Патшалар 1-жазба
17 Ғалақат жерінде+ тұратын тишбелік Ілияс*+ Ахабқа былай деді: “Өзім қызмет етіп жүрген Исраилдің тірі Құдайы Ехобаның алдында шын айтамын*, бірнеше жыл бойы, мен өтінбейінше, жерге шық та түспейді, жаңбыр да жаумайды”+.
2 Бұдан кейін Ехоба Ілиясқа сөзін арнап, мынаны айтты: 3 “Бұл жерден шығып, Иорданның шығысындағы Керит аңғарына* барып жасырын. 4 Суды сайдан ішесің, ал тамақты, менің бұйрығым бойынша, саған құзғындар әкеп береді+”. 5 Ілияс Ехобаның сөзіне құлақ асып, бірден жолға шықты. Ол Иорданның шығысындағы Керит аңғарына* барып, сонда тұрып жатты. 6 Таңертең және кешке құзғындар оған нан мен ет әкеп тұрды, ал суды ол сайдан ішіп жүрді+. 7 Бірақ жаңбыр жаумағандықтан, уақыт өте келе сайдағы су тартылып қалды+.
8 Сонда Ехоба оған сөзін арнап, мынаны айтты: 9 “Сидон жеріндегі Сарептаға барып, сонда тұр. Мен сол жердегі бір жесір әйелге сені тамақтандыруды бұйырамын+”. 10 Содан Ілияс Сарептаға қарай бет алды. Ол қала қақпасына жете бергенде, отын жинап жүрген бір жесір әйелді көрді де: “Маған ішетін кішкене су әкеп берші”,— деп өтінді+. 11 Әйел су әкелуге бара жатқанда, Ілияс артынан: “Бірүзім нан да ала келші!”— деп дауыстады. 12 Әйел болса: “Құдайыңыз Ехобаның алдында шын айтамын*, менде бірде-бір күлше жоқ. Үлкен құмыраның түбінде біруыс ұным мен кішкене құмырада азғантай майым ғана бар+. Содан балам екеуімізге бірдеңе пісірейін деп, отын жинап жүр едім. Соны жейміз де, өлеміз”,— деді.
13 Ілияс оған мынаны айтты: “Қорықпа, бар да, айтқаныңдай істе. Бірақ алдымен қолда барыңнан маған кішкене күлше пісіріп әкел. Ал ұлың екеуіңе кейін бірдеңе пісірерсің. 14 Өйткені Исраил Құдайы Ехоба былай дейді: —Ехоба жер бетіне жаңбыр жаудыратын күнге дейін үлкен құмырадағы ұн таусылмайды, кішкене құмырадағы май да сарқылмайды+”. 15 Содан әйел үйіне барып, Ілиястың айтқанын істеді. Осылайша Ілияспен бірге әйелдің өзі де, үй іші де бірталай уақыт тамақтанып жүрді+. 16 Ехобаның Ілияс арқылы айтқан сөзіне сай, үлкен құмырадағы ұн таусылмады, кішкене құмырадағы май да сарқылмады.
17 Бірде үй иесі жесір әйелдің ұлы қатты ауырып қалды. Оның халі нашарлай беріп, ақыры қайтыс болды+. 18 Сонда жесір әйел Ілиясқа: “Шынайы Құдайдың адамы, мен сізге не жаздым? Күнәмді есіме салып, ұлымды өлтіруге келіп пе едіңіз?”— деді+. 19 Ілияс оған: “Ұлыңды маған бер”,— деп, баланы анасының бауырынан алды да, шатырдағы бөлмеге апарып, өзінің төсегіне жатқызды+. 20 Сосын Ехобаға дұға етіп: “Уа, Құдайым Ехоба+, маған пана берген мына жесірдің баласын өлімге ұшыратып, оған да зардап шектіресің бе?”— деді. 21 Бұдан кейін үш рет баланың үстіне етпеттеп жатты да, Ехобаға: “Уа, Құдайым Ехоба, мына баланың өмірін қайтара көр”,— деп дұға етті. 22 Ехоба оның дұғасын естіп+, баланың өмірін бойына қайтарды да, ол тірілді+. 23 Сонда Ілияс шатырдағы бөлмеден баланы алып түсті де, шешесіне тапсырып жатып: “Қарашы, ұлың тірі!”— деді+. 24 Әйел: “Сіздің расында да Құдайдың адамы екеніңізге+ әрі сіз айтқан Ехобаның сөзі шындық екеніне көзім жетті!”— деп жауап берді.