Елшілердің істері
19 Аполлос+ Қорынтта болғанда, Пауыл Азияның теңізден шалғай жатқан аймақтарын аралап, Ефеске+ келді. Сонда біраз шәкірттерді тауып, 2 олардан: “Исаның ізбасары болғанда киелі рухты қабылдадыңдар ма?”+— деп сұрады. “Біз киелі рух туралы естіген емеспіз”,— деді олар. 3 Сонда Пауыл: “Қандай шомылдыру рәсімінен өткен едіңдер?”— деп сұрағанда, олар: “Жақияның рәсімінен”,— деп жауап берді+. 4 Пауыл былай деді: “Жақия халықты өкінудің белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өткізгенде+, оларды өзінен кейін келе жатқан кісіге+, яғни Исаға, сенуге шақырды”. 5 Мұны естіген шәкірттер Иеміз Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өтті. 6 Пауыл үстеріне қолын қойғанда, олар киелі рухқа кенелді де+, өзге тілдерде сөйледі, әрі пайғамбарлық ете бастады+. 7 Сол жерде бас-аяғы 12 адам болды.
8 Пауыл үш ай бойы мәжілісханаға барып+, батылдықпен баяндамалар айтып жүрді, әрі Құдай Патшалығы туралы бұлтартпас дәлелдер келтіре отырып пікір алысты+. 9 Алайда кейбіреулер сенгілері келмей қасарысып, жұрт алдында осы Жолды* қаралай бастады+. Сонда Пауыл шәкірттерді ертіп, сол арадан кетіп қалды+. Кейін ол күн сайын Тиранның дәрісханасында баяндамалар айтып жүрді. 10 Бұл екі жылға жалғасып, Азия* аймағында тұратындардың бәрі: яһудилер де, гректер де — Иеміздің сөзін естіді.
11 Құдай Пауыл арқылы зор құдіретті істер жасады+. 12 Тіпті оның алжапқышы мен беторамалын науқастарға апарғанда+, олар айығып кетті және жындар бойларынан шықты+. 13 Ел аралап, адамдардан жындарды шығарып жүрген кейбір яһудилер де Иеміз Исаның атын қолданбақ болып, бойында жыны барларға: “Пауыл уағыздап жүрген Исаның атынан бұйырамын”+,— деп айтып жүрді. 14 Скеуа есімді яһудилердің жоғарғы діни қызметкерінің жеті ұлы да осылай ететін. 15 Бірақ жын оларға: “Исаны білемін+, Пауылды да танимын+, ал сендер кімсіңдер?”— деді. 16 Осыны айтқан соң, бойында жыны бар адам оларға қарай атылып, барлығын жеңіп шықты. Жарақаттанған олар үйден жалаңаш күйі қаша жөнелді. 17 Бұл жайт Ефестегі яһудилер мен гректердің барлығына мәлім болып, бойларын үрей биледі. Ал Иеміз Исаның есімі мадақтала берді. 18 Исаның ізбасары болғандардың көбі келіп, күнәкар екендерін ашық мойындап, жасаған зұлымдықтарын айтып жатты. 19 Сондай-ақ сиқырлықпен айналысқан көптеген адамдар кітаптарын әкеліп, жұрттың көзінше өртеп жіберді+. Олардың құнын есептегенде, 50 000 күміс ақша болып шықты. 20 Осылайша Ехобаның сөзі зор қарқынмен тарап, ықпалы арта берді+.
21 Осы оқиғалардан кейін Пауыл Македония+ мен Ахая арқылы өтіп, Иерусалимге баруды ұйғарды+. “Сонда болған соң, Римге де баруым керек+”,— деді ол. 22 Өзіне қолғабыс еткен Тімөте+ мен Ерасты+ Македонияға жібергеннен кейін, Пауыл Азия аймағында біраз уақытқа кідірді.
23 Сол уақытта осы Жолға+ байланысты үлкен толқу болды+. 24 Деметір есімді күміс зергері күмістен Артемида тәңірінің кішкентай ғибадатханаларын жасап, зергерлерге көп кіріс әкелетін+. 25 Ол зергерлерді және осы іспен айналысатын өзге де адамдарды жинап алып, былай деді: “Жігіттер, осы кәсіптің арқасында табыс тауып жатқанымызды жақсы білесіңдер. 26 Сондай-ақ Пауыл деген кісінің Ефесте+ ғана емес, Азия аймағының басым бөлігінде қолдан жасалған құдайлардың шын мәнінде құдай емес екенін айтып, көп адамды басқа көзқарасты ұстануға иландырғанын да көріп, естідіңдер+. 27 Біздің кәсібіміздің жақсатына ғана қауіп төніп тұрған жоқ, сондай-ақ құдіретті әйел тәңір Артемиданың ғибадатханасының беделі түсіп, Азия мен бүкіл дүниежүзі құрмет тұтатын ұлылығы да аяқасты болмақ”. 28 Бұны естігендердің бойын ашу кернеп: “Ефестіктердің Артемидасы құдіретті!”— деп айқайлай бастады.
29 Содан бүкіл қала дүрлігіп, Пауылдың македондық серіктері Гай мен Арыстарқты+ сүйреп, театрға лап қойды. 30 Пауыл тобыр арасына бармақ болғанда, шәкірттер бұған жол бермеді. 31 Тіпті Пауылға достық сыңай танытқан кейбір ойын-сауық ұйымдастырушылар оған хабар жіберіп, театрға барып өмірін қатерге тікпеуін өтінді. 32 Ал жиналғандардың кейбірі бір нәрсені айтса, өзгесі басқаны айтып айқайлап жатты. Көбісі не үшін келгендерін білмей, абыр-сабыр болды. 33 Содан яһудилер Ескендірді тобырдың ішінен итеріп алға шығарды. Ал Ескендір жұртқа сөз сөйлемек болып, қолымен белгі берді. 34 Алайда оның яһуди екенін білген жұрт шамамен екі сағат бойы: “Ефестіктердің Артемидасы құдіретті!”— деп бәрі бірге айқайлап тұрды.
35 Ақырында, қала әкімі тобырды тыныштандырып, былай деді: “Ефестіктер, құдіретті Артемиданың ғибадатханасын және көктен түскен бейнені сақтайтын қала Ефес екенін кім білмейді?! 36 Бұған еш дау жоқ болғандықтан, сендердің сабыр сақтап, еш ағаттық істемегендерің дұрыс. 37 Өйткені сендер әкелген мына адамдар ғибадатхананы тонаған жоқ, әйел тәңірімізге де тіл тигізбеді. 38 Ал егер Деметір+ мен күміс зергерлерінің оларға тағар айыбы болса, бұл үшін сот жүргізілетін күндер мен аймақ әміршілері* бар. Арыз-шағымдарын сонда апарсын. 39 Ал бұдан басқа мәселелерің болса, ол заңды жиналыста шешіледі. 40 Бүгінгі оқиға үшін бізге көтеріліс ұйымдастырды деген айып тағылуы мүмкін, өйткені мұндай тәртіпсіздікті түсіндіретін біздің еш себебіміз жоқ”. 41 Қала әкімі осыны айтты да, жиналған жұртты таратып жіберді.