Мұсаның 1-жазбасы
32 Жақып өз жолымен кетті. Жолда оған Құдайдың періштелері кезікті. 2 Жақып оларды көре сала: “Бұл — Құдай әскерінің қосы!”— деді де, сол жерді Маханаим* деп атады.
3 Сосын Жақып Сейір жерінде, Едом+ аймағында, тұрып жатқан+ ағасы Есауға хабаршылар жіберді. 4 Оларды аттандырып жатып, былай деп бұйырды: “Менің қожайыным Есауға: —Құлыңыз Жақып былай деп жатыр деңдер: “Мен ұзақ уақыт бойы Лабанмен бірге тұрып келдім+. 5 Сол жерде сиыр, есек, қой сияқты ірілі-ұсақты малдарға және құл-күңдерге ие болдым+. Енді, міне, қожайынымның ықыласына ие болғым келіп, хабар жіберіп отырмын”.
6 Біраз уақыттан кейін қайта оралған хабаршылар Жақыпқа: “Ағаңыз Есауға жолықтық. Ол алдыңыздан шығу үшін, қасына 400 адамын ертіп келе жатыр+”,— деді. 7 Мұны естіген Жақып қатты қорқып, абыржыды+. Содан ол адамдарын, ірілі-ұсақты малдары мен түйелерін екі қосқа бөліп: 8 “Егер Есау бір қосқа шапса, екіншісі аман қалар”,— деді.
9 Сосын Жақып былай деп дұға етті: “Атам Ыбырайымның, әкем Ысқақтың Құдайы, уа, Ехоба! Маған: —Туған жеріңе, туыстарыңа қайтып бар, мен саған батамды беремін+,— деген өзің едің ғой. 10 Мендей құлыңа көрсеткен айнымас сүйіспеншілігің мен адалдығыңа+ еш тұрмаймын. Иордан өзенінен өткенде, қолымда жалғыз таяқ болатын, ал енді, міне, екі қосқа жетерлік мал-жаным бар+. 11 Мені ағам Есаудың қолынан құтқара көрші+! Ол келіп, маған, әйелдер мен балаларға қиянат жасай ма деп қорқамын+. 12 Өзің маған: —Саған батамды беріп, ұрпағыңды теңіз жағасындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп етемін+,— деп едің ғой”.
13 Жақып сол жерде түнеп шықты. Ол мал-мүлкінен ағасы Есауға сый-тарту жасау үшін+, 14 200 ешкі мен 20 теке, 200 қой мен 20 қошқар, 15 30 боталы түйе, 40 сиыр мен 10 бұқа, 20 ұрғашы және 10 еркек есекті бөліп алды+.
16 Содан кейін қызметшілеріне осылардан бір-бір табын мен отар табыстап: “Менің алдыма түсіп, өзен аңғарынан өтіңдер де, отар-табындардың арасында едәуір қашықтық қалдырып, айдап отырыңдар”,— деді. 17 Бірінші болып жүретін қызметшісіне мынаны айтты: “Ағам Есау кезігіп: —Қожайының кім, қайда бара жатырсың, айдаған малың кімдікі?— деп сұраса, 18 былай деп жауап бер: —Бұлар құлыңыз Жақыптікі. Бұл — қожайыным Есауға арнаған оның сыйы+. Өзі болса артымызда келе жатыр”. 19 Жақып екінші және үшінші қызметшісіне де, әр отардың соңында бара жатқандардың бәріне де нұсқау беріп, былай деді: “Есауды кездестіргенде осыны айтыңдар. 20 Оған тағы да: —Құлыңыз Жақып артымызда келе жатыр,— деңдер”. Өйткені ол: “Ағамның көзіне көрінбей тұрып, осы сыйлықтармен ашуын басайын+. Сонда ол мені жылы жүзбен қарсы алар”,— деп ойлады. 21 Сөйтіп, қызметшілері сыйлықтармен өзен аңғарының* арғы жағына өтті, ал өзі қоста түнеп қалды.
22 Сол түні Жақып орнынан тұрып, екі әйелін+, екі күңі+ мен он бір ұлын ертіп, Ябок+ өзенінің саяз жерінен арғы бетке өтті. 23 Сонымен, Жақып оларды және бар мал-мүлкін өзен аңғарынан* өткізді.
24 Жақып жалғыз қалғанда, бір кісі пайда болып, онымен таң атқанша күресті+. 25 Ол Жақыпты жеңе алмай жатқан соң, оның жамбасына қолын тигізіп, буынын шығарып жіберді+. 26 Сосын ол: “Мені қоя бер, таң атып қалды”,— дегенде, Жақып: “Маған батаңды бермейінше, жібермеймін+”,— деді. 27 Әлгі кісі: “Атың кім?”— деп сұрағанда, ол: “Жақып”,— деп жауап қатты. 28 “Бұдан былай атың Жақып емес, Исраил*+ болады. Өйткені сен Құдаймен және адамдармен күресіп+, жеңіп шықтың”,— деді ол. 29 Жақып одан: “Айтшы, есімің кім?”— деп сұрады. Сонда ол: “Есімімді неге сұрайсың+?”— деді де, оған батасын берді. 30 Сондықтан Жақып: “Құдаймен бетпе-бет жүздестім, бірақ жаным аман қалды+”,— деп, сол жерге Пениел*+ деген ат берді.
31 Жақып Пенуелдің* қасынан өтіп бара жатқанда, күн ұясынан шықты. Жамбасы зақымданғандықтан, ол ақсаңдап жүретін болды+. 32 Әлгі кісі қолын тигізіп, Жақыптың жамбас буынындағы сіңірді зақымдағандықтан, Исраилдің ұлдары осы күнге дейін малдың жамбасындағы сіңірді жемейді.