күтіп-бағыңдар. Сол күні бүкіл Исраил қауымы екі кештің арасында+ тоқтыларын сойсын. 7 Сосын тоқты желінетін үйдегі есіктің екі жақтауы мен маңдайшасына оның қанынан алып бүркісін+.
8 Тоқтының еті сол түні желіну керек+. Ол отқа қақталып, ашытқысыз пісірілген нан+ мен ащы шөптер қосып желінсін+. 9 Оны шикідей де, суға пісіріп те жемеңдер, қайта, бас-аяғын, ішкі мүшелерімен қоса отқа қақтап жеңдер. 10 Таң атқанша оның етінен түк қалмасын+. Егер қалып қойса, өртеп жіберіңдер. 11 Оны жегенде, белдеріңді буып, аяқкиімдеріңді киіп, қолдарыңа таяқ алып, асығыс жеңдер. Бұл — Ехобаға бағышталған Құтқарылу мейрамы*. 12 Сол түні мен Мысыр жерін аралап өтіп, мысырлықтардың тұңғыш ұлдары мен малдарының алғашқы төлдерін өлтіремін+. Осылай Мысырдың барлық құдайларын жазалаймын+. Мен Ехобамын. 13 Сендер отырған үйдің есігіндегі қан белгі болмақ: оны көріп, мен ішке кірмей өтіп кетемін. Мысырға жаза жібергенімде, ол сендерге жоламайды+.
14 Сол күн естеріңде қалсын. Оны сендер де, күллі келер ұрпақтарың да Ехобаға бағышталған мейрам ретінде тойлаңдар. Бұл — мәңгілік ұстануларың керек нұсқау. 15 Жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер+. Бірінші күнінен бастап үйлеріңде ешқандай ашытқы болмасын. Кімде-кім осы жеті күннің ішінде ашытылған тағам жейтін болса, Исраилдің арасынан сол жанның көзі құртылсын. 16 Бірінші күні және жетінші күні қасиетті жиын өткізіңдер. Осы күндері ешқандай жұмыс істемеңдер+, тек әркімге қажетті асты ғана дайындауға болады.
17 Осылай Ашымаған нан мейрамын* әрдайым тойлаңдар+, өйткені дәл сол күні мен сендерді Мысыр жерінен лек-легімен* алып шығамын. Осы күнді өздерің де, күллі келер ұрпақтарың да атап өтіңдер. Бұл — мәңгілік ұстануларың керек нұсқау. 18 Бірінші айдың он төртінші күнінің кешкі уақытынан бастап, сол айдың жиырма бірінші күнінің кешіне дейін ашытқысыз пісірілген нан жеңдер+. 19 Жеті күн бойы үйлеріңде ашытқы болмасын. Ал кімде-кім ашытылған тағам жесе, сол жанның, мейлі жатжерлік не исраилдік болсын+, Исраил қауымының арасынан көзі құртылуға тиіс+. 20 Ашытылған ешқандай тағам жемеңдер. Барлық үйде ашытқысыз пісірілген нан жейтін болсын”.
21 Мұса тез арада Исраилдің ақсақалдарын шақыртып+, былай деді: “Әрқайсысың өз отбасыларың үшін бір-бір жас мал* алып сойыңдар, бұл Құтқарылу мейрамына арналған құрбандық болады. 22 Сосын сайсағыз өсімдігінің бір шоғын алып, ыдыстағы малдың қанына батырып, есіктеріңнің екі жақтауы мен маңдайшасына бүркіңдер. Таң атқанша ешқайсысың үйлеріңнен шықпаңдар. 23 Ехоба мысырлықтарды жазалау үшін елді аралап бара жатқанда, маңдайшасы мен екі жақтауындағы қанды көріп, есіктеріңнің жанынан өтіп кетеді. Ехоба өлім жазасын үйлеріңе кіргізбейді+.
24 Бұларды өздерің де, ұлдарың да мәңгілікке берілген нұсқау ретінде орындаңдар+. 25 Ехоба сендерге беруді уәде еткен жерге келгенде, өзі айтқандай, осы мейрамды тойлап жүріңдер+. 26 Егер балаларың: —Бұл мейрам нені білдіреді+?— деп сұраса, 27 оларға: —Бұл — Ехобаға бағышталған Құтқарылу мейрамының құрбандығы. Ол мысырлықтарды жазалағанда, исраилдіктердің үйіне кірмей өтіп кетіп, үй ішімізді аман сақтап қалған,— деп жауап беріңдер”.
