Қорынттықтарға 1-хат
1 Мен, Құдайдың еркімен Иса Мәсіхтің елшісі болуға шақырылған Пауыл+, қасымда Состен бауырлас бар, 2 Қорынт қаласындағы+ Құдайдың қауымына жазып отырмын. Құдай Мәсіх Исамен байланыстағы сендерді қасиетті етті+ және бәріміздің Иеміз Иса Мәсіхті+ барлық жерде мойындап жүргендермен бірге сендерді де қасиетті болуға шақырды.
3 Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын!
4 Құдай сендерге Мәсіх Иса арқылы рақымын сыйлағаны үшін, әрдайым оған алғыс айтамын. 5 Өйткені сендер Мәсіхпен байланыста болғандықтан, Құдай сөзін уағыздау қабілеті мен толық білімді қоса алғанда, барлығына молынан ие болдыңдар+. 6 Себебі Мәсіх туралы куәлік+ сендерде берік орнықты. 7 Осылайша Иеміз Иса Мәсіхтің ашық көрінуін+ аңсай күтіп жүрген сендер ешбір сыйдан құр қалған жоқсыңдар. 8 Сондай-ақ Иеміз Иса Мәсіхтің күнінде+ еш айыпсыз болуларың үшін, Құдай сендерді соңына дейін нығайтпақ. 9 Сендерді өзінің Ұлы әрі біздің Иеміз Иса Мәсіхпен байланыста болуға шақырған Құдай өз сөзіне адал+.
10 Бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің атынан сендерді мынаған шақырамын: айтқандарың бір жерден шықсын, жікке бөлінбей+, қайта, ойларың мен пікірлерің бірдей болып, толықтай бірлікте тұрыңдар+. 11 Себебі, бауырластарым, Хылойдың үй ішіндегілерінің кейбірінен араларыңда алауыздық бар екенін естідім. 12 Менің айтып отырғаным — сендер “мен Пауылдың шәкіртімін”, “ал мен Аполлостікімін”+, “мен Кефанікімін*”, “ал мен Мәсіхтікімін” деп бөлінеді екенсіңдер. 13 Мәсіх жіктеліп бөлініп кетті. Сендер үшін бағанаға ілінген Пауыл ма? Жоқ әлде Пауылдың атынан шомылдыру рәсімінен өттіңдер ме? 14 Құдайға шүкір, мен Крисіп+ пен Гайдан+ басқа ешкімді шомылдыру рәсімінен өткізген жоқпын. 15 Сондықтан ешқайсысың да менің атымнан шомылдыру рәсімінен өттім дей алмайсыңдар. 16 Рас, Степанның үй ішін де өткізгенмін+. Ал бұлардан басқаларды өткіздім бе, жоқ па, есімде емес. 17 Өйткені Мәсіх мені шомылдыру рәсімінен өткізуге емес, ізгі хабарды жариялауға жіберді+. Ол мені данышпандықпен сөйлесін деп те жіберген жоқ, әйтпесе Мәсіхтің азап бағанасындағы* өлімінің еш пайдасы болмас еді.
18 Азап бағанасы туралы хабар — жойылатындар үшін ақымақтық+, ал құтқарылатын біздер үшін Құдайдың құдіреті+. 19 Себебі былай деп жазылған: “Мен данышпандардың даналығын құртамын, ақылдылардың ақылын жоққа шығарамын”+. 20 Осы заманның* данышпандары, дін мұғалімдері* мен айтысқұмарлары қайда? Құдай осы дүниенің даналығы ақымақтық екенін көрсетті емес пе? 21 Осы дүние өз даналығымен+ оны танып-білмеді+. Бірақ Құдай өзгелерге ақымақтық болып көрінетін+ уағыз арқылы сенушілерді құтқаруды жөн көрді. Осылай өзінің даналығын паш етті.
22 Яһудилер белгі көрсетуді сұрайды+, гректер* болса даналық іздейді. 23 Сөйтсе де біз бағанаға ілінген Мәсіх туралы уағыздаймыз. Бұл — яһудилер үшін сүріндіретін тас, ал басқа ұлттар үшін ақымақтық+. 24 Алайда яһудилер мен басқа ұлттардан шақырылғандар үшін Мәсіх — Құдайдың құдіреті мен даналығы+. 25 Құдайдың ақымақтық болып көрінген ісі адамдардікінен әлдеқайда дана, ал әлсіздік болып көрінген ісі әлдеқайда құдіретті+.
26 Бауырластар, өздерің көріп жүргендей, шақырылған сендердің араларыңда, адами тұрғыдан қарағанда, даналар, күштілер не ақсүйектер көп емес+. 27 Бірақ данышпан дегендерді ұялту үшін, Құдай осы дүние ақымақ деп санайтындарды, ал күшті дегендерді ұялту үшін, осы дүние әлсіз деп санайтындарды таңдап алды+. 28 Құдай бар болғандарды жоқ қылу үшін+, жоқ болғандарды, яғни осы дүние түкке тұрғысыз деп менсінбей қарайтындарды, таңдап алды. 29 Сондықтан Құдайдың алдында ешкім де мақтана алмайды. 30 Құдайдың арқасында сендер Мәсіх Исамен бірліктесіңдер. Ол бізге Құдайдың даналығын, әділдігі+ мен қасиеттілігін+ паш етті және төлем арқылы азаттыққа жол ашты+. 31 Осылайша Жазбадағы мына сөздер жүзеге асады: “Кім мақтанатын болса, Ехобаны* айтып мақтансын”+.