Езекиел
39 “Адам ұлы, Гогқа қарсы пайғамбарлық+ сөзімді жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мешех пен Тұбалдың+ бас билеушісі Гог, мен саған қарсы шығамын. 2 Мен сені кері айналдырып, солтүстіктің қиыр түкпірінен+ шығарамын да, Исраилдің тауларына барғызамын. 3 Сол қолыңнан садағыңды, ал оң қолыңнан жебелеріңді қағып түсіремін. 4 Сонда сен бүкіл жасағыңмен және күллі халқыңмен Исраил тауларында құлайсың+. Осылай сені алуан түрлі құстар мен жабайы аңдарға жем қыламын+.
5 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Сен ашық далада құлайсың+, өйткені мұны айтқан — мен.
6 Мен Магог жеріне және аралдарда қаннен-қаперсіз тұрып жатқандарға от жіберемін+. Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады. 7 Мен өз халқым Исраилдің арасында киелі есімімді танымал етемін де, бұдан былай оның қорлануына жол бермеймін. Сонда халықтар менің Исраилдегі Киелі Құдай Ехоба+ екенімді біледі+.
8 Міне, пайғамбарлық міндетті түрде орындалады. Мен айтқан күн — осы. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба. 9 Исраил қалаларының тұрғындары сыртқа шығып, қаруларды — үлкенді-кішілі қалқандар, садақтар мен жебелер, шоқпарлар* мен найзаларды — отқа жағады+. Олар қаруларды жеті жыл бойы өртейді. 10 Даладан отын, орманнан ағаш әкелмей, қару-жарақты отын қылады. Олар өздерін талан-таражға салғандарды талан-тараж етеді, тонағандарды тонайды. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
11 Сол күні мен Гогқа+ Исраил елінен, теңіздің шығысындағы жолаушылар аңғарынан, қабір болатын жер беремін де, жолаушылар сол жерден өте алмай, бөгеліп қалады. Гог пен оның бүкіл шулы тобыры сонда жерленеді. Осыдан кейін бұл жер Хамон-Гог аңғары*+ деп аталады. 12 Исраил үйі олардың сүйегін жеті ай бойы жерлеп, жерді тазартатын болады+. 13 Оларды көмуге жердің бүкіл адамдары қатысады. Мен өз даңқымды паш еткен+ күні бұл оларды атақ-даңққа бөлейді. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
14 Адамдар тоқтаусыз елді шарлап жүруге, әрі жерді тазарту үшін, көмілмей қалған өліктерді жерлеуге тағайындалады. Осылай жеті ай бойы іздеу жұмыстары жүреді. 15 Жерді шарлап жүретіндер адам сүйегін көрсе, сол жерге белгі қойып кететін болады. Ал өліктерді жерлеуге тағайындалғандар оны Хамон-Гог аңғарында+ көмеді. 16 Ол жерде Хамона* деп аталатын қала да болады. Осылай жер тазаланады+.
17 Ал сен, адам ұлы, Әлемнің Әміршісі Ехобаның сөзін тыңдап ал. Даладағы түрлі құстар мен күллі жабайы аңдарға мына сөздерімді жеткіз: —Бәрің де жиналып, бері келіңдер! Өздеріңе дайындап жатқан құрбандығыма, Исраил тауларында шалып жатқан үлкен құрбандығыма+ жан-жақтан келіп, ет жеп, қан ішіңдер+! 18 Сендер мықтылардың етін жеп, жердің басшыларының — қошқарлар, тоқтылар, ешкілер мен бұқалардың — қанын ішесіңдер. Бұлардың бәрі Башанның семіз малы. 19 Сендер менің өздеріңе арнап шалатын құрбандығымның майынан тойғанша жеп, қанын мас болғанша ішесіңдер.
20 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Сендер менің дастарқанымнан аттар мен салт аттыларды, мықтылар мен неше түрлі сарбаздарды жеп тойынасыңдар+.
21 Мен халықтар арасында даңқымды паш етемін, сонда бүкіл халықтар өздеріне шығарған үкімімді құдіретті қолыммен жүзеге асырғанымды көреді+. 22 Сол күннен бастап Исраил үйі менің өздерінің Құдайы Ехоба екенімді білетін болады. 23 Ал өзге халықтарға Исраил үйінің өз күнәлары үшін, маған адал болмағандары үшін+, жер аударылғаны белгілі болады. Мен олардан жүзімді жасырып+, жауларының қолына бердім+, осылай барлығы семсерден қырылды. 24 Мен арам істері мен қылмыстарына қарай әрекет етіп, олардан жүзімді жасырған едім.
25 Ал енді Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен Жақыптың тұтқынға айдалған ұрпағын қайтарамын+, күллі Исраил үйіне мейірімімді түсіремін+. Осылайша киелі есімімді қызғыштай қорғаймын+. 26 Маған жасаған барлық опасыздықтары үшін масқара болғаннан кейін+, олар өз жерлерінде қауіпсіз өмір сүреді, әрі ешкім оларды қорқытпайды+. 27 Халқымды өзге халықтар арасынан әкелгенімде, жауларының жерінен жинап алғанымда+, көптеген халықтардың көзінше солардың арасында киелілігімді паш етемін+.
28 Халықтар арасына тұтқынға айдап, ал кейіннен бірін қалдырмай жинап алып, өз жерлеріне әкелгенімде+, олар менің өздерінің Құдайы Ехоба екенімді білетін болады. 29 Исраил үйіне рухымды төккендіктен+, мен олардан енді қайтып жүзімді жасырмаймын+. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.