Мұсаның 3-жазбасы
17 Ехоба сөзін жалғап, Мұсаға былай деді: 2 “Харонға, оның ұлдарына және күллі исраилдіктерге мынаны айт: —Ехобаның бұйрығы мынау:
3 Егер Исраил халқынан біреу қостың ішінде не оның сыртында бұқа, жас қошқар не теке сойса, 4 бірақ оны Ехобаға арналған тарту ретінде кездесу шатырының кіреберісіне, яғни Ехобаның шатырының алдына, әкеліп соймаған болса, малдың қаны сол адамның мойнына жүктеледі. Ол қан төккендіктен, халқының арасынан көзі құртылсын. 5 Сондықтан исраилдіктер бұдан былай малды құрбандыққа ашық далада шалмай, оны Ехобаға, кездесу шатырының кіреберісіне, діни қызметкерге әкелсін. Олар малды Ехобаға арналған татулық құрбандығы ретінде ұсыну қажет+. 6 Діни қызметкер малдың қанын кездесу шатырының кіреберісіндегі Ехобаның құрбандық ошағына бүркіп, майын Ехобаға ұнамды хош иіс ретінде өртеп жібереді+. 7 Исраилдіктер ендігәрі ешкі кейпіндегі жындарға*+ құрбандықтар шалып, опасыздық* жасамасын+. Бұл — сендерге ұрпақтан ұрпаққа берілетін мәңгілік нұсқау.
8 Оларға былай деп айт: —Исраил халқынан біреу немесе араларыңда тұратын жатжерліктердің бірі түгел өртелетін не басқа да құрбандық шалса, 9 бірақ малды Ехобаға ұсыну үшін кездесу шатырының кіреберісіне алып бармаған болса, халқының арасынан мұндай адамның көзі құртылсын+.
10 Егер Исраил халқынан біреу немесе араларыңда тұратын жатжерліктердің бірі қан атаулыны жейтін болса+, мен ондай жанға қарсы шығып, халқының арасынан көзін құртамын. 11 Өйткені тіршілік иелерінің өмірі* қанда ғой+. Сендердің күнәларыңды өтеу үшін қанды құрбандық ошағына әкелуге белгіледім+. Қанда өмір болғандықтан, қан арқылы адамның күнәсі өтеледі+. 12 Сондықтан да исраилдіктерге: —Ешқайсысың да, араларыңдағы ешбір жатжерлік те+ қанды жеуші болмасын+,— дедім.
13 Егер исраилдіктердің немесе араларыңда тұратын жатжерліктердің бірі аң аулап жүріп, жеуге жарамды аң не құс ұстап алса, оның қанын ағызып+, жерге көміп тастасын. 14 Өмір қанда болғандықтан, кез келген тіршілік иесінің өмірі оның қаны болып табылады. Сол себепті мен исраилдіктерге: —Сендер қан атаулыны жеуші болмаңдар, өйткені кез келген тіршілік иесінің өмірі оның қаны болып табылады. Қанды жейтін адамның көзі құртылсын+,— дедім. 15 Қандай да бір жан, мейлі исраилдік не жатжерлік болсын, арам өлген не жыртқыш аң жарып кеткен жануардың етін жесе+, киімін жуып, суға шомылсын. Ол кешке дейін арам болады+, тек содан кейін ғана таза болып есептеледі. 16 Ал егер киімін жуып, шомылмаса, ол күнәсі үшін жауап береді+”.