Рут
3 Бір күні Нағима келіні Рутқа мынаны айтты: “Қызым, жағдайың жақсы болу үшін саған жайлы баспана тауып берсем қайтеді+? 2 Өзіңе қызметші қыздарымен бірге жүруге рұқсат берген Бағоз — біздің туысымыз+. Міне, бүгін кешке ол қырманда арпа суырады. 3 Жуынып, үстіңе иісмай жағып, киін де, қырманға бар. Бағоз ішіп-жеп болғанша, көзіне түспе. 4 Оның қайда жататынын біліп ал. Кейін сонда барып, жамылғысының аяқ жағын ашып, сол жерге жат. Не істеу керектігін саған өзі айтады”.
5 Бұған Рут: “Айтқаныңыздың бәрін істейін”,— деп жауап берді. 6 Сөйтіп, қырманға барып, бәрін енесі тапсырғандай істеді. 7 Бағоз ішіп-жеген соң, көңілі көтерілді, кейін үйілген астықтың шетіне барып жатты. Сонда Рут білдіртпей келіп, жамылғысының аяқ жағын ашып, сол жерге жатты. 8 Түн ортасында Бағоздың денесі түршігіп, оянып кетті. Басын көтеріп қараса, аяқ жағында бір әйел жатыр екен. 9 Бағоз: “Сен кімсің?”— деп сұрағанда, ол: “Сіздің күңіңіз Рутпын. Мені қанатыңыздың* астына ала көріңіз, өйткені сіздің туысқандық міндетіңіз бар+”,— деді. 10 Сол кезде Бағоз былай деді: “Қызым, Ехоба сені жарылқасын! Осы көрсеткен айнымас сүйіспеншілігің бұрынғысынан да асып түсті+, себебі өзіңе жар болатын адамды бай не кедей жас жігіттердің арасынан іздемедің. 11 Ал енді, қызым, еш қорықпа. Өтінішіңнің бәрін де орындаймын+, сенің тамаша адам екенің бүкіл қала* халқына белгілі. 12 Иә, менің туысқандық міндетім бар екені рас+, бірақ менен де жақын туысың бар+. 13 Бүгін осы жерде түне. Таңертең сол кісі өз міндетін алуға келіссе, онда жақсы, солай болсын+. Ал бас тартса, бұл міндетті өзім аламын, бұл сөзім — Ехобаның тірі екеніндей хақ. Таң атқанша осында жата тұр”.
14 Рут таң атқанша оның аяқ жағында жатып, әлі ешкімнің бет-жүзі анық көрінбейтін елең-алаңда тұрды. Бағоз оған: “Қырманға әйелдің келгенін ешкім білмей-ақ қойсын”,— деді. 15 Сондай-ақ ол: “Орамалыңды жайып ұстай ғой”,— деді. Рут орамалын жайғанда, алты өлшем* арпа салып, көтертіп жіберді. Өзі болса қалаға қарай жүріп кетті.
16 Рут келгенде, енесі: “Қалай болды*, қызым?”— деп сұрады. Рут әлгі кісінің не істеп, не қойғанының бәрін айтып берді. 17 Сөйтті де: “Ол маған енеңе құрқол қайтпа деп, мына алты өлшем арпаны беріп жіберді”,— деді. 18 Сонда Нағима: “Қызым, мұның соңы немен аяқталатынын білгенше, күте тұр. Бұл кісі осы істі бүгін тындырмайынша, тыным таппайды”,— деді.