Самуилдің 1-жазбасы
19 Содан Саул өзінің ұлы Жонатан мен барлық қызметшілеріне Дәуітті өлтіргісі келетінін айтты+. 2 Жонатан болса Дәуітті қатты жақсы көретін+. Сондықтан оған былай деді: “Әкем сені өлтіргісі келіп жүр. Ертең таңертең сақ болшы, таса жерге барып, жасырына тұр. 3 Ал мен қала сыртында сен жасырынып отырған жерде әкеммен кездесіп, сен жайлы сөйлесіп көремін. Бірдеңе білсем, саған айтамын+”.
4 Жонатан әкесіне Дәуітті мақтап+, былай деді: “Тақсыр, қызметшіңіз Дәуітке қарсы күнә жасамаңыз. Сіздің алдыңызда оның еш айыбы жоқ, қайта, бәрін сіздің пайдаңыз үшін істеп жүр. 5 Дәуіт өмірін қатерге тіге отырып, әлгі філістірді өлтірді+. Осылай Ехоба сол арқылы бүкіл Исраилді зор жеңіске жеткізді. Мұны өзіңіз де көріп, қуанған едіңіз ғой. Ендеше, Дәуітті еш себепсіз өлтіріп, жазықсыз адамның қанын мойныңызға алып, күнә жасап қайтесіз+?” 6 Саул Жонатанның сөзіне құлақ асып: “Ехобаның тірі екеніндей хақ сөзім — Дәуіт өлмейді!”— деді. 7 Бұдан кейін Жонатан Дәуітті шақырып алып, әкесімен болған әңгімені түгел айтып берді де, Саулға ертіп апарды. Содан Дәуіт бұрынғыдай қызметін жалғастыра берді+.
8 Біраз уақыт өте тағы да філістірлермен соғыс басталды. Дәуіт оларды ойсырата жеңді де, жау қашуға мәжбүр болды.
9 Бірде Саул сарайында қолына найза ұстап отырғанда, оған Ехоба жіберген жаман рух әсер ете бастады+. Бұл кезде Дәуіт арфа тартып отырған еді+. 10 Кенет ол Дәуітті қабырғаға қадап тастағысы келіп, найзасын оған қарай лақтырып жіберді. Бірақ ол жалтарып үлгерді де, найза қабырғаға қадалды. Сол түні Дәуіт бассауғалап қашып кетті. 11 Сонда Саул таң атысымен Дәуітті өлтіру үшін үйіне адамдар жіберіп, күзеттіріп қойды+. Бірақ Дәуіттің әйелі Михал: “Бүгін түнде қашпасаң, ертеңге дейін аман қалмайсың”,— деп, 12 сол заматта оны терезеден түсіріп, қашырып жіберді. 13 Ал өзі терафим мүсінін* алып, төсекке жатқызды. Оның бас жағына ешкі түбітінен тоқылған жабуды қойып, үстін киіммен бүркеп қойды.
14 Саул Дәуітті ұстауға адамдар жіберді, бірақ Михал оларға: “Ол ауырып жатыр”,— деді. 15 Сонда Саул адамдарын Дәуіттің өзін көруге жұмсап: “Оны төсегімен қоса алып келіңдер, мен оның көзін құртамын!”— деп тапсырды+. 16 Олар үйге кіріп қараса, төсекте жатқан мүсін екен, ал оның бас жағына ешкі түбітінен тоқылған жабу қойылыпты. 17 Саул Михалға: “Неге мені осылай алдап, жауымды+ қашырып жібердің?”— деді. Қызы мынаны айтты: “Ол: —Мені жібер, әйтпесе, өлтіремін!— деді”.
18 Дәуіт болса бассауғалап, Рамақтағы Самуилге+ барып паналады. Ол Саулдың өзіне не істегенінің бәрін айтып берді. Содан екеуі Найотқа барып, сол жерде тұрақтады+. 19 Біраз уақыт өте Саулға “Дәуіт Рамақтағы Найотта тұрып жатыр екен” деген хабар жетті. 20 Сол заматта ол Дәуітті ұстап әкелуге адамдар жіберді. Олар пайғамбарлық етіп жатқан егде пайғамбарлар мен олардың басшысы Самуилді көргенде, Құдай рухы қонып, өздері де пайғамбарлар іспетті әрекет ете бастады.
21 Бұл жайлы Саулға хабарлағанда, ол бірден басқа адамдарды жұмсады, бірақ олар да пайғамбарларша әрекет ете бастады. Саул үшінші рет адамдарын жібергенде, олармен де солай болды. 22 Ақырында, Саулдың өзі Рамаққа барды. Ол Секудегі үлкен су қоймасына жеткенде: “Самуил мен Дәуіт қайда?”— деп сұрастыра бастады. Жұрт оған: “Рамақтағы Найотта”+,— деп жауап берді. 23 Патша солай қарай беттегенде, оған да Құдай рухы қонып, ол Рамақтағы Найотқа жеткенше пайғамбарларша әрекет етті. 24 Саул үстіндегі киімін шешіп тастады. Ол Самуилдің алдында өзін пайғамбарларша ұстап, күні бойы және түнімен киімсіз жатты. “Саул да пайғамбар болып кеткен бе?” деген сөз осыдан қалған+.