Мұсаның 5-жазбасы
16 Абиб* айын есте ұстап, Ехоба Құдайларыңа бағышталған Құтқарылу мейрамын тойлаңдар+. Өйткені сол айда түнде Ехоба Құдайларың сендерді Мысыр елінен алып шыққан+. 2 Құтқарылу мейрамының құрбандығына отар-табындарыңнан мал алып+, Ехоба Құдайларыңа арнап шалыңдар+. Оны Ехоба өз есімін даңқтау үшін таңдап алған жерде ұсыныңдар+. 3 Құрбандық етін ашытылған ештеңемен жемеңдер+. Жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер, бұл — шеккен азаптарыңды еске салатын нан, себебі Мысыр елінен асығыс шыққансыңдар+. Осылайша көздерің тірі кездің бәрінде Мысыр елінен шыққан күнді ұмытпайсыңдар+. 4 Жеті күн бойы тұратын жерлеріңнің бәрінде ашытқы атаулы болмасын+. Бірінші күні кешке шалынған құрбандықтың еті таңертеңге дейін қалмасын+. 5 Құтқарылу мейрамының құрбандығын Ехоба Құдайларың бергелі жатқан қалалардың ешқайсысында шалуға болмайды. 6 Оны тек Ехоба Құдайларың өз есімін даңқтау үшін таңдаған жерде ғана шалыңдар. Мейрам құрбандығын күн бата салысымен+, яғни кезінде Мысырдан шығуға белгіленген уақытта ұсыныңдар. 7 Етті отқа қақтап, Ехоба Құдайларың таңдаған жерде+ жеңдер+, ал таң атқан соң шатырларыңа оралыңдар. 8 Алты күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Жетінші күні Ехоба Құдайларыңа арнап қасиетті жиын өткізіңдер. Ешқандай жұмыс істемеңдер+.
9 Осы кезден, егіндікке алғаш орақ салған кезден, бастап жеті апта санаңдар+. 10 Сосын Ехоба Құдайларыңның берген батасына қарай ерікті сый-тартулар әкеліп+, Ехоба Құдайларыңа арнап Апталар мейрамын* тойлаңдар+. 11 Ехоба Құдайларың өз есімін даңқтау үшін таңдаған жерде өздерің де, ұл-қыздарың да, құл-күңдерің де, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктер де, жатжерліктер мен араларыңдағы жетім-жесірлер де Ехоба Құдайларыңның алдында қуансын+. 12 Мысырда құл болғандарыңды есте ұстап+, осы нұсқауларды бұлжытпай орындаңдар.
13 Астық бастырып, жүзім шырыны мен зәйтүн майын сығып болғаннан кейін, жеті күн бойы Күркелер* мейрамын тойлаңдар+. 14 Осы мейрам кезінде өздерің де, ұл-қыздарың да, құл-күңдерің де, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктер де, жатжерліктер мен жетім-жесірлер де қуанып шаттаныңдар+. 15 Ехоба Құдайларыңа арналған мейрамды Ехоба таңдаған жерде жеті күн бойы тойлаңдар+, себебі Ехоба Құдайларың мол өніммен жарылқап, әрбір істеріңе батасын береді+. Сонда тек қуанатын болыңдар+.
16 Еркек кіндіктілердің бәрі Ехоба Құдайларыңның алдына, оның өзі таңдаған жерге жылына үш мәрте: Ашымаған нан мейрамы+, Апталар мейрамы+ және Күркелер мейрамында+ — келетін болсын. Ешқайсысы Ехобаның алдына құралақан келмесін. 17 Әрқайсысы Ехоба Құдайларыңның берген батасына қарай сый-тарту әкелсін+.
18 Ехоба Құдайларың бергелі отырған қалалардың бәрінде әр руға арнап билер+ мен басшылар тағайындаңдар. Олар халықтың үстінен әділ сот жүргізуі керек. 19 Әділдікті бұрмаламаңдар+, алалаушылық танытпаңдар+, пара да алушы болмаңдар. Өйткені пара дана адамды соқыр етіп+, әділдің сөзін бұрмалайды. 20 Әділдікке, тек әділдікке ұмтылыңдар+! Сонда аман болып, Ехоба Құдайларың бергелі отырған жерді иемденесіңдер.
21 Ехоба Құдайларыңа арналған құрбандық орнының қасына қасиетті бағана ретінде табыну үшін ешқандай ағаш отырғызбаңдар+.
22 Қасиетті тас бағаналар* да орнатпаңдар+, себебі олар Ехоба Құдайларыңа жеркенішті.