Патшалар 1-жазба
5 Тир+ патшасы Хирам Сүлейменнің әкесі Дәуіттің орнына патша болып майланғанын естігенде, оған қызметшілерін жіберді. Өйткені ол Дәуіттің досы еді+. 2 Сүлеймен де Хирамға сәлем жолдап былай деді+: 3 “Өзіңіз білетіндей, әкем Дәуіт Құдайы Ехобаның есіміне арнап үй сала алмай кетті. Себебі ол Ехоба жан-жақтағы жауларын аяғына жығып бергенше, солармен соғысумен болды+. 4 Ал маған Құдайым Ехоба айнала тыныштық сыйлағандықтан+, еліміз аман, жұртымыз тыныш+. 5 Енді мен әкем Дәуітке Ехобаның “менің есімімді даңққа бөлейтін үйді сенен кейін таққа отыратын ұлың салады” деген уәдесіне сай, Құдайым Ехобаның атына арнап үй салмақпын+. 6 Сондықтан қызметшілеріңізге маған арнап Ливаннан қарағайлар+ кесіп беруді бұйырыңызшы. Олармен бірге жұмыс істеуге мен өз адамдарымды жіберейін. Қызметшілеріңіз үшін қандай ақы сұрасаңыз да төлеймін. Өйткені өзіңіз білетіндей, арамызда сидондықтар сияқты, ағаш кесуге шебер ешкім жоқ+”.
7 Мұны естігенде, Хирам қатты қуанып: “Дәуітке осындай ұлы халыққа билік ететін дана ұл берген Ехоба Құдай мадақталсын!”— деді+. 8 Бұдан кейін Сүлейменге мынадай хабар жіберді: “Маған жолдаған сәлеміңді алдым. Қалауың бойынша қарағай, арша бөренелерін+ жіберейін. 9 Қызметшілерім оларды Ливаннан теңізге әкеледі. Мен оларды бір-біріне байлап сал жасап, өзің айтқан жерге теңіз арқылы жеткіземін де, әрі қарай әкетуің үшін ажыратып беремін. Сен де менің өтінішімді орындап, үй ішімді өзім сұраған азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұр+”.
10 Сөйтіп, Хирам Сүлейменнің қалауы бойынша оған қарағай, арша бөренелерін жіберіп отырды. 11 Сүлеймен болса жыл сайын Хирамның үй ішін 20 000 кор* бидай, 20 кор таза зәйтүн майымен қамтамасыз етіп тұрды+. 12 Ехоба өзі уәде еткендей, Сүлейменге даналық сыйлады+. Хирам мен Сүлейменнің арасында татулық болды, әрі екеуі өзара келісім жасасты.
13 Сүлеймен патша бүкіл Исраил елінен 30 000 басыбайлы жұмысшы жинап+, 14 ай сайын 10 000 адамнан Ливанға жіберіп отырды. Олар Ливанда бір ай жұмыс істеген соң, екі ай үйлерінде болатын. Олардың үстінен қарауға Адонирам+ тағайындалды. 15 Сондай-ақ Сүлейменнің 70 000 қара жұмысшысы* және тауда тас кесетін 80 000 адамы+ болды+. 16 Сонымен қатар жұмысшыларды қадағалайтын 3300 басқарушы тағайындалды+. 17 Жұмысшылар патшаның бұйрығы бойынша киелі үйдің іргесін+ қашалған тастардан+ салу үшін, үлкен әрі қымбат тастар өндірді+. 18 Содан Сүлеймен патша мен Хирамның құрылысшылары және гебалдықтар+ тастар кесіп, киелі үй салуға қажетті бөренелер мен тастар дайындады.