Мұсаның 5-жазбасы
5 Сосын Мұса бүкіл Исраил қауымын жинап, былай деді: “Уа, Исраил, мен бүгін жариялап отырған нұсқауларға және шешімдерге құлақ сал! Оларды біліп алып, ұқыптылықпен орында. 2 Ехоба Құдайымыз Хорибте бізбен келісім жасады+. 3 Ехоба бұл келісімді ата-бабаларымызбен емес, қазір осында тұрған бізбен жасады. 4 Ехоба оттың ішінен саған тікелей* тіл қатты+. 5 Мен Ехобаның айтқандарын жеткізу үшін Ехоба мен сенің араңда тұрдым+, себебі сен оттан қорқып, тауға шықпадың+. Сонда ол былай деген еді:
6 “Мен сені Мысыр елінен, құлдық үйінен, алып шыққан Ехоба Құдайыңмын+. 7 Менен басқа құдайларың болмасын+.
8 Аспандағы, жердегі не судағы еш нәрсенің қашалған мүсінін не бейнесін жасама+. 9 Оларға бас иіп табынба, құлшылық та етпе+. Өйткені мен, Ехоба Құдайың, өзіме қалтқысыз берілуді талап ететін* Құдаймын+. Мені жек көретіндердің күнәларының салдарын ұлдарына, немерелері мен шөберелеріне тартқызамын+. 10 Ал мені жақсы көріп, заңдарымды орындайтындарға мыңыншы ұрпағына дейін айнымас сүйіспеншілік танытамын.
11 Ехоба Құдайыңның есімін орынсыз аузыңа алма+. Ехоба өз атын орынсыз қолданатын адамды жазасыз қалдырмайды+.
12 Ехоба Құдайың бұйырғандай, Демалыс күнін ұстанып, оны киелі тұт+. 13 Алты күн еңбектеніп, барлық жұмысыңды жаса+. 14 Ал жетінші күн — Ехоба Құдайыңа арналған Демалыс күні+. Сол күні өзің де, ұл-қызың да, құл-күңің де, бұқаң да, есегің де, басқа малың да, қалаларыңда тұратын жатