Самуилдің 1-жазбасы
14 Бірде Саул ұлы Жонатан+ қару-жарағын алып жүретін жігітке: “Жүр, арғы беттегі філістірлердің қарауыл тобына барайық”,— деді. Бірақ әкесіне бұл туралы айтпады. 2 Саул ол кезде Гибеяның+ сыртында, Мигрондағы анар ағашының астында отырған еді. Қасында 600-дей адамы болды+. 3 (Сол кезде Ахия ефод киіп жүретін. Ол Ихабодтың+ ағасы Ахитұптың ұлы+, Пінехестің+ немересі, Елидің+ шөбересі еді. Ели кезінде Шилода+ Ехобаның діни қызметкері болған+.) Жонатанның кетіп қалғанын ешкім білмей қалды. 4 Жонатан філістірлердің қарауыл тобына жету үшін екі жағында тіске ұқсайтын екі жартасы бар асу арқылы өтуі керек-тін. Жартастардың бірі Босес, екіншісі Сенех деп аталатын. 5 Миқмасқа қарсы орналасқан солтүстіктегі жартас бағанаға ұқсайтын, ал оңтүстік жақтағы екінші жартас Гебаға+ қарсы орналасқан еді.
6 Жонатан қару-жарағын алып жүретін жігітке: “Жүр, арғы бетке өтіп, анау сүндеттелмегендердің+ қарауыл тобына барайық. Бәлкім, Ехоба бізге жар болар. Өйткені Ехоба құтқарам десе, адамның аз-көптігіне қарамайды+!”— деді. 7 Ол: “Жүрегің не қаласа, соны істе. Қайда барсаң да, мен саған еремін”,— деп жауап берді. 8 Жонатан мынаны айтты: “Біз арғы беттегі жаудың жағына өтіп, оларға көрінейік. 9 Егер олар: —Біз қастарыңа келгенше, тұра тұрыңдар!— десе, орнымызда тұра береміз. 10 Ал егер: —Бізге қарай көтеріліңдер!— десе, қастарына барамыз, себебі бұл Ехобаның жауды аяғымызға жығып беретінінің белгісі болмақ+”.
11 Сөйтіп, екеуі філістірлердің қарауыл тобына көрінді. Олар болса: “Қараңдар, еврейлер тығылған індерінен шығып келе жатыр+,— деді де, 12 екеуіне: —Бері келіңдер, көресіні көрсетейік сендерге+!”— деп айғайлады. Сонда Жонатан: “Соңымнан ер, өйткені Ехоба оларды Исраилдің аяғына жығып береді”+,— деп, 13 жоғары қарай өрмелей бастады, ал жігіт оған еріп отырды. Жоғары шыққан соң, Жонатан філістірлерді шетінен қыра бастады. Ал тірі қалғандарын қасындағы жігіт өлтіріп отырды. 14 Осылай екеуі бірінші шабуылда бір пар өгіз бір күнде жыртатын танаптың жартысындай жерде 20 шақты адамды сұлатып салды.
15 Даладағы қос пен қарауыл тобындағы філістірлердің бәрін үрей биледі. Тіпті шапқыншылық жасайтын тонаушылар+ да қорқып қалтырады. Бұдан кейін жер сілкіне бастады. Бұның бәрі Құдайдан болған еді. 16 Філістір қосында белең алған дүрбелеңді Бениямин жеріндегі Гибеяда+ Саулдың күзетшілері көрді+.
17 Сонда Саул қасындағыларға сарбаздарды түгендеп, кімнің жоқ екенін анықтауды тапсырды. Қостағыларды санап шыққанда, Жонатан мен оның қару-жарағын алып жүретін жігіт жоқ болып шықты. 18 Мұны білгенде, Саул діни қызметкер Ахияға+: “Құдайдың келісім сандығын әкеліңіз”,— деді. (Ол кезде Құдайдың келісім сандығы исраилдіктердің арасында еді.) 19 Олар сөйлесіп тұрғанда, філістірлердің қосындағы дүрбелең күшейіп бара жатты. Сондықтан Саул Ахияға: “Қоя қойыңыз”,— деді. 20 Сосын ол қасындағы барлық сарбазын жинап, ұрыс болып жатқан жерге барды. Қараса, філістірлер бір-бірімен шайқасып жатыр екен; абыр-сабыр әбден күшейіпті. 21 Бұрынырақта філістірлер жағына шығып, солардың қосында болған еврейлер де Саул мен Жонатанға ерген исраилдіктерге келіп қосылды. 22 Філістірлердің қаша бастағанын естігенде, Ефрем таулы өңірінде жасырынып жатқан барлық исраилдіктер+ де жауларының соңына түсті. 23 Сол күні Ехоба Исраилді құтқарды+. Шайқас Бет-Әбенге+ дейін жайлады.
24 Бірақ исраилдіктер сол күні әбден қалжырады, өйткені Саул: “Кешке дейін, мен жауымнан кек алып болғанша, аузына ас алған адамды қарғыс атсын!”— деп, жұртты антпен байлаған еді. Сондықтан ешкім нәр татпаған болатын+.
