Рут
2 Нағиманың күйеуі Елимелектің Бағоз+ деген аталас туысы бар еді. Ол аса дәулетті кісі болатын.
2 Бірде моабтық Рут Нағимаға: “Рұқсат етсеңіз, мен егіндікке барайын. Бәлкім, маған біреудің мейірі түсер, соның артынан жүріп масақ терейін”+,— деді. Енесі: “Бара ғой, қызым”,— деп рұқсат берді. 3 Рут бір егіндікке барып, орақшылардың соңынан жүріп, масақ тере бастады. Сөйтіп жүріп, аңдамай Елимелектің+ аталас туысы Бағоздың+ егістігіне түсіп кетті. 4 Сол кезде Бетлехемнен Бағоз келіп, орақшыларға: “Ехоба жар болсын!”— деді. Ал олар: “Ехоба сізді де жарылқасын!”— деп жауап берді.
5 Сосын Бағоз орақшылардың үстінен қарайтын жігіттен: “Мынау кімнің келіншегі?”— деп сұрады. 6 Ол: “Бұл — Моаб елінен Нағимаға еріп келген+ моабтық жас келіншек+. 7 Ол орақшылардың артынан жүріп, қалып кеткен масақтарды* теруге рұқсат сұраған еді+. Таңертеңнен бері тыным тапқан жоқ, күркеге келіп отырғаны осы”,— деп жауап қатты.
8 Сосын Бағоз Рутқа былай деді: “Қызым, сөзіме құлақ сал, басқа егіндікке бармай-ақ, менің жұмысшы қыздарымның қасында жүріп, масақты осы жерден тере бер+. 9 Олардан көз жазба, қай егіндікке барса, сен де арттарынан ілесіп отыр. Жұмысшы жігіттерге саған тиіспесін деп бұйырдым. Олар құмыраларға су құйып қойған, шөлдегенде содан іш”.
10 Сонда Рут тізерлей кетіп, оның алдына жығылып: “Маған мейір-шапағатыңызды түсіретіндей, мен кім едім? Мен бар-жоғы жатжерлікпін ғой”+,— деді. 11 Ал Бағоз былай деді: “Күйеуің өлгеннен кейін, енеңе жасаған барлық жақсылығыңды естідім. Әке-шешеңді және ел-жұртыңды тастап, бейтаныс халықтың арасына келген екенсің+. 12 Жасаған жақсылықтарың үшін Ехоба саған батасын төксін+! Исраилдің Құдайы Ехоба қанатының астынан пана іздеген саған қарымтаңды толығымен қайтарсын+!” 13 Рут оған: “Мырзам, бұдан былай да маған оң көзбен қарасаңыз екен. Бірде-бір күңіңізге татымасам да, жылы сөзбен күңіңіздің көңілін орнықтырдыңыз”,— деді.
14 Түскі тамақ кезінде Бағоз Рутқа: “Мұнда кел, наннан алып, қышқыл шарапқа батырып же”,— деді. Ол орақшылардың жанына келіп отырды. Бағоз оған қуырылған дәннен берді. Рут тойғанынша жеді, тіпті артылып қалды. 15 Сосын ол орнынан тұрып, масақ* теруге кірісті+. Бағоз қызметші жігіттеріне бұйрық беріп: “Орылған астықтың арасында да масақ теріп жүре берсін, оған тиіспеңдер+. 16 Байланған баудан да масақ қалдырып отырыңдар, теріп алсын. Ешкім оған тыйым салмасын”,— деді.
17 Рут кешке дейін танапта масақ терді+. Соңынан, жинаған астығын бастырғанда, шамамен бір ефа* арпа шықты. 18 Ол арпаны қалаға алып барып, енесіне көрсетті. Кейін оған түскі асынан артылып қалған тамағын да берді+.
19 Сонда енесі: “Бүгін қай жерде масақ теріп, қайда жұмыс істедің? Саған мейірін түсірген адам жарылқансын+!”— деді. Рут: “Бүгін Бағоз деген кісінің жерінде масақ тердім”,— деп, кімнің танабында жұмыс істегенін айтып берді. 20 Нағима мұны естігенде, келініне: “Тіріге де, өліге де мейірімін* аямаған Ехоба сол кісіге батасын төксін+!— деді де, былай деп қосты: —Ол біздің жақынымыз+ әрі туысқандық міндетті* алатындардың бірі болып табылады+”. 21 Сонда моабтық Рут былай деді: “Ол кісі маған: —Егінім жиналып біткенше, жұмысшыларымның жанында жүр,— деп те айтты”+. 22 Нағима келініне: “Қызым, сол адамның қызметші қыздарымен жүретінің жақсы болды, әйтпесе басқа танапта біреулер сенің мазаңды алып жүрер”,— деді.
23 Арпа мен бидай орағы біткенше+, Рут Бағоздың қызметші қыздарының қасында масақ теріп жүрді. Осылай ол енесінің қолында тұрып жатты+.