Лұқа
23 Сосын бәрі орындарынан тұрып, Исаны Пилатқа апарып+: 2 “Біз мына кісінің халқымызды бүлдіріп, императорға* салық төлеуге тыйым салып+, өзін Мәсіх патшамын деп жүргенін анықтадық+”,— деп айыптай бастады+. 3 Пилат одан: “Сен яһудилердің патшасысың ба?”— деп сұрағанда, ол: “Мұны өзіңіз айтып тұрсыз”,— деп жауап берді+. 4 Сонда Пилат жоғарғы діни қызметкерлер мен жұртқа: “Мен бұл адамнан еш кінә таппай тұрмын”+,— деді. 5 Бірақ олар: “Ол бүкіл Яһудея бойынша, Ғалилеядан бастап тіпті осы жерге дейін тәлім беріп, халықты дүрліктіріп жүр”,— деп тұрып алды. 6 Мұны естігенде, Пилат ол ғалилеялық па, жоқ па — соны сұрады. 7 Оның Иродтың* билігіндегі аймақтан+ екенін білгенде, Исаны соған жіберді. Өйткені Ирод та сол күндері Иерусалимде еді.
8 Ирод Исаны көргенде, қатты қуанып кетті. Себебі ол туралы талай естіп, көптен бері көргісі келіп жүр еді+, әрі өзіне керемет көрсетер деп үміттенді. 9 Ирод оған ұзақ уақыт бойы сұрақтар қойды, бірақ Иса еш жауап қатпады+. 10 Ал жоғарғы діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері қайта-қайта орындарынан тұрып, Исаны қатты айыптап жатты. 11 Сосын Ирод сарбаздарымен бірге оны қорлап+, үстіне әдемі киім кигізіп, мазақ етті де+, Пилатқа қайтарып жіберді. 12 Осы уақытқа дейін қастасып келген Пилат пен Ирод сол күні татуласып, өзара дос бола қалды.
13 Пилат жоғарғы діни қызметкерлерді, басшыларды және халықты шақырып, 14 былай деді: “Сендер мына кісіні халықты бүлікке итермелеп жүр деп, маған әкелдіңдер. Міне, мен оны алдарыңда тергеп, сендер таққан айыптарға еш негіз таппадым+. 15 Ирод та таппай, оны қайтадан бізге жіберді. Ол өлім жазасына кесетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқ. 16 Сондықтан оны жазалап+, босатып жіберемін”. 17 *—— 18 Сонда жиналған жұрт түгелдей: “Оның көзін құртыңыз! Бізге Бараббаны босатып беріңіз!”— деп айқайлады+. 19 (Барабба қалада бүлік шығарып, кісі өлтіргені үшін түрмеге жабылған еді.) 20 Пилат Исаны босатқысы келіп, қайтадан оларға тіл қатты+. 21 Халық болса: “Бағанаға ілінсін! Ол бағанаға ілінсін!”— деп қатты айқайлай бастады+. 22 Пилат оларға үшінші рет: “Не үшін? Ол қандай жамандық істеді? Оны өлім жазасына кесетіндей ештеңе тапқан жоқпын. Сондықтан жазалап, босатып жіберемін”,— деді. 23 Бірақ олар Исаның бағанаға ілінгенін талап етіп, одан бетер айқайлады. Ақырында, олар айқайларымен дегендеріне жетті+: 24 Пилат көніп, талаптарына сай үкім шығарды. 25 Сөйтіп, бүлік жасап, кісі өлтіргені үшін түрмеге жабылған Бараббаны олардың сұрауы бойынша босатып, ал Исаны олардың еркіне берді.
26 Олар Исаны алып бара жатқанда, ауыл жақтан келе жатқан күренелік Шимон деген кісіні ұстап алып, оған Исаның азап бағанасын* көтертіп, артынан ілестіріп қойды+. 27 Исаның соңынан қалың жұрт еріп келе жатты. Олардың арасында зар жылап, қайғыра көкіректерін ұрып келе жатқан әйелдер де болды. 28 Иса әйелдерге бұрылып, былай деді: “Иерусалим қыздары, мен үшін жылауды қойыңдар. Қайта, өздерің мен балаларың үшін жылаңдар+! 29 Себебі жұрт: —Бедеу, бала таппаған, емшек емізбеген әйелдер бақытты!— дейтін күндер келе жатыр+. 30 Сонда олар тауларға: —Үстімізге құлаңдар!— деп, ал төбелерге: —Бізді жауып қалыңдар!— дейтін болады+. 31 Егер жасыл ағашқа осылай істелсе, онда ол қурағанда не болмақ?”
