Езекиел
34 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді: 2 “Адам ұлы, Исраил бағушыларының бастарына қандай күн туатынын айтып, пайғамбарлық сөзімді жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Өздерін бағып жүрген Исраилдің бағушылары қасіретке қалады+! Шопан өзін емес, отарды бағуы тиіс емес пе+?! 3 Сендер малдың майын жеп, жүнін киім қылдыңдар. Қоңдыларын сойып жедіңдер+, бірақ отарды бақпадыңдар+. 4 Әлсіздерін нығайтпадыңдар, ауруларын емдемедіңдер, мертіккендерінің жарасын таңбадыңдар, адасқанын қайтармадыңдар, жоғалғанын да іздемедіңдер+. Қайта, оларға қатыгездікпен үстемдік етіп, қанадыңдар+. 5 Бағушысы болмағандықтан, олар бытырап кетті+. Жан-жақта жүріп, жабайы аңдарға жем болды. 6 Менің қойларым тау-төбелерде босып жүр, бүкіл жер бетіне тентіреп кетті. Оларды сұрастыратын да, іздейтін де ешкім жоқ.
7 Сондықтан, ей, бағушылар, Ехобаның сөзін тыңдап алыңдар! 8 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім — бағушысы болмағандықтан қойларым көрінгенге олжа, жабайы аңдарға жем болды. Ал бағушыларым қойларымды іздемей, оларды бағудың орнына өздерін бақты. 9 Сондықтан, ей, бағушылар, Ехобаның сөзін тыңдап алыңдар! 10 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен бағушыларға қарсы шығып, қойларым үшін оларды жауапқа тартамын да, бұдан былай қойларымды баққызбаймын+. Олар өздерін де бақпайтын болады. Мен қойларымды бағушылардың аранынан құтқарамын, сөйтіп, бұдан былай оларға жем қылмаймын.
11 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Біліп қойыңдар, қойларымды өзім іздеп, өзім қамқорлаймын+. 12 Бағушының бытырап кеткен қойларын тауып алып, күтіп-баптайтыны іспетті, мен де өз қойларымды солай қамқорлаймын+. Оларды қара бұлт пен түнек қаптаған күні+ шашырап кеткен жерлерінен жинап алып, құтқарамын. 13 Халықтар арасынан алып шығамын да, ел-елден жинап, өз жерлеріне әкелемін. Сөйтіп, оларды Исраилдің тауларында, өзендердің бойында, елді мекендердің маңында баптап бағамын+. 14 Қойларымды жасыл жайлауға апарып, Исраилдің биік тауларында жаямын+. Олар сол жерде жатып, Исраил тауларының басындағы шөбі шүйгін жайлауларда+ жайылатын болады.
15 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен қойларымды өзім бағып+, өзім тынықтырамын+. 16 Жоғалғанын іздеймін+, адасқанын қайтарамын, мертіккендерінің жарасын таңып, әлсіздерін нығайтамын. Ал семіздері мен мықтыларын құртып жіберемін. Оларға үкім шығарып, лайықты жазасын беремін.
17 Ал сендерге, қойларым, Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Мен қой мен қойдың арасында және қошқарлар мен текелер арасында сот жүргіземін+. 18 Сендерге ең шұрайлы жайлауда жайылып жүргендерің аздық қылып жатыр ма? Басқа жайылымдарды неге таптайсыңдар? Ең таза судан ішкендерің аз болғандай, неге оны аяқтарыңмен лайлап кетесіңдер? 19 Сонда менің қойларым сендер таптаған жайлауда жайылып, сендер лайлаған судан ішуі керек пе!?
20 Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба оларға былай дейді: —Біліп қойыңдар, семіз қой мен арық қойдың арасында өзім сот жүргіземін. 21 Себебі сендер ауру қойларды бүйірлеріңмен де, иықтарыңмен де итергіштеп, мүйіздеріңмен сүзгілеп, айдалаға бытыратып жібердіңдер. 22 Бірақ мен өз қойларымды құтқарамын, олар енді ешкімге олжа болмайды+. Мен қой мен қойдың арасында сот жүргіземін. 23 Олардың үстінен бір бағушы тағайындаймын+. Ол қызметшім Дәуіт болмақ+. Қойларымды жайып, оларға бағушы болатын — сол+. 24 Сонда мен, Ехоба, олардың Құдайы+, ал қызметшім Дәуіт олардың басшысы болады+. Мұны айтқан — Ехоба.
25 Мен олармен татулық келісімін жасасып+, елдерінен жабайы аңдарды қуып шығарамын+. Осылай олар иен далада бейқам жатып, орманда да алаңдамай ұйықтайтын болады+. 26 Мен оларды да, өз қырымның айналасындағы жерді де батаның қайнар көзі етемін+. Өз уақытында жаңбыр жаудырамын. Баталарды жауын сияқты жаудырамын+. 27 Даладағы ағаштары жеміс, жерлері өнім береді+, ал өздері сонда қауіпсіз өмір кешеді. Мойындарына салынған мойынтұрықты сындырып+, құл қылғандардан құтқарғанымда, олар менің Ехоба екенімді білетін болады. 28 Олар бұдан былай өзге халықтарға олжа, жер бетіндегі жабайы аңдарға жем болмайды. Қайта, қауіпсіздікте өмір кешеді, әрі оларды ешкім қорқытпайды+.
29 Мен оларға даңққа бөлейтін егін алқабын беремін, бұдан былай елдерін аштық жайлап қырылмайды+, басқа ұлттардан да қорлық көрмейді+. 30 Сонда олар менің, Құдайлары Ехобаның, өздерімен бірге екенімді, ал олар, Исраил үйі, менің халқым+ екенін білетін болады. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
31 Сонымен, өзім қамқорлап жүрген қойларым+, сендер пендесіңдер, ал мен сендердің Құдайларыңмын. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.