Елшілердің істері
8 Саул Степанды өлтіргендерді құптап тұрды+.
Сол күннен бастап Иерусалимдегі қауым қатты қуғынға ұшырап, елшілерден басқасының бәрі Яһудея мен Самария аймағына бытырап кетті+. 2 Құдайды қастерлейтін кісілер Степанның денесін қабірге апарып қойды да, оны қатты аза тұтып жоқтады. 3 Ал Саул қауымға қырғидай тиді. Ол үйлерге баса-көктеп кіріп, әйел-еркек демей сүйреп шығарып, түрмеге қаматты+.
4 Алайда жан-жаққа бытырап кеткен шәкірттер ел аралап, Құдай сөзі жайлы ізгі хабарды жариялап жүрді+. 5 Ал Філіп Самария+ қаласына* барып, сол жердің тұрғындарына Мәсіх жайлы уағыздай бастады. 6 Жұрттың бәрі бірдей Філіптің айтқандарын ұйып тыңдап, оның көрсеткен белгілеріне назар салды. 7 Сол жерде бойын жын билеген көптеген адамдар бар еді. Жындар олардың бойынан қатты айғайлап шығып жатты+. Ақсақ, сал адамдар да сауығып кетті. 8 Қала халқы бұған шат-шадыман болды.
9 Сол қалада сиқырлықпен айналысып, самариялықтарды таңғалдырып жүрген Шимон есімді кісі бар еді. Ол өзін ұлы адаммын деп жүретін. 10 Жұрттың бәрі, үлкенінен кішісіне дейін, осы адамға құлақ салып: “Бұл кісі Құдайдың зор құдіретіне ие!”— дейтін. 11 Шимон сиқырлықтарымен талай уақыттан бері жұртты таңғалдырып, көңілдерін аулап жүрген еді. 12 Алайда олар Құдай Патшалығы мен Иса Мәсіхтің есімі жайлы ізгі хабарды+ жариялаған Філіпке сеніп, ерлері де, әйелдері де шомылдыру рәсімінен өте бастады+. 13 Шимон да Исаға сеніп, шомылдыру рәсімінен өтті. Ол Філіппен+ бірге жүріп, оның жасаған құдіретті істері мен белгілерін көріп, таңғалды.
14 Иерусалимдегі елшілер самариялықтардың Құдай сөзін қабыл алғанын естіп+, Петір мен Жоханды сонда жіберді. 15 Екеуі барған соң, олар үшін киелі рух сұрап дұға етті+. 16 Өйткені олар Иеміз Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткенімен+, әлі киелі рухқа кенелмеген еді. 17 Елшілер үстеріне қолдарын қойғанда+, олар киелі рухқа ие болды.
18 Елшілер қолдарын қойғандарға киелі рух берілгенін байқаған Шимон оларға ақша ұсынып: 19 “Қолымды қойған әркім киелі рухқа кенелу үшін, маған да осындай қабілет дарыта көріңдер”,— деді. 20 Алайда Петір оған: “Құдайдың сыйын ақшаға сатып аламын деп ойлағаның үшін ақшаң өзіңмен бірге құрып кетсін+! 21 Құдай алдында жүрегің адал болмағандықтан, бұл қызметте сенің еш үлесің жоқ. 22 Осы жаман ісіңе өкініп, Ехобаға жалбарын. Бәлкім, ол жүрегіңдегі арам ойыңды кешірер. 23 Жүрегің уға толып, бойыңды әділетсіздік билегенін көріп тұрмын”,— деді. 24 Сонда Шимон: “Осы айтқандарыңның ешқайсысы басыма түспесін деп, мен үшін Ехобаға жалбарыныңдаршы”,— деп өтінді.
25 Олар Ехобаның сөзін уағыздап, түбегейлі куәлік бергеннен кейін, Иерусалимге қайтты. Самарияның+ көптеген ауылдарында жол-жөнекей ізгі хабарды жариялады.
26 Ал Філіпке Ехобаның періштесі+ келіп: “Тұр да, Иерусалимнен Газаға апаратын оңтүстіктегі жолға бар”,— деді. Бұл шөл далада жатқан жол еді. 27 Філіп орнынан тұрып, сол жаққа қарай бет алды. Жолда эфиопиялық патшайымның* бүкіл қазынасына қарайтын жоғары лауазымды қызметкерді кездестірді. Бұл кісі Құдайға ғибадат ету үшін Иерусалимге барып+, 28 енді еліне қайтып келе жатқан еді. Ол күймесінде Ишая пайғамбардың жазбасын дауыстап оқып отырды. 29 Сонда киелі рух Філіпке: “Күймені қуып жет”,— деді. 30 Күймеге жақындағанда, Філіп әлгі кісінің Ишая пайғамбардың жазбасын дауыстап оқып отырғанын естіп: “Оқығандарыңызды түсініп жатырсыз ба?”— деп сұрады. 31 Ол: “Ешкім үйретпесе қалай түсінейін?”— деді де, Філіпті қасына отыруға шақырды. 32 Әлгі адам мына пайғамбарлықты оқып отырған еді: “Оны қой сияқты сойылатын жерге апарды. Қырқымшының алдындағы тоқты іспетті, ол тіс жармады+. 33 Қорлық көріп, әділетсіз сотталды+. Оның ататегін кім айта алады? Жер бетінде өмірі үзілді ғой+”.
34 Сонда эфиопиялық қызметкер Філіпке: “Өтінемін, пайғамбар мұнда кім жайында айтып тұрғанын түсіндірші. Өзі туралы ма, әлде өзге біреу туралы ма?”— деді. 35 Філіп осы жазба орнынан бастап, Иса туралы ізгі хабарды уағыздады. 36 Жолда келе жатып, олар бір суға тап болды. Әлгі қызметкер: “Мынау су ғой! Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар?”— деді. 37 * —— 38 Ол күймені тоқтатуды бұйырды да, екеуі суға түсіп, Філіп оны шомылдыру рәсімінен өткізді. 39 Олар судан шыққанда, Ехобаның рухы Філіпті сол жерден жылдам алып кетті. Содан қайтып эфиопиялық қызметкер оны көрген жоқ. Ол қуанышы қойнына сыймай өз жолымен кетті. 40 Філіп болса Азотқа барды. Сосын Кесарияға+ жеткенше, ізгі хабарды барлық қалаларда уағыздады.