Езекиел
1 Мен отызыншы жылдың төртінші айының бесінші күні Кебар өзенінің+ жағасында жер аударылған елдестерімнің арасында жүргенімде+, көк ашылып, Құдайдан аян алдым. 2 Бұл Ехония+ патшаның жер аударылғаннан кейінгі бесінші жылдың төртінші айының бесінші күні еді. 3 Сонда Ехоба* маған, діни қызметкер Бузидің ұлы Езекиелге*, Халдей+ еліндегі Кебар өзенінің жағасында сөзін арнады. Сол жерде Ехоба маған құдіретін дарытты+.
4 Аянда мен мынаны көрдім: солтүстіктен қатты дауыл көтеріліп келе жатты+, алып бұлт пен алаулаған от* көрінді+. Бұлттың айналасы жарқырап тұрды, ал оттың ортасында жалтыраған алтын мен күмістің қоспасына ұқсайтын бірдеңе бар еді+. 5 Оның ортасында тіршілік иесіне ұқсайтын төрт бейне тұрды+. Олардың түр-тұрпаты мынадай еді: денелері адамдікіндей; 6 әрқайсысының төрт беті және төрт қанаты болды+; 7 аяқтары тік, ал толарсақтан төмен жағы торпақтың тұяғындай; аяқтары жалтыратылған мыс іспетті жалт-жұлт етіп тұрды+; 8 олардың төрт қанаты және әр қанатының астында адамдікіндей қолы бар еді; төртеуінің де беттері мен қанаттары болды; 9 қанаттары бір-бірінікіне тиетін. Олар жылжығанда, бұрылмайтын, әрқайсысы тура жүретін+.
10 Төртеуінің де алдында адамдікіндей, оң жағында арыстандікіндей+, сол жағында бұқанікіндей+, ал артында бүркіттікіндей+ беттері бар еді+. 11 Тіршілік иелерінің бет әлпеті осындай болатын. Олардың қанаттары жоғары қарай көтерулі тұрды. Әрқайсысының екі қанаты бір-бірінікіне тиетін, ал қалған екі қанатымен денелерін жабатын+.
12 Әрқайсысы киелі рух қайда бағыттаса, солай қарай тура алға жүретін+. Жүргенде, бұрылмайтын. 13 Тіршілік иелерінің тұла бойы қызып тұрған шоқ іспетті еді. Олардың араларында алауға ұқсайтын бірдеңелер әрі-бері қозғалып жүрді. Алаулардағы от жалындап, ал оттан найзағай ойнап тұрды+. 14 Алға не артқа қозғалғанда, тіршілік иелері найзағайға ұқсайтын.
15 Төрт беті бар тіршілік иелерінің әрқайсысының жанында, жерде бір-бір дөңгелектің тұрғанын көрдім+. 16 Дөңгелектер хризолиттей жалтырайтын. Төртеуінің де пішіні мен құрылысы бірдей еді: бір дөңгелектің ішінде тағы бір дөңгелек орналасқандай көрінетін*. 17 Дөңгелектер қозғалғанда, бұрылмай-ақ төрт бағыттың біріне қарай жүре беретін. 18 Дөңгелек құрсауларының үлкендігі сонша — бойыңды үрей билейді. Құрсаулардың төртеуі де айналдыра көздерге толы еді+. 19 Тіршілік иелері жүрсе, дөңгелектер бірге жүретін, жерден көтерілсе, бірге көтерілетін+. 20 Рух қайда бағыттаса, тіршілік иелері солай қарай жүретін. Олар жоғары көтерілген сайын қастарындағы дөңгелектер де көтерілетін, себебі тіршілік иелеріндегі рух дөңгелектерде де болды. 21 Тіршілік иелері жүргенде, олар да жүретін, тоқтаса, тоқтайтын. Жерден көтерілсе, бірге көтерілетін, себебі тіршілік иелеріндегі рух дөңгелектерде де болды.
22 Тіршілік иелерінің төбе жағында адамды таң-тамаша қалдыратын жалтыраған мұз айдынына ұқсайтын тақта сияқты бірдеңе төселіп жатты+. 23 Тақтаның астында тіршілік иелерінің қанаттары бір-біріне қарай жазылып тұрды. Олардың әрқайсысының оң және сол жақтарында денелерін жабатын қос қанаттары бар еді. 24 Олар қозғалғанда, мен қанаттарының шуылын естідім. Ол сарқырап аққан судың гүріліндей, Құдіреті шексіз Құдайдың даусындай, қалың қолдың шуындай еді+. Олар тоқтағанда, қанаттарын төмен түсіретін.
25 Тіршілік иелерінің төбе жағындағы тақтаның үстінен дауыс естілді. (Олар тоқтағанда, қанаттарын төмен түсіретін.) 26 Тақтаның үстіңгі жағында жақұт тасы сияқты бірдеңе болды+, ол таққа ұқсайтын+, ал үстінде адам іспеттес біреу отырды+. 27 Оның белінен жоғарғы жағы оттай лаулаған алтын мен күмістің қоспасындай жалтыраса+, белінен төменгі жағы оттай алаулап+ тұрды. Ал оның айналасы сәуле шашып тұрды. 28 Оның айналасындағы сәуле жаңбырлы күні бұлт арасынан шығатын кемпірқосаққа ұқсайтын+. Бұл Ехобаның бейне бір салтанаты іспетті еді+. Мұны көргенде, мен жерге етпеттей кеттім. Сонда біреудің даусын естідім.