32 Исамен бірге екі қылмыскерді де өлтіруге алып бара жатты+. 33 Бассүйек деген жерге келгенде+, олар Исаны бағанаға ілді. Екі қылмыскерді де — бірін оң, екіншісін сол жағына — бағанаға іліп қойды+. 34 Бірақ Иса былай деді: “Әке, оларды кешіре көр, өйткені не істеп жатқандарын білмейді”. Олар жеребе тастап, Исаның киімдерін бөлісті+. 35 Жұрт сол жерде қарап тұрды. Басшылар болса: “Мынау өзгелерді құтқарыпты. Егер ол Мәсіх, Құдайдың Таңдаулысы болса, өзін құтқарып алсын”,— деп, оны келекелеп мұрындарын тыжырайтты+. 36 Тіпті сарбаздар да қасына келіп, мазақ етіп, оған қышқыл шарап ұсынып+: 37 “Яһудилердің патшасы болсаң, өзіңді құтқарып ал!”— деді. 38 Сондай-ақ оның бас жағына “Яһудилердің патшасы” деп жазылған тақташа бекітілді+.
39 Қасындағы бағанаға ілінген қылмыскерлердің біреуі Исаны тілдеп+: “Сен Мәсіх емессің бе? Өзіңді де, бізді де құтқарсаңшы”,— деп еді, 40 екіншісі оны жазғырып: “Құдайдан қорықпайсың ба! Өзіңе де сонікіндей үкім шығарылды емес пе? 41 Біз ісімізге лайық әділ жазаландық. Ал мына кісі еш жамандық жасаған жоқ”,— деп айтты. 42 Сосын ол: “Иса, патша болғаныңда*+, мені есіңе ала көрші”,— деді. 43 Иса болса: “Бүгін саған шындығын айтамын, менімен бірге жұмақта боласың+”,— деп жауап берді.
44 Содан алтыншы сағат* шамасында бүкіл жерді қараңғылық басып, тоғызыншы сағатқа* дейін созылды+, 45 өйткені күннің жарығы түспеді. Сонда ғибадатханадағы шымылдық+ қақ айырылды+. 46 Иса қатты дауыстап: “Әке, рухымды* өз қолыңа табыстаймын”+,— деді де, соңғы демін шығарды+. 47 Болған жайтты көрген жүзбасы: “Мына кісі, шынымен де, әділ адам болған екен!”— деп+, Құдайды мадақтай бастады. 48 Осы оқиғаны көруге жиналған күллі жұрт не болғанын көргенде, қамыға көкіректерін ұрып үйлеріне тарасты. 49 Исаны танитындардың бәрі, сондай-ақ оған Ғалилеядан еріп келген әйелдер де болған жайттарға алыстан қарап тұрды+.
50 Сол жерде Жүсіп есімді жақсы әрі әділ адам бар еді. Ол Кеңестің* мүшесі болатын+. 51 (Ол әлгілердің жоспары мен әрекеттерін қолдамаған.) Яһудеяның Ариматея қаласынан келген бұл кісі Құдай Патшалығының келуін күтіп жүрген еді. 52 Ол Пилаттың алдына барып, Исаның денесін сұрады. 53 Содан соң мәйітті түсіріп алды да+, сапалы зығыр матаға орап, жартастан ойып жасалған, әлі ешкімнің сүйегі қойылмаған қабірге қойды+. 54 Бұл Даярлық күні* еді+. Демалыс күні+ жақындап қалған болатын. 55 Исаға Ғалилеядан еріп келген әйелдер де қабірді және оның мәйіті қалай қойылғанын көруге барды+. 56 Кейін олар жұпар иісті заттар мен иісмай даярлау үшін қайтып кетті. Демалыс күні Мұса Заңы бойынша тынықты+.