Еремия
35 Яһуданың патшасы Жосия ұлы Ехоякімнің+ күндерінде Ехоба Еремияға сөзін арнап: 2 “Рехаб+ әулетіне бар да, сөйлесіп, оларды Ехобаның үйіне ертіп кел. Сосын ас бөлмелердің біріне кіргізіп, шарап ұсын”,— деді.
3 Содан мен Хабатсинайдың немересі, Еремияның ұлы Язанияхты, оның бауырлары мен барлық ұлдарын, жалпы, Рехабтың бүкіл әулетін ертіп, 4 Ехобаның үйіне әкелдім. Оларды Құдайдың адамы Иғдалиях ұлы Хананның ұлдарының ас бөлмесіне кіргіздім. Бұл бөлме қақпа күзетшісі Шалум ұлы Мағасеяхтың ас бөлмесінен жоғары орналасқан басшылардың ас бөлмесінің жанында еді. 5 Сосын Рехаб әулетінің адамдарының алдына шарапқа толы тостағандар мен кеселер қойып: “Шарап ішіңіздер”,— дедім.
6 Бірақ олардың жауабы мынау болды: “Біз шарап ішпейміз, өйткені арғы атамыз Рехаб ұлы Ехонадаб+ өсиет етіп: —Өздерің де, балаларың да ауыздарыңа шарап алмаңдар. 7 Сондай-ақ үй соғып, егін егіп, жүзімдік отырғызушы не оны иеленуші болмаңдар. Қайта, әрқашан шатырларда тұрыңдар, сонда жатжерлік болып тұрып жатқан жерлеріңде ұзақ өмір кешесіңдер,— деген. 8 Сондықтан арғы атамыз Рехаб ұлы Ехонадабтың бұйырғандарын түгел орындап, өзіміз де, әйелдеріміз де, ұл-қыздарымыз да шарап ішкен емеспіз. 9 Сондай-ақ тұру үшін үйлер салмаймыз, жүзімдіктеріміз, танаптарымыз бен егетін дәніміз де жоқ. 10 Шатырларда тұрып, арғы атамыз Ехонадабтың бұйырғандарын түгел ұстанып келеміз. 11 Алайда елімізге Навуходоносор патша шабуыл жасады+, сондықтан біз халдейлер мен сириялықтардың әскерінен қашып, Иерусалимді паналауды шештік. Қазір, міне, осында тұрып жатырмыз”.
12 Ехоба Еремияға сөзін арнап былай деді: 13 “Яһуда адамдары мен Иерусалим тұрғындарына барып, Исраилдің Құдайы, Әскербасы Ехоба мынаны айтады де: —Мен сендерді сөзіме мойынсұнуға қайта-қайта шақырып келдім емес пе+?— дейді Ехоба.— 14 Рехаб ұлы Ехонадаб өз ұрпағына шарап ішпеуді бұйырған еді. Олар арғы аталарының өсиетіне мойынсұнып, осы күнге дейін шарап ішпей келеді+. Ал мен сендерге қайта-қайта* айтсам да, маған мойынсұнбайсыңдар+. 15 Мен қызметшілерім — пайғамбарларды қайта-қайта жіберіп+: —Өтінемін, әрқайсысың жаман жолдарыңнан қайтып+, дұрыс нәрсені істеңдер! Бөтен тәңірлерге табынып, құлшылық етпеңдер. Сонда өздеріңе және ата-бабаларыңа берген осы елде ұзақ тұрасыңдар+,— деп айтқыздым. Бірақ сендер тыңдамадыңдар, құлақ та аспадыңдар. 16 Рехаб ұлы Ехонадабтың ұрпақтары арғы аталарының өсиетін орындап келеді+, ал мына халық болса мені тыңдар емес.
17 Сондықтан Исраилдің Құдайы, Әскербасы Ехоба былай дейді: —Міне, Яһуда мен Иерусалим тұрғындарының басына алдын ала ескерткен апаттардың бәрін жіберемін+. Өйткені олар қанша айтсам да, тыңдамады, қанша шақырсам да, жауап қатпады+”.
18 Еремия Рехабтың әулетіне былай деді: “Исраилдің Құдайы, Әскербасы Ехоба мынаны айтады: —Арғы аталарың Ехонадабтың өсиетіне мойынсұнып, оның берген өсиеттерінің бәрін бұлжытпай орындап келе жатқандарың үшін, 19 Рехаб ұлы Ехонадабтың ұрпағы әрдайым менің алдымда қызмет ететін болады,— дейді Исраилдің Құдайы, Әскербасы Ехоба”.