Естер
4 Мардохай+ болған жайттың бәрін білгенде+, киімінің өңірін айырып, азалы киім* киіп, үстіне күл шашты. Сосын қала ортасына барып, қатты айғайлап, зар жылады. 2 Ол патша сарайының қақпасына дейін ғана барды. Себебі ешкімге азалы киіммен патша қақпасынан кіруге болмайтын. 3 Патшаның бұйрығы мен жарлығы жеткен аймақтардың бәріндегі+ яһудилер қатты қайғырып, ораза тұтты+, зар еңіреп жылаумен болды. Көбісі азалы киіммен күл үстінде жатты+. 4 Қызметші қыздары мен әтек қызметшілері Естерге келіп, мән-жайды айтып бергенде, патшайым қатты қайғырды. Сөйтіп, Мардохайға азалы киімін ауыстыру үшін киім-кешек беріп жіберді, бірақ ол мұны алмай қойды. 5 Сонда Естер өзіне қызмет көрсетуге тағайындалған патшаның әтек қызметшілерінің бірі Хатахты шақыртты да, Мардохайға барып, мұнысын қалай түсінуге болатынын және не болып жатқанын біліп келуге жұмсады.
6 Содан Хатах патша қақпасының алдындағы қала алаңында отырған Мардохайға барды. 7 Мардохай оған өзімен болған жайттың бәрін айтып берді. Сондай-ақ яһудилердің көзін құрту үшін+, Хаманның патша қазынасына нақты қанша ақша салуды+ уәде еткенін де мәлімдеді. 8 Сосын өздерін жою туралы Сузыда жарияланған жарлықтың+ көшірмесін Хатахқа берді де, оны Естерге көрсетіп, бәрін түсіндіруін сұрады+. Естерге патшаның алдына кіріп, халқына рақымшылық жасауын тікелей өзінен өтінсін деп тапсырды.
9 Хатах Естерге келіп, Мардохайдың сөздерін түгел жеткізді. 10 Сонда Естер Хатах арқылы Мардохайға+ жауап жіберіп: 11 “Патшаның күллі қызметшілері және оған бағынышты аймақтардың халқы мынаны жақсы біледі: егер қандай да бір еркек не әйел шақырусыз патшаның ішкі ауласына+ кіретін болса, оған бір-ақ заң қолданылады — ол өлтіріледі. Патша алтын асатаяғын соған қарай созса ғана, ол аман қалады+. Менің патша алдына шақырылмағаныма, міне, 30 күн болды”,— деп айтты.
12 Естердің сөзі Мардохайға жеткенде, 13 Мардохай оған былай деп жауап қайтарды: “Патшаның отбасында болғандықтан, яһудилерден жалғыз өзім аман қаламын деп ойлама. 14 Қазір үндемей қалсаң, яһудилерге көмек пен құтқарылу басқа жақтан келеді+, ал сен әкеңнің әулетімен бірге құрып кетесің. Кім біледі, бәлкім, дәл осындай кез үшін патшайым болған шығарсың+?!”
15 Сонда Естер Мардохайға жауап қайырып: 16 “Ендеше, барыңыз да, Сузыдағы яһудилердің бәрін жинап, мен үшін ораза тұтыңыздар+. Үш күн бойы күні-түні ештеңе ішіп-жемеңіздер+. Қызметші қыздарыммен бірге мен де ораза тұтамын. Содан кейін заңға қайшы болса да, патшаның алдына кіремін. Өлу керек болса, өлемін”,— деді. 17 Мардохай барып, Естердің тапсырғандарын түгел орындады.