Ишая
6 Ұзиях патша қайтыс болған жылы+ мен заңғар биіктегі ұлы тағында отырған Ехобаны көрдім+. Оның шапанының етегі ғибадатхананың ішін алып жатты. 2 Айналасында сераф деген періштелер тұрды. Әрқайсысының алты қанаты бар екен. Олар екі қанатымен беттерін, екі қанатымен аяқтарын жауып, ал екі қанатымен ұшатын.
3 Періштелер бір-біріне:
“Әскербасы Ехоба киелі, киелі, киелі+!
Бүкіл жер оның салтанатына кенелген!”— деумен болды.
4 Олардың зор даусынан есік жақтаулары дірілдеп кетті; үй іші түтінге толды+.
5 Сонда мен былай дедім: “Қасіретке қалдым-ау!
Енді құритын болдым!
Себебі аузымнан шыққан сөздерім арам,
Әрі сөздері арам халықтың арасында тұрамын+.
Әйтсе де мен Патшаны, Әскербасы Ехобаның өзін көрдім!”
6 Сол кезде серафтардың бірі қысқашпен құрбандық орнынан қызып тұрған көмір шоғын алып+, қасыма ұшып келді де, 7 шоқты ерніме тигізіп:
“Міне, бұл сенің ерніңе тиді,
Енді айыбың жуылып,
Күнәң өтелді”,— деді.
8 Сосын мен Ехобаның: “Кімді жіберейін? Біз үшін кім барады?”— деген дауысын естідім+. Сонда: “Мен бармын! Мені жібер!”— дедім+.
9 Ол мынаны айтты: “Халқыма барып:
—Сендер қайта-қайта естисіңдер,
Бірақ ештеңе ұқпайсыңдар.
Қайта-қайта көресіңдер,
Бірақ білімге ие болмайсыңдар,— деген сөзімді жеткіз+.
Осылайша көздерімен көрмейтін,
Құлақтарымен естімейтін,
Жүректері ештеңені ұқпайтын болсын.
Теріс жолдан қайтып, сауықпайтын болсын+”.
11 Мен: “Уа, Ехоба, бұл қашанға дейін созылады?”— деп сұрағанымда, ол мынаны айтты:
“Қалалар қаңырап бос қалып, қирағанға дейін,
Үйлер тұрғынсыз қалғанға дейін,
Егіндік жер ойрандалып, құлазып жатқанға дейін созылады+.
13 Сөйтсе де халықтың оннан бір бөлігі сонда қалады, бірақ алып ағашты не еменді өрт шалғандай, оларды да қайтадан өрт шалады. Әйтсе де шабылған ағаштан түбір қалатыны сияқты, олардан да түбір қалады. Сол түбір киелі ұрпақ* болады”.