Мұсаның 5-жазбасы
17 Қандай да бір кемістігі бар бұқа не қойды Ехоба Құдайларыңа арнап құрбандыққа шалмаңдар. Себебі бұл Ехоба Құдайларыңа жеркенішті+.
2 Егер Ехоба Құдайларың бергелі жатқан қалалардың бірінде қандай да бір еркек не әйел Ехоба Құдайларыңның алдында жаман іс жасап, келісімін бұзса+, 3 тура жолдан тайып, мен тыйым салған нәрселерге+: жалған тәңірлерге, күнге, айға немесе басқа да көктің күллі әскеріне — тағзым етіп, құлшылық етсе+, 4 сосын бұл жайлы біреу саған айтып келсе не өзің естіп қалсаң, мұқият тергеу жүргіз. Егер Исраилде осындай жеркенішті жайттың орын алғаны дәлелденсе+, 5 осы зұлымдықты жасаған еркекті не әйелді қала сыртына шығарып, таспен атқылап өлтіру керек+. 6 Оны өлімге кесу үшін, қылмысты екі не үш куәгер растау қажет+. Бір куәгердің растауымен адамды өлімге кесуге болмайды+. 7 Оны өлтіру үшін алдымен куәгерлер, сосын бүкіл жұрт тас лақтырсын. Осылайша араңнан зұлымдықты аластат+.
8 Егер қалаңда туындаған мәселеге — кісі өлтіру+, шағым, зорлық-зомбылық, дау-жанжал сияқты мәселеге — шешім шығару сен үшін тым қиын болса, Ехоба Құдайың таңдаған жерге барып+, 9 леуілік діни қызметкерлерге және сол уақыттағы биге жүгін+. Олар саған мәселенің шешімін айтып береді+. 10 Содан соң Ехоба таңдаған жерде айтылған сол шешімге сай әрекет ет. Олардың нұсқауын бұлжытпай орында. 11 Олар саған көрсеткен заңға, шығарып берген шешімге сай әрекет ететін бол+. Сол шешімнен оңға да, солға да тайма+. 12 Кімде-кім Ехоба Құдайыңның алдында қызмет етіп жатқан діни қызметкердің не бидің шешімін тыңдамай, менмендік танытса, сол адам өлтірілсін+. Осылай Исраилдің арасынан зұлымдықты аластат+. 13 Бұл жайтты естіген күллі халық қорқып, менмендік танытпайтын болады+.
14 Ехоба Құдайларың бергелі отырған жерге кіріп, оны иемденіп, орнығып алған соң, сендер: “Айналамыздағы барлық халықтар сияқты, біз де өзімізге патша тағайындап алайық”,— дейтін боласыңдар+. 15 Сонда Ехоба Құдайларың таңдаған адамды патша етіп тағайындаңдар+. Патшаны бауырларыңның арасынан тағайындаңдар. Бауырың емес жатжерлік адамды патша етуші болмаңдар. 16 Патша жылқыларын көбейтпесін+, сондай-ақ көптеп жылқы алдырту үшін, халықты Мысырға жібермесін+. Өйткені Ехоба сендерге: “Мысырға ешқашан оралушы болмаңдар”,— деген. 17 Сондай-ақ жүрегі бұзылып кетпес үшін, көп әйел алмасын+, тым көп алтын-күміс те жинамасын+. 18 Патшалығының тағына отырғанда, ол леуілік діни қызметкерлердің қолындағы Заң кітабының* көшірмесін жасап алсын+.
19 Ехоба Құдайынан қорқуды үйрену үшін және осы Заңдағы сөздер мен ережелердің бәрін орындау үшін+, патша оны әрдайым жанында ұстап, өмір бойы оқысын+. 20 Сонда ол өзін бауырларынан жоғары қоймайтын, Құдай заңынан оңға да, солға да ауытқымайтын болады, сондай-ақ өзі де, артындағы ұрпақтары да Исраилге ұзақ уақыт билік жүргізеді.