Мұсаның 2-жазбасы
7 Сонда Ехоба Мұсаға былай деді: “Міне, мен сені перғауынға Құдай сияқты етемін, ал ағаң Харон сенің пайғамбарың болады+. 2 Саған бұйырғанымның бәрін перғауынға айт. Онымен ағаң Харон сөйлеседі. Ақыр соңында, перғауын исраилдіктерді өз елінен жіберетін болады. 3 Мен болсам оның жүрегінің қасарысуына жол беріп+, Мысыр елінде көптеген белгілер мен кереметтер көрсетемін+. 4 Бірақ перғауын сендерді тыңдамайды. Сонда мен Мысырға қолымның құдіретін көрсетіп, оны ауыр жазаға тартамын, сөйтіп, қыруар* халқым Исраилді бұл елден алып шығамын+. 5 Қолымның құдіретін көрсетіп, исраилдіктерді олардың арасынан алып шыққанымда, мысырлықтар Ехобаның кім екенін білетін болады+”. 6 Мұса мен Харон Ехобаның бұйырғандарын істеді. Олар бәрін бұлжытпай орындады. 7 Перғауынмен сөйлескенде, Мұса 80, ал Харон 83 жаста болатын+.
8 Ехоба Мұса мен Харонға былай деді: 9 “Егер перғауын сендерге: —Керемет көрсетіңдер,— десе, сен Харонға: —Таяғыңды алып, перғауынның алдына таста,— деп айт. Сонда таяқ үлкен жыланға айналады”+. 10 Мұса мен Харон перғауынға барып, бәрін дәл Ехоба бұйырғандай істеді. Харон таяғын перғауын мен оның қызметшілерінің алдына тастағанда, ол үлкен жыланға айналды. 11 Алайда перғауын данышпандары мен бақсыларын шақыртты+. Сонда Мысырдың сиқыршылықпен айналысатын абыздары да сиқырлықпен тура солай жасады+. 12 Олардың әрқайсысы өз таяғын жерге лақтырғанда, үлкен жыландарға айналды. Бірақ Харонның таяғы олардың таяқтарын жұтып қойды. 13 Әйтсе де перғауын, Ехоба айтқандай, жүрегін қасарыстырып+, оларды тыңдамады.
14 Сонда Ехоба Мұсаға мынаны айтты: “Перғауын қырсығып+, халықты жіберуден бас тартып отыр. 15 Таңертең оған жолық. Ол Ніл өзеніне барады. Ал сен өзеннің жағасында оның жолын тосып тұр. Сондай-ақ жыланға айналған таяғыңды қолыңа ұстап ал+. 16 Перғауынға былай де: —Исраилдіктер* сиынатын Ехоба Құдай мені сізге жіберіп+: “Шөл далада маған ғибадат ету үшін халқымды жібер”,— деп айт деді. Бірақ сіз құлақ аспай келесіз. 17 Сондықтан да Ехоба былай дейді: —Менің Ехоба екенімді мынадан білесің+: қолымдағы таяқпен Ніл өзенінің суын ұрғанда, ол қанға айналады. 18 Өзендегі балықтар қырылып, суы сасиды. Мысырлықтар Нілдің суын ішуге жиіркенетін болады”.
19 Сосын Ехоба Мұсаға былай деді: “Харонға: —Таяғыңды алып, Мысыр суларын қанға айналдыру үшін, қолыңды оның өзендеріне, арықтарына*, қамысты тоғандар+ мен су қоймаларына қарай соз+,— деп айт. Сонда бүкіл Мысыр жері қан болады, ағаш пен тас ыдыстардағы сулар да қанға айналады”. 20 Мұса мен Харон дереу Ехобаның бұйырғанын істеуге кірісті. Харон перғауын мен оның қызметшілерінің көзінше таяғын көтеріп, Ніл өзенінің суын ұрды. Сонда өзендегі судың бәрі қанға айналды+. 21 Өзендегі балықтар қырылып+, суы сасып кетті. Мысырлықтар одан іше алмай қалды+. Бүкіл Мысыр жері қан болды.
22 Сиқыршылықпен айналысатын Мысыр абыздары да сиқырларын қолданып, тура соны жасады+. Сондықтан перғауынның жүрегі, Ехоба айтқандай, қасарысқан күйі қалып, оларды тыңдамады+. 23 Перғауын үйіне қайтып кетті. Ол болған жайтқа мән бермеді. 24 Ал мысырлықтар ішетін су іздеп, Нілдің жағалауынан құдықтар қазды. Өйткені өзеннің суы ішуге жарамсыз болып қалған еді. 25 Ехоба Нілдің суын қанға айналдырғаннан кейін жеті күн өтті.