Билер
6 Бұдан кейін исраилдіктер қайтадан Ехобаға ұнамсыз істер жасай бастады+. Сондықтан Ехоба оларды жеті жылға мадияндықтардың қолына берді+. 2 Мадияндықтардан қысым көрген олар тауларда, үңгірлер мен жету қиын жерлерде жасырынатын орындар* жасап алды+. 3 Исраилдіктер егін ексе, мадияндықтар, амалектіктер+ мен шығыс тұрғындары+ оларға шапқыншылық жасайтын. 4 Олар Исраилге қарсы қос тігетін де, жердің өнімін сонау Газаға дейін жойып жіберетін. Елде азық-түлік те, ірілі-ұсақты мал да, есек те қалдырмайтын+. 5 Жау малдарымен, шатырларымен келіп, шегірткедей қаптайтын+. Себебі өздері де, түйелері де сансыз көп еді+. Олар жерді талан-тараж етіп құртуға келетін. 6 Содан Исраил мадияндықтардың кесірінен әбден азып-тозып, Ехобадан көмек сұрап жалбарынды+.
7 Олар мадияндықтардан құтқаруын сұрап Ехобаға жалбарынғанда+, 8 Ехоба мына хабармен бір пайғамбарды жіберді: “Исраилдің Құдайы Ехоба былай дейді: —Мен сендерді Мысырдан алып шығып, құлдықтан босаттым+. 9 Мысырлықтардан және қысым көрсеткендердің бәрінен азат еттім. Жауларыңды қуып шығып, жерлерін сендерге бердім+. 10 Бұған қоса, “Мен сендердің Құдайларың Ехобамын+. Өздерің жерінде тұрып жатқан аморлықтардың құдайларынан қорықпаңдар” деген едім+. Бірақ сендер құлақ аспадыңдар+”.
11 Кейінірек Әбиезер+ ұрпағы Жоғаштың иелігіндегі Офраға Ехобаның періштесі келіп+, үлкен ағаштың астында отырды. Ол кезде Жоғаштың ұлы Гедеон+ жинаған бидайын мадияндықтардан тығып қою үшін, жүзім сығатын орында бастырып жатқан болатын. 12 Оған Ехобаның періштесі көрініп: “Мықты сарбаз, Ехоба саған жар+”,— деді. 13 Бұған Гедеон: “Кешіріңіз, мырза, Ехоба бізге жар болса, онда бұның бәрі неге басымызға түсті+? Әкелеріміз “Ехоба бізді Мысырдан алып шықты” деуші еді, оның сол керемет істерінің бәрі қайда+? Енді болса Ехоба бізден бас тартып+, мадияндықтардың қолына беріп отыр”,— деп жауап берді. 14 Сонда Ехоба оған қарап былай деді: “Осы күшіңмен бар. Сен Исраилді Мадиянның қолынан құтқарасың+. Сені жұмсап тұрған мен емеспін бе?!” 15 Сонда Гедеон: “Кешірші, Ехоба, бірақ мен Исраилді қалай құтқарамын? Менің әулетім* манаса руының ішінде ең кішігі. Өзім де әкемнің үйінде ең кішігімін”,— деді. 16 Бірақ Ехоба: “Мен саған жар боламын+, сондықтан сен мадияндықтардың бәрін бір-ақ кісіні өлтіргендей қырып тастайсың”,— деп жауап берді.
17 Бұған ол мынаны айтты: “Егер мен ықыласыңа ие болсам, менімен сөйлесіп тұрған өзің екенін растайтын белгі берші. 18 Сый-тартуымды әкеліп, алдыңа қойғанымша осы жерден кетіп қалмашы+”. Періште: “Қайтып келгеніңше осында боламын”,— деді. 19 Сонда Гедеон барып, бір лақ сойып, етін асты, бір ефа* ұннан ашытқысыз күлше пісірді+. Сосын етті себетке салып, сорпасын ыдысқа құйды да, үлкен ағаштың астына апарып, дастарқан жайды.
