Мұсаның 1-жазбасы
30 Рахила Жақыпқа бала туып бере алмағандықтан, әпкесіне қызғанышпен қарап, күйеуіне: “Мені өлсін демесең, маған бала бер!”— деді. 2 Жақып бұған қатты ашуланып: “Саған құрсақ көтертпеген Құдай мен емеспін ғой!”— деді. 3 Сонда Рахила: “Міне, күңім Балха+, сонымен жақындас. Ол маған бала туып берсін, соның арқасында мен де ана болайын”,— деді. 4 Сөйтіп, Балханы Жақыпқа әйелдікке беріп, ол онымен жақындасты+. 5 Балха жүкті болып, Жақыпқа ұл туып берді. 6 Сонда Рахила: “Құдай менің төрешім болды және даусыма құлақ салып, маған ұл сыйлады”,— деп, балаға Дан*+ деген ат берді. 7 Рахиланың күңі Балха тағы да жүкті болып, Жақыпқа екінші ұл туып берді. 8 Сол кезде Рахила: “Мен әпкеммен аянбай күресіп, жеңіп шықтым”,— деді де, баланы Нафталим*+ деп атады.
9 Лия өзінің құрсақ көтермей қалғанын көргенде, күңі Зилпаны Жақыпқа қосты+. 10 Зилпа да Жақыпқа ұл туып берді. 11 Сонда Лия: “Жолым болды!”— деді. Сөйтті де оны Ғад*+ деп атады. 12 Кейін Лияның күңі Зилпа Жақыпқа тағы да ұл сыйлады. 13 Лия: “Мен қандай бақыттымын! Енді әйелдер мені бақытты дейтін болады”+,— деп, балаға Ашир*+ деген есім берді.
14 Бидай орағы кезінде Рубен+ даладан мандрагор* жемістерін тауып алып, шешесі Лияға әкеліп берді. Мұны көрген Рахила Лияға: “Ұлың әкелген мандрагордан берші”,— деп сұрағанда, 15 ол: “Күйеуімді алып қойғаның аздай+, енді ұлым әкелген мандрагорларды да алғың келе ме?”— деді. Сонда Рахила: “Онда ұлыңның мандрагорлары үшін Жақып бүгін түнде сенімен жатсын”,— деді.
16 Кешкісін танаптан Жақып келгенде, Лия алдынан шығып: “Бүгін менімен жататын болдың, өйткені мен сені ұлымның мандрагорларына сатып алдым”,— деді. Сөйтіп, Жақып сол түнді Лиямен өткізді. 17 Құдай Лияның тілегін қабыл алып, ол жүкті болды да, Жақыпқа бесінші ұл туып берді. 18 Сонда Лия: “Күңімді күйеуіме қосқаным үшін Құдай маған ақымды берді”,— деді. Сондықтан баланың атын Исахар*+ деп қойды. 19 Лия тағы да құрсақ көтеріп, Жақыпқа алтыншы ұл туып берді+. 20 Ол: “Құдай маған керемет сыйлық жасады! Енді күйеуім маған шыдайтын болады+, өйткені оған алты ұл+ тауып бердім”,— деді де, баласын Забулон*+ деп атады. 21 Бұдан соң Лия бір қыз туып, атын Дина*+ деп қойды.
22 Ақырында, Құдай Рахиланы есіне алып, тілегін қабыл алды да, оны құрсақ көтере алатын етті+. 23 Рахила жүкті болып, ұл туды. Сонда ол: “Құдай мені масқаралықтан құтқарды”+,— деді. 24 Сосын: “Ехоба маған тағы бір ұл қосып берді”,— деп, баласының атын Жүсіп*+ қойды.
25 Рахила Жүсіпті туғаннан кейін, Жақып Лабанға былай деді: “Рұқсат етсеңіз, өз үйіме, өз жеріме оралайын+. 26 Маған әйелдерім мен балаларымды беріңіз, кетейін. Олар үшін қызмет етіп бердім ғой. Ал қалай қызмет еткенімді өзіңіз жақсы білесіз+”. 27 Бұған Лабан: “Маған жасаған жақсылығың болсын, қасымда қал. Ехоба мені сен үшін жарылқап жатқанын белгілерге* қарап түсіндім”,— деді. 28 Сосын: “Алуға тиісті ақыңды өзің белгіле, мен оны берейін”+,— деп қосты. 29 Жақып оған былай деді: “Сізге қалай қызмет еткенімді, соның арқасында малыңыздың қаншалықты көбейгені өзіңізге аян+. 30 Маған дейін мал-мүлкіңіз азғана еді, мен келгелі Ехоба батасын беріп, әлдеқайда көбейді. Ал енді қашан мен өз үйімнің күйін күйттеймін+?”
31 Лабан: “Саған не берейін?”— деп сұрағанда, Жақып былай деді: “Маған еш нәрсе бермей-ақ қойыңыз. Малыңызды әрі қарай да бағып, қорғап жүрейін+, тек бір өтінішімді орындасаңыз болғаны: 32 бүгін отарыңызды түгел аралап шығайық та, теңбіл және ала қойларды, қоңыр жас қошқарларды, сондай-ақ ала және теңбіл ешкілерді бөлек шығарыңыз. Бұдан былай туылған осындай мал менің еңбекақым болсын+. 33 Менің осы ақымды тексеру үшін кез келген уақытта келіп, адал екенімді көріңіз. Егер отарымның ішінде теңбіл не ала емес ешкі және қоңыр емес жас қошқар табылса, ол ұрланған болып есептелсін”.
34 Сонда Лабан: “Жақсы, айтқаның болсын”,— деп келісті+. 35 Сол күні Лабан шұбар әрі ала текелердің, теңбіл әрі ала ешкілердің бәрін, жас қошқарлардың қоңырлары мен қандай да бір ақ дағы барларын бөлек шығарып, өз ұлдарына берді. 36 Кейін Лабан сол малын Жақыптан үш күндік жерге айдап әкетті. Ал Жақып қалған малды бағып қалды.
37 Жақып стиракс, бадам және шынар ағаштарының жас шыбықтарын алып, қабығын жолақ-жолақ етіп аршыды. 38 Сосын осы ақ жолақтары бар шыбықтарды мал суаратын науалардың ішіне салып қойды. Ол мұны су ішуге келген мал шағылысқанда, шыбықтар көз алдарында жатсын деп істеді.
39 Малдар шыбықтардың алдында шағылысып, олардан шұбар, теңбіл және ала төл туылатын болды. 40 Жақып осы шұбар және қоңыр жас малды бөліп алып, Лабанның отарын соларға қарап тұратындай етіп бұрып қойды. Кейін ол өз отарын бөліп алып, Лабанның отарына қоспай, бөлек бақты. 41 Қоңды мал шағылысарда, Жақып ала шыбықтарды мал көріп тұрсын деп науаның ішіне салып қоятын. 42 Ал әлжуаз малдар шағылысарда, шыбықтарды науаға салмайтын. Осылайша Лабанның үлесіне үнемі әлжуаз, ал Жақыпқа қоңды малдар тиетін болды+.
43 Жақып байыған үстіне байып, отар-отар уақ малға, түйелер мен есектерге, сондай-ақ құлдар мен күңдерге ие болды+.