Мұсаның 1-жазбасы
16 Ыбырамның әйелі Сарай бала көтермеген еді+. Ал оның Ажар есімді мысырлық күңі бар болатын+. 2 Содан Сарай Ыбырамға: “Сөзіме құлақ түрші, Ехоба маған бала сүйгізбеді. Менің күңіммен жақындасшы, бәлкім, сол арқылы балалы болармын+”,— деді. Ыбырам Сарайдың бұл сөзіне құлақ асты. 3 Сөйтіп, Сарай күйеуі Ыбырамға мысырлық күңі Ажарды әйелдікке берді. Бұл кезде Ыбырамның Қанахан жерінде тұрғанына он жыл болған еді. 4 Ыбырам Ажармен жақындасып, оның бойына бала бітті. Өзінің жүкті екенін білгенде, Ажар қожайыны Сарайға менсінбей қарай бастады.
5 Сонда Сарай Ыбырамға: “Менің жәбір көруіме сен кінәлісің. Күңімді қойныңа салған өзім едім, ол енді жүкті екенін біліп, мені менсінбей жүр. Сен екеуміздің арамыздағы осы мәселеге Ехоба төрелігін берсін!”— деді. 6 Бұған Ыбырам: “Міне, күңің өз қолыңда, оған не істеуді дұрыс көрсең, соны істе”,— деді. Содан Сарай Ажарға қысым көрсете бастады, ал Ажар бұған шыдамай, қашып кетті.
7 Кейінірек Ехобаның періштесі оны шөл даладағы су көзінің, Шурға+ баратын жолдағы бұлақтың, басынан тауып алды. 8 Періште одан: “Сарайдың күңі Ажар, қайдан келесің, қайда барасың?”— деп сұрады. “Мен қожайыным Сарайдан қашып келемін”,— деп жауап қайырды ол. 9 Сонда Ехобаның періштесі: “Қожайын әйеліңе қайтып бар, оның айтқанына көн”,— деді. 10 Ехобаның періштесі тағы мынаны айтты: “Мен сенің үрім-бұтағыңды сансыз көп етемін+”. 11 Әрі қарай Ехобаның періштесі былай деді: “Міне, сенің аяғың ауыр, сен ұл туасың. Оның атын Ысмағұл* деп қой, өйткені сенің зарың Ехобаның құлағына жетті. 12 Ысмағұл асау құлан сияқты болады. Ол бәріне, ал бәрі оған қарсы шығады. Ол барлық бауырының қарсысында* тұратын болады”.
13 Сол кезде Ажар Ехобаны есімін атап шақырып: “Сен бәрін көретін* Құдайсың+”,— деді. Өйткені ол іштей: “Мен шынымен өзімді көретінді көрдім бе?!”— деген еді. 14 Сондықтан да бұл құдық Бегер-Лахай-Рой* деп аталған. (Ол Қадеш пен Бередтің арасында орналасқан.) 15 Содан Ажар Ыбырамға ұл туып берді. Ыбырам ұлының атын Ысмағұл деп қойды+. 16 Ажар Ысмағұлды босанғанда, Ыбырам 86-да еді.