Езекиел
6 Ехоба тағы да маған сөзін арнап мынаны айтты: 2 “Адам ұлы, Исраил тауларына қарап, оларға қарсы пайғамбарлық етіп, 3 былай де: —Ей, Исраил таулары, Әлемнің Әміршісі Ехобаның айтқанына құлақ түріңдер. Әлемнің Әміршісі Ехоба тау-төбелерге, өзендер мен аңғарларға мынаны айтады: —Мен сендерге семсер жіберіп, ғибадат төбелеріңді талқандаймын! 4 Құрбандық орындарың мен хош иісті заттар түтететін үстелдеріңді де қиратамын+. Өлгендердің денелерін жеркенішті пұттарыңның алдына лақтырып тастаймын+. 5 Исраил халқының өліктерін жеркенішті пұттарының алдына лақтырып, сүйектерін құрбандық орындарының айналасына шашып тастаймын+. 6 Сендер тұрған жерлердің бәрінде қалалар қаңырап бос қалады+, ғибадат төбелері де жермен-жексен болып, талқандалады+. Құрбандық орындарыңның тас-талқаны шығып, шашылады, жеркенішті пұттарың да ғайып болады. Хош иісті зат түтететін үстелдерің қирайды, өз қолдарыңмен жасаған нәрселерің құрып кетеді. 7 Араларыңда өліктер сұлап жатады+. Сол кезде менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар+.
8 Бірақ мен араларыңнан тамтық қалдырамын, өйткені шартарапқа бытырап кеткендеріңде, халықтар арасында кейбірің семсерден аман қаласыңдар+. 9 Сол аман қалғандар өзге халықтар арасында тұтқында жүріп, мені естеріне алады+. Олар жүректері опасыз болып, менен теріс айналғандарының+ және жеркенішті пұттарына құмарта қарағандарының+ маған қаншалықты ауыр тигенін түсінетін болады. Сонда барлық зұлымдықтары мен жексұрын қылықтарынан жиреніп, ұялады+. 10 Олар менің Ехоба екенімді әрі осындай пәлеге ұшыратамын деп бекер айтпағанымды білетін болады+.
11 Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Сен Исраил үйінің жасаған барлық зұлымдықтары мен жеркенішті істерін жоқтап, шапалақ қағып, жер тепкіле. Себебі олар семсерден, аштық пен індеттен қырылады+. 12 Алыстағылары індеттен, жақындағылары семсерден, ал бұлардан аман қалғандары аштықтан өледі. Осылай мен оларға бар қаһарымды төгемін+. 13 Олардың өлі денелері жеркенішті пұттарының әрбірін тыныштандыру үшін хош иісті заттар түтеткен жерлерде — жеркенішті пұттары мен құрбандық орындарының айналасында+, тау-төбелердің басында, әрбір жайқалған ағаш пен үлкен талдың бұтақтарының астында жатады+. Сонда сендер менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар+. 14 Оларға қолымды созып, жерлерін қаңыратып бос қалдырамын, тұрған жерлерінің бәрі Дибланың маңындағы шөл даладан бетер жапан түзге айналады. Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады”.