Қорынттықтарға 1-хат
12 Бауырластар, рухани сыйлар+ жөнінде хабардар болсаңдар екен деймін. 2 Өздерің білетіндей, сенуші болмай тұрған кездеріңде тілсіз пұттарға табынып+, олар қайда жетелесе, сонда жүрдіңдер. 3 Сондықтан мынаны түсінгендеріңді қалаймын: Құдай рухымен сөйлейтін ешбір адам “Исаны қарғыс атсын!” демейді. Сондай-ақ Құдай рухынсыз ешбір адам “Иса — Иеміз!” дей алмайды+.
4 Алуан түрлі сыйлар бар, бірақ рух біреу+. 5 Әртүрлі қызметтер де бар+, бірақ Иеміз біреу. 6 Әрекеттер де алуан түрлі, бірақ барлығына осылардың бәрін атқаруға көмектесетін Құдай біреу+. 7 Алайда рухтың әрекеті өзгелердің игілігі үшін жеке әрқайсысы арқылы көрініс табады+. 8 Мысалы, біреуге рух арқылы даналықпен сөйлеу, ал өзге біреуге сол рух арқылы біліктілікпен сөйлеу сыйы беріледі; 9 біреуге дәл сол рух арқылы сенім+, өзге біреуге сол рух арқылы сауықтыру сыйы+, 10 біреуге құдіретті істер жасау+, біреуге пайғамбарлық ету, өзге біреуге рухтың жетелеуімен айтылғандарды ажырата білу+, тағы біреуге әртүрлі тілде сөйлей білу+, ал біреуге сол тілдерден аудара білу сыйы беріледі+. 11 Бірақ бұл сыйларды әркімге өз еркі бойынша үлестіріп, осы әрекеттердің бәрін жүзеге асыратын — сол рух.
12 Дене біреу, бірақ көп мүшесі бар. Мүшесі көп болғанымен, олардың бәрі — бір дене+. Мәсіхтің денесімен де дәл солай. 13 Өйткені яһуди не грек, құл не ерікті болайық — бәріміз бір денені құрау үшін, бір рухпен шомылдырылдық және бәріміз бір рухты қабылдадық.
14 Шынында да, дене бір ғана емес, көп мүшелерден тұрады+. 15 Аяқ: “Мен қол емеспін, сондықтан денеге жатпаймын”,— десе де, бәрібір денеге жатады емес пе? 16 Құлақ: “Мен көз емеспін, сондықтан денеге жатпаймын”,— десе де, бәрібір денеге жатады емес пе? 17 Егер бүкіл дене көз болса, онда қалай ести алар еді? Ал бүкіл дене құлақ болса, қалай иіс сезе алар еді? 18 Бірақ Құдай дененің әр мүшесін өзі қалағандай орналастырған.
19 Барлығы бір мүше болса, ол дене болар ма еді? 20 Бірақ мүшелер көп, ал дене біреу. 21 Көз қолға: “Маған керегің жоқ”,— дей алмайды. Бас та аяққа: “Маған керек емессің”,— дей алмайды. 22 Керісінше, дененің әлсіздеу болып көрінетін мүшелері өте қажет. 23 Онша құрметті емес деп есептейтін мүшелерімізге көбірек көңіл бөлеміз+, осылай денеміздің көріксіз мүшелерін көбірек қамқорлаймыз. 24 Ал көрікті мүшелерге ештеңе де қажет емес. Дегенмен Құдай денені құрмет көрсетілмейтін мүшелеріне көбірек көңіл бөлетіндей етіп құрастырған. 25 Мұны дене жікке бөлінбей, қайта, мүшелері бір-бірін қамқорласын+ деп істеді. 26 Егер бір мүше азап шексе, онымен бірге бәрі азап шегеді+. Бір мүше дәріптелсе, онымен бірге бәрі қуанады+.
27 Сендер Мәсіхтің денесісіңдер+, ал жеке алғанда, дара бір мүшесіңдер+. 28 Құдай оларды қауымда былай тағайындады: біріншілер — елшілер+; екіншілер — пайғамбарлар+; үшіншілер — тәлімгерлер+; сосын кейбіріне құдіретті істер жасайтын қабілет+, ауруларды сауықтыратын сый+, өзгелерге көмектесетін, басқаратын+, әртүрлі тілдерде сөйлейтін қабілет+ берді. 29 Бәрі бірдей елші ме? Бәрі бірдей пайғамбар ма? Бәрі бірдей тәлімгер ме? Бәрі бірдей құдіретті істер жасай ма? 30 Бәрінде сауықтыратын сый бар ма? Бәрі бірдей әртүрлі тілдерде сөйлей ме+? Бәрі бірдей аудара ма+? 31 Бірақ сендер әлдеқайда зор сыйларға ие болуға барынша ұмтылыңдар+. Ал мен сендерге барлығынан да асып түсетін жолды+ көрсетемін.