20 Шынайы Құдайдың періштесі оған: “Ет пен күлшелерді ал да, анау тұрған үлкен тасқа қойып, үстіне сорпаны құй”,— деді. Гедеон солай етті. 21 Сонда Ехобаның періштесі асатаяғының ұшын ет пен күлшелерге тигізді. Сол-ақ екен тастан от шығып, ет пен күлшелерді жалмап қойды+. Ал Ехобаның періштесі ғайып болды. 22 Гедеон болса Ехобаның періштесімен сөйлескенін түсініп+, былай деді: “Уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба, мен қасіретке қалдым! Өйткені, Ехоба, сенің періштеңмен жүздестім+”. 23 Бірақ Ехоба оған: “Уайымдама*, қорықпа да+, сен өлмейсің”,— деп жауап берді. 24 Гедеон сол жерде құрбандық орнын жасады. Күні бүгінге дейін Әбиезер ұрпақтарының иелігіндегі Офрада тұрған сол құрбандық орны әлі де Ехоба-Шалом*+ деп аталады.
25 Сол түні Ехоба Гедеонға мынаны айтты: “Әкеңнің бұқасын, жеті жасар екінші бұқасын ал. Оның Бағалға арнап жасаған құрбандық орны мен қасында тұрған қасиетті бағананы* қиратып таста+. 26 Сосын Ехоба Құдайыңа мына төбеде тастан құрбандық орнын қалап, оның үстінде әлгі бұқаны түгел өртеп жібер, ал қиратып тастаған қасиетті бағананы отын қыл”. 27 Сонда Гедеон он қызметшісін ертіп алды да, Ехобаның бұйрығын түгел орындады. Бірақ әкесінің үй ішіндегілері мен қала тұрғындарынан қорыққандықтан мұны күндіз емес, түнде істеді.
28 Ертеңіне қала тұрғындары ерте тұрып, келіп қараса, біреу Бағалдың құрбандық орнын қиратып, қасындағы қасиетті бағананы кесіп тастапты. Ал жаңадан жасалған құрбандық орнында екінші бұқаны өртеп жіберіпті. 29 Олар бір-бірінен: “Мұны кім істеді?”— деп сұрады. Тексеріп, іздестіргеннен кейін: “Мұны істеген — Жоғаштың ұлы Гедеон”,— десті. 30 Сосын Жоғашқа келіп: “Ұлыңды бері шығар! Бағалдың құрбандық орнын қиратып, қасындағы қасиетті бағананы кесіп тастағаны үшін ол өлуі тиіс!”— деді. 31 Жоғаш+ өзіне қарсы шыққандарға былай жауап берді: “Бағалды қорғайтын, оны аман алып қалатын сендер ме едіңдер? Оны қорғайтын кез келген адам қазір, осы таңда-ақ өлім құшады+. Біреу Бағалдың құрбандық орнын қиратқан екен, егер Бағал Құдай болса, өзін-өзі қорғасын+”. 32 Сол күні ол: “Біреу Бағалдың құрбандық орнын қиратқан екен, ол өзін қорғап алсын”,— деп, Гедеонды Ерубағал* деп атады.
33 Мадияндықтар+, амалектіктер+ мен шығыс тұрғындары әскерлерін біріктірді+. Олар өзеннен өтіп, Езрехел аңғарына қос тікті. 34 Сонда Гедеонға Ехобаның рухы қонып, бойын биледі+. Ол кернейлеткенде+, Әбиезер+ ұрпақтары жиналып, соңынан ерді. 35 Гедеон бүкіл манаса руына шабармандар жіберді де, олар да соңынан ерді. Сондай-ақ ол ашир, забулон және нафталим руларына да шабармандар жіберіп, олар да қасына жиналды.
36 Гедеон шынайы Құдайға былай деді: “Өзің уәде еткендей, Исраилді мен арқылы құтқаратыныңа көз жеткізуім үшін+, 37 қырманға қойдың жүнін жайып қояйын. Егер жүнге шық түсіп, ал жер құрғақ күйі қалса, өзің уәде еткендей, Исраилді мен арқылы құтқаратыныңды білетін боламын”. 38 Бәрі де тап солай болды. Ертеңіне Гедеон ерте тұрып, жүнді сығып еді, одан үлкен тостақ толатындай су шықты. 39 Бірақ Гедеон шынайы Құдайға: “Тағы бір өтініш айтсам, маған қаһарлана көрме. Өтінемін, жүнмен тағы бір сынақ жасайыншы. Енді шық тек жерге түсіп, ал жүн құрғақ күйінде қалса екен”,— деді. 40 Сол түні Құдай тап солай етті: тек жүн құрғақ күйі қалып, бүкіл жерге шық түсті.