Матай
9 Иса қайықпен қарсы жағаға өтіп, өз қаласына келді+. 2 Біреулер оған зембілмен бір сал кісіні әкелді. Иса олардың сенімін көріп, сал кісіге: “Батыл бол, балам! Күнәларың кешірілді+”,— деді. 3 Сонда кейбір дін мұғалімдері өзара: “Мына кісі Құдайды қорлап тұр ғой!”— десті. 4 Олардың ойын білген Иса: “Неге жүректеріңде жамандық ойлап тұрсыңдар+? 5 Не деп айту оңай: “күнәларың кешірілді” деу ме, әлде “орныңнан тұр да, жүре бер” деу ме+? 6 Алайда Адам Ұлының жер бетінде адамдардың күнәларын кешіруге билігі бар екенін білулерің үшін...”— деді де, сал кісіге: “Орныңнан тұр да, зембіліңді алып, үйіңе бар!”— деді+. 7 Ол орнынан тұрып, үйіне кетті. 8 Мұны көрген жұртты қорқыныш билеп, адам баласына осындай билік берген Құдайды мадақтады.
9 Иса сол жерден кетіп бара жатып, салық кеңсесінде отырған Матай есімді кісіні көрді де, оған: “Менің ізбасарым бол!”— деді. Ол орнынан тұрып, соңынан ерді+. 10 Кейінірек Иса шәкірттерімен бірге оның үйінде дастарқан басында жантайып жатқанда, оларға көптеген салықшылар мен күнәкарлар келіп қосылды+. 11 Бұны көргенде, парызшылдар оның шәкірттеріне: “Неге ұстаздарың салықшылармен және күнәкарлармен бірге тамақтанады?”— деп наразылық білдірді+. 12 Мұны естіген Иса: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет+. 13 Сондықтан “мен құрбандықты емес, мейірімділікті қалаймын”+ деген сөздердің мәнін ұғып алыңдар. Өйткені мен әділдерді емес, күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім”,— деді.
14 Сонда оған Жақияның шәкірттері келіп: “Неге біз де, парызшылдар да ораза ұстайды, ал сіздің шәкірттеріңіз ораза ұстамайды?”+— деп сұрады. 15 Бұған Иса былай деп жауап қайырды: “Күйеужігіт+ қастарында болғанда, достарына қайғыруға еш себеп жоқ, солай емес пе? Бірақ күйеужігітті қастарынан алып кететін кез келеді+, сонда олар ораза ұстайтын болады. 16 Ешкім ескі киімді жаңа матамен жамамайды, өйткені ол шуып, киімнен жұлынып қалады да, жыртық одан бетер үлкейіп кетеді+. 17 Сондай-ақ жаңа шарапты ескі меске құймайды, әйтпесе мес жарылып, шарап ағып кетеді, мес те бүлінеді. Қайта, жаңа шарапты жаңа меске құяды, сонда екеуі де сақталады”.
18 Иса оларға осыларды айтып тұрғанда, бір мәжілісхана жетекшісі келіп, оған тағзым етіп: “Қызым қазір өліп те қалған шығар, бірақ барып, үстіне қолыңызды қоя көріңіз, сонда ол тіріледі+”,— деді.
19 Иса орнынан тұрып, шәкірттерімен бірге оның соңынан ерді. 20 Сол кезде 12 жыл бойы қан кетіп+ қиналып жүрген бір әйел оның арт жағынан келіп, жамылғысының шашағына қолын тигізді+. 21 Өйткені ол ішінен: “Жамылғысына қолымды тигізсем болғаны, айығып кетемін”,— деумен болды. 22 Иса бұрылып, әлгі әйелді көрді де: “Қорықпа, қызым! Сеніміңнің арқасында айықтың+”,— деді. Сол сәтте әйел сауығып кетті+.
23 Иса жетекшінің үйіне келгенде, азалы әуен тартып жатқан сыбызғышыларды және у-шу болып абыржыған жұртты көрді+. 24 Сонда ол: “Бұл жерден шығыңыздар. Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр+”,— деді. Бұны естігенде, олар мысқылдап оған күле бастады. 25 Жұрт сыртқа шығарылғаннан кейін, Иса ішке кіріп, қыздың қолын ұстады+. Сонда қыз орнынан тұрды+. 26 Бұл туралы хабар сол төңіректің бәріне тарап кетті.
27 Иса сол жерден кетіп бара жатқанда, екі зағип кісі+: “Дәуіттің Ұлы, бізге рақым ете көріңіз!”— деп айғайлап, соңынан ілесті. 28 Ол үйге кіргеннен кейін, зағиптар қасына келді. Иса: “Көздеріңді аша алатыныма сенесіңдер ме+?”— деп сұрады. Олар: “Иә, Ием”,— деп жауап берді. 29 Сонда Иса: “Сенімдеріңе сай болсын!”— деп, олардың көздеріне қолын тигізді+. 30 Сол кезде зағиптардың көздері көретін болды. Иса оларға: “Байқаңдар, бұл туралы ешкім білмесін!”— деп қатаң ескертті+. 31 Алайда сыртқа шыққан соң, олар Иса жайлы хабарды сол төңіректің бәріне таратты.
32 Әлгі екеуі кетіп бара жатқанда, жұрт Исаға бойын жын билеген бір мылқауды алып келді+. 33 Бойындағы жыны қуып шығарылғаннан кейін, ол сөйлей бастады+. Жұрт бұған қайран қалып: “Исраилде мұндай нәрсе ешқашан болған емес+!”— десті. 34 Парызшылдар болса: “Ол жындарды жындардың әміршісінің күшімен қуып шығарады”,— деп жатты+.
35 Содан Иса барлық қалалар мен ауылдарды аралай жүріп, мәжілісханаларда тәлім берді, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздады, түрлі ауру-сырқауларды сауықтырды+. 36 Жиналған қалың жұртты көргенде, Иса оларды аяп кетті+. Өйткені олар бағушысы жоқ қойлардай азып-тозған, бейшара күйде еді+. 37 Ол шәкірттеріне: “Иә, жинайтын егін көп, бірақ жұмысшылар аз+. 38 Сондықтан егіннің Иесінен оны жинауға жұмысшылар жіберуін өтініңдер+”,— деді.