Жоханның 2-хаты
1 Құдай таңдаған ханым мен оның балаларына ақсақал жазып отыр. Мен сендерді шын жүректен жақсы көремін, мен ғана емес, шындықты білгендердің барлығы да жақсы көреді. 2 Өйткені бәріміздің жүрегімізде шындық бар, әрі мәңгі бола бермек. 3 Шындық пен сүйіспеншілік, сондай-ақ Құдай Әке мен оның Ұлы Иса Мәсіхтің рақымы, мейірімі мен тыныштығы бізбен бірге болады.
4 Балаларыңның кейбірі Әкеден алған өсиетке сай шындық жолында жүргенін біліп, қатты қуандым+. 5 Ханым, осы хатымда бір-бірімізді сүюге қатысты өсиетті орындауыңды өтініп отырмын. Бұл өсиет жаңа емес, ол бізде бастапқыдан-ақ бар+. 6 Сүйіспеншілік дегеніміз — Әкенің өсиеттері бойынша жүру+. Өздерің бастапқыда естіген оның осы өсиетіне сай, әрі қарай да сүйіспеншілік танытып өмір сүріңдер. 7 Дүниеде көптеген алдаушылар пайда болды+. Олар Иса Мәсіхтің адам болып келгенін мойындамайды+. Мұндай адам — алдаушы және Мәсіхке қарсы шығушы+.
8 Еңбегіміз зая кетпей, сыйды толықтай алуларың үшін+, өздеріңе сақ болыңдар. 9 Мәсіхтің ілімін ұстанбай, киіп-жарып алға ұмтылатын адамның Құдаймен қатынасы жоқ+. Ал осы ілімді ұстанатын адамның Әкемен де, оның Ұлымен де қатынасы бар+. 10 Егер сендерге келген біреу осы ілімді әкелмесе, оны үйлеріңе кіргізбеңдер+, сәлемін де алмаңдар. 11 Өйткені онымен сәлемдескен адам оның зұлым істеріне ортақтасады.
12 Сендерге айтарым көп болғанымен, оның бәрін сиямен қағазға жазғым келмеді. Өйткені өздеріңе барып, жүзбе-жүз сөйлесемін деп үміттенемін. Сонда зор қуанышқа кенелесіңдер.
13 Құдай таңдаған әпкеңнің балалары саған сәлем айтып жатыр.