25 Бұдан кейін күллі жұрт орманға кірді. Бұл уақытта онда бал көп болатын. 26 Орманға кірген жұрт тамып тұрған балды көрді, бірақ Саулдың антынан қорқып, ешқайсысы одан аузына алмады. 27 Жонатан әкесінің жұртты антпен байлағанын естімеген болатын+. Ол таяғын ара ұясына тығып жіберіп, кішкене бал алып жеп еді, көздері жайнап сала берді. 28 Сонда қасындағылардың бірі оған: “Әкең жұртты “Бүгін аузына ас алған адамды қарғыс атсын!” деп, қатаң антпен байлады+. Халықтың қатты қалжырағаны да содан”,— деді. 29 Бұған Жонатан мынаны айтты: “Әкем елге үлкен ауыртпалық салған екен. Қараңдаршы, балдан кішкене жеп едім, көзім жайнап сала берді. 30 Жұрттың жаудан түскен олжадан ішіп-жегені жақсы болар еді+! Сонда бұдан да көп філістірдің көзін құртар едік”.
31 Сол күні олар філістірлерді Миқмастан Аялонға+ дейін қырды. Жұрт әбден қалжырады. 32 Сондықтан ашкөздікпен олжаға бас салып, қой, сиыр, бұзауларды жерге жығып бауыздай сала, етін қанымен жей бастады+. 33 Саулға “Жұрт қаны ағызылмаған ет жеп, Ехобаға қарсы күнә жасап жатыр”+ деген хабар жеткенде, ол: “Сендер опасыздық жасадыңдар! Маған дереу бір үлкен тасты домалатып әкеліңдер”,— деді. 34 Бұдан кейін: “Жұрт арасына барып, “Әрқайсысың бұқаларың мен қойларыңды осында әкеліп сойып жеңдер. Қаны ағызылмаған ет жеп, Ехобаға қарсы күнә жасамаңдар+!” деген сөздерімді жеткізіңдер”,— деп тапсырды. Сол күні кешке жұрттың бәрі бұқаларын сонда әкеліп сойды. 35 Осыдан кейін Саул Ехобаға арнап құрбандық орнын жасады+. Бұл оның Ехобаға арнап жасаған алғашқы құрбандық орны еді.
36 Кейінірек Саул: “Бүгін түнде філістірлердің соңына түсіп, таң атқанша мал-мүлкін олжалайық. Ешқайсысын тірі қалдырмайық”,— деді. Жұрт оған: “Дұрыс деп тапқаныңызды істеңіз”,— деп жауап берді. Діни қызметкер болса: “Осы жерде Құдай еркін сұрап білейік”+,— деп қосты. 37 Саул Құдайдан: “Філістірлердің соңынан қуайын ба+? Оларды Исраилдің аяғына жығып бересің бе?”— деп сұрады. Бірақ Құдай сол күні оған жауап бермеді. 38 Сонда Саул былай деді: “Халық басшыларының бәрі осында жиналсын, бүгін қандай күнә жасалғанын анықтайық. 39 Исраилдің Құтқарушысы тірі Құдай Ехобаның алдында шын айтамын*: бұл күнәні жасаған менің ұлым Жонатан болса да, өлуі тиіс”. Бірақ жұрт үн қатпады. 40 Сонда ол күллі Исраилге: “Сендер барлығың бір жаққа, ал мен ұлым Жонатан екеуміз бір жаққа тұрайық,— деген еді, олар: —Дұрыс деп тапқаныңызды істеңіз”,— деп жауап берді.
41 Саул Ехобадан: “Уа, Исраилдің Құдайы, туммим*+ арқылы жауап бере көрші”,— деп өтінді. Сонда халық емес, Жонатан мен Саул таңдалды. 42 Саул: “Жеребені+ ұлым екеумізге салыңдар”,— деді. Жеребе Жонатанға түсті. 43 Сонда әкесі одан: “Айтшы, не істеп қойдың?”— деп сұрады. Ол: “Қолымдағы таяқтың ұшымен кішкене бал алып жедім+. Сол үшін өлуге дайынмын!”— деп жауап берді.
44 Саул болса: “Жонатан, сен бүгін міндетті түрде өлесің! Олай болмаса, Құдай мені жазалаған үстіне жазаласын!”— деді+. 45 Бірақ жұрт: “Исраилді осындай ұлы жеңіске жеткізген Жонатан+ өлуі керек пе?! Бұлай етуге болмайды! Тірі Құдай Ехобаның алдында шын айтамыз*: оның басынан бір тал шаш та түспейді. Бүгін оған Құдайдың өзі жар болды+!”— деп, Жонатанды аман алып қалды*.
46 Сөйтіп, Саул філістірлерді қууын тоқтатты, ал олар өз жерлеріне қайтып кетті.
47 Саул Исраилде патшалығын нығайтып, айналасындағы жауларының бәрімен — моабтықтар+, аммондықтар+, едомдықтар+, Соба+ патшаларымен және філістірлермен+ соғысты. Ол қай жаққа жорыққа аттанса да, жауларын жеңіп отырды. 48 Саул батыл соғысып, амалектіктерді талқандады+. Осылай Исраилді шапқыншыларынан азат етті.
49 Саулдың Жонатан, Ишуи, Малхишуа+ деген үш ұлы және екі қызы болды. Үлкен қызының есімі Мераб+, кішісінікі Михал+ еді. 50 Ал әйелі Ахимағастың қызы Ахиноғам болатын. Патша әскерін әкесінің бауыры Нер ұлы Әбінер+ басқаратын. 51 Саулдың әкесі Қиш+ болатын, ал Әбінердің әкесі Нер+ Әбиелдің ұлы еді.
52 Саулдың кезінде исраилдіктер мен філістірлер арасында қиян-кескі соғыс тоқтаған емес+. Сондықтан ол күшті не батыл біреуді көрсе, оны өзіне сарбаз етіп алатын+.