Петірдің 1-хаты
5 Мен, Мәсіхтің шеккен азабының куәсі болған, ал келешекте анық көрінетін ұлылыққа+ ортақтасатын ақсақал, араларыңдағы ақсақалдарды мынаған шақырамын: 2 бақылаушылар ретінде өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарын+ ықтиярсыз емес, Құдай алдында шын көңілмен+, қандай да бір пайда көздеп емес+, бар ынта-жігермен бағыңдар; 3 сондай-ақ Құдайдың меншігіне өктемдік етпей+, қайта, отарға үлгі-өнеге болыңдар+! 4 Сонда бас бағушы+ анық көрінгенде, сендер солмайтын ұлылық тәжін аласыңдар+.
5 Сол сияқты, сендер, жасы кішілер, үлкендерге* бағыныңдар+! Бәрің де өзара арақатынастарыңда кішіпейіл болыңдар! Өйткені Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, ал кішіпейілдерге рақымын төгеді+.
6 Сондықтан уақыты келгенде Құдай сендерді жоғарылату үшін+, оның құдіретті қолының астына бойсұныңдар. 7 Бар уайымдарыңды оған артыңдар+, себебі ол қамдарыңды ойлайды+. 8 Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар+! Өйткені жауларың Ібіліс ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүр+. 9 Бірақ сендер сенімде берік болып, оған қарсы тұрыңдар+! Дүниежүзіндегі барлық бауырластарың да осылай қасірет шегіп жүргенін білесіңдер ғой+. 10 Бірақ аз уақыт қасірет шеккендеріңнен кейін, Мәсіхпен бірлікте болғандарың үшін, мәңгі ұлылығына бөленуге шақырған+ әрі рақым атаулының қайнар көзі — Құдайдың өзі тәлімдеріңді ақырына дейін жеткізіп, сендерді нығайтып+, күшейтеді+, негіздеріңді берік етеді. 11 Құдірет мәңгілік соған тиесілі болсын! Аумин.
12 Мен өзім адал деп санайтын Силуан*+ бауырласқа осы бірер сөзді жаздырдым. Ондағы мақсатым — сендерді жігерлендіру, Құдайдың шынайы рақымы жайлы бар ынтаммен куәлік ету. Осы рақымнан айырылмаңдар! 13 Өздерің сияқты таңдалып алынған Бабылдағы ханым*, сондай-ақ ұлым Марқа+ сендерге сәлем жолдауда. 14 Сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, бір-біріңді сүйіп амандасыңдар.
Мәсіхпен бірліктегі сендердің бәріңе тыныштық тілеймін!