Нехемия
2 Артаксеркс патшаның+ билік құруының жиырмасыншы жылының+ нисан айы болатын. Патшаның алдына шарап әкелінгенде, мен оны әдеттегідей патшаға ұсындым+. Бұған дейін оның алдында ешқашан көңілсіз болған емес едім. 2 Сондықтан патша маған: “Ауырып тұрғанға ұқсамайсың, неге сонша көңілсізсің? Жүрегіңді бірдеңе мазалап тұр ғой”,— деді. Мен қатты қорқып кеттім.
3 Сонда патшаға: “Патшаның ғұмыры ұзақ болсын! Ата-бабаларымның сүйегі қойылған қала қирап, қақпалары өртеніп кеткен болса+, қалай көңілсіз болмайын?!”— деп жауап қаттым. 4 Патша: “Ендеше не істемек ойың бар?”— деп сұрады. Сол кезде мен көктегі Құдайға дереу дұға етіп алдым да+, 5 оған: “Егер патшам мақұл көріп, мендей құлына ықыласы түссе, мені Яһуда жеріне, ата-бабаларымның сүйегі қойылған қалаға жіберсе екен. Мен оны қайта тұрғызар едім”,— дедім+. 6 Сонда патша (бұл кезде патшайым қасында отырған болатын) менен: “Сапарың қанша уақытқа созылады, қашан ораласың?”— деп сұрады. Патшаның мені жіберуге ықыласты екенін көріп+, сапардың қанша уақытқа созылатынын айттым+.
7 Сосын патшаға: “Егер патша мақұл көрсе, Яһудаға жеткенімше, жерлерінен өте алуым үшін, Евфраттың+ батыс өлкесіндегі әміршілерге хат жазылып, қолыма берілсе екен. 8 Сондай-ақ ғибадатхананың жанындағы Бекіністің+ қақпаларына, қаланың қабырғаларына+ және өзім тұратын үйге қажетті бөренелер берсін деп, Патша орманының қараушысы Асапқа да хат жазылса екен”,— дедім. Құдайым мені қолдап, патша осы хаттарды жазғызып берді+.
9 Содан Евфраттың батыс өлкесіндегі әміршілерге келіп, патшаның хаттарын бердім. Патша маған қолбасшылар мен атты жауынгерлерді де ертіп жіберген болатын. 10 Хорондық Санбалат+ пен аммондық+ қызметкер Тобия+ менің келе жатқанымды естігенде, олар біреудің Исраил халқына жақсылық жасамақ болғанына қатты наразы болды.
11 Сөйтіп, Иерусалимге келіп, сол жерде үш күн болдым. 12 Сосын түнде тұрып, қасыма бірнеше адам ертіп алдым. Бірақ Иерусалимге қатысты Құдайым жүрегіме қандай ой салғанын ешкімге айтқан жоқпын. Астымдағы жануардан басқа ешқандай жануар болған жоқ. 13 Түнде Аңғар қақпасынан+ шығып, Дәу жылан бұлағының алдынан өтіп, Күл-қоқыс қақпасына+ дейін келіп, Иерусалимнің қираған қабырғалары мен өртеніп кеткен қақпаларын қарап шықтым+. 14 Сосын Бұлақ қақпасы+ мен Патша хауызына қарай бет алдым, бірақ онда астымдағы жануар өтетін жер болмады. 15 Содан түн ішінде аңғармен+ көтеріле отырып, сондағы қабырғаны тексеріп шықтым. Кейін кері қайтып, Аңғар қақпасы арқылы ішке кірдім.
16 Басқарушылар+ қайда барғанымды, не істеп жүргенімді білген жоқ. Өйткені яһудилерге де, діни қызметкерлерге де, беделді адамдарға да, басқарушылар мен жұмысшыларға да әлі ештеңе айтқан жоқ едім. 17 Ақырында, мен оларға: “Жағдайымыздың қандай мүшкіл екенін, Иерусалимнің қирап, қақпалары өртеніп кеткенін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Иерусалимнің қабырғасын қайта тұрғызайық, әрі қарай масқара болмайық”,— дедім. 18 Сосын оларға Құдайымның мені қалай қолдағанын+, патшаның маған не дегенін айтып бердім+. Сонда олар: “Мақұл, қабырғаны тұрғызайық!”— деп, осы игі іске білек сыбана кірісуге бел буды+.
19 Хорондық Санбалат, аммондық+ қызметкер Тобия+ мен арабиялық Гешем+ бұл туралы естігенде, бізді мазақ етіп+, жақтырмай: “Әй, бұл істеп жатқандарың не? Патшаға қарсы шықпақсыңдар ма?”— деді+. 20 Мен оларға: “Көктегі Құдайдың өзі біздің ісімізді оңғарады+. Біздер, оның қызметшілері, қабырғаны қайта тұрғызамыз. Ал сендердің Иерусалимде үлестерің де, оған қатысты құқықтарың да, тарихында алған орындарың да жоқ”,— деп жауап бердім+.