Сонда халық жерге бас ұрып тағзым етті. 28 Сөйтіп, Ехоба Мұса мен Харонға қалай бұйырса, исраилдіктер барып, дәл солай істеді+. Олар бәрін бұлжытпай орындады.
29 Түн ортасында Ехоба Мысыр жеріндегі тұңғыш туылғандардың бәрін, тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап зындандағы тұтқынның тұңғышына дейін, сондай-ақ малдың алғашқы төлдерін өлтірді+. 30 Сол түні перғауын да, оның қызметшілері мен мысырлықтар да түгел оянды. Сөйтіп, бүкіл Мысыр елі зар еңіреді, өйткені өлім болмаған үй қалмады+. 31 Перғауын сол түні-ақ Мұса мен Харонды шақыртып+: “Жиналыңдар, екеуің исраилдіктерді ертіп, менің халқымның арасынан кетіңдер! Барыңдар да, өздерің айтқандай, Ехобаға ғибадат етіңдер+. 32 Ірілі-ұсақты малдарыңды да, өздерің айтқандай, алып кетіңдер+. Сондай-ақ мен үшін бата тілеңдер”,— деді.
33 Мысырлықтар: “Бәріміз қырылып қалармыз!”— деп+, елдерінен исраилдіктерді тезірек кетуге асықтырды+. 34 Сонда исраилдіктер ашытылмаған қамырын ыдысымен киімдеріне орап, иықтарына салып көтеріп жүрді. 35 Олар Мұсаның айтқанындай істеп, мысырлықтардан алтын-күміс бұйымдар мен киімдер сұрап алды+. 36 Ехоба өз халқына мысырлықтарды оң көзбен қаратқандықтан, олар сұрағандарын берді. Осылайша исраилдіктер мысырлықтардың байлығын олжа етті+.
37 Исраилдіктер Рамсестен+ Суқотқа+ қарай аттанды. Бала-шағаны қоспағанда, жаяу шыққан еркек саны шамамен 600 000 еді+. 38 Олармен бірге көптеген жатжұрттықтар*+ да шықты. Сондай-ақ ірілі-ұсақты мал да қыруар көп еді. 39 Жолда исраилдіктер Мысырдан алып шыққан ашытылмаған қамырларынан күлше нан пісірді. Өйткені олар Мысырдан қуылып, асығыс кетуге мәжбүр болғандықтан, қамырларына ашытқы салмаған еді. Сондай-ақ жолға азық дайындап та үлгермеген болатын+.
40 Мысырда мекендеген исраилдіктердің+ жат жерде тұрған уақыты 430 жыл еді*+. 41 430 жыл біткенде, дәл сол күні Ехобаның халқы лек-легімен Мысыр жерінен шықты. 42 Бұл түні исраилдіктер Ехобаның өздерін Мысыр жерінен алып шыққанын тойлау керек болатын. Бүкіл Исраил халқы және күллі келер ұрпақтары осы түнді Ехобаға бағышталған мереке ретінде атап өтуге тиіс еді+.
43 Бұдан кейін Ехоба Мұса мен Харонға былай деді: “Құтқарылу мейрамының ережесі мынау: мейрамға арнап сойылатын құрбандықты жатжерліктер жемесін+. 44 Егер әлдекімнің ақшаға сатып алған құлы болса, оны сүндеттеу керек+. Содан кейін ғана ол бұл астан жей алады. 45 Бірақ жатжерлік пен жалдамалы жұмысшыға одан жеуге болмайды. 46 Құрбандық үйде желінуге тиіс. Оның еті үйден шығарылмасын және бірде-бір сүйегі сындырылмасын+. 47 Мейрамды күллі Исраил қауымы тойлау керек. 48 Егер араларыңда тұрып жатқан жатжерлік адам Ехобаға бағышталған Құтқарылу мейрамын тойлағысы келсе, оның үй ішіндегі әрбір ер адам сүндеттелсін. Содан кейін ғана ол тойлай алады, әрі исраилдіктер сияқты болады. Ал сүндеттелмеген адамға бұл мерекенің асын жеуге болмайды+. 49 Исраилдіктер үшін де, араларыңдағы жатжерліктер үшін де заң бірдей болу керек+”.
50 Бүкіл Исраил халқы Ехобаның Мұса мен Харонға бұйырғанындай істеді. Олар бәрін бұлжытпай орындады. 51 Сол күні Ехоба исраилдіктерді лек-легімен Мысырдан алып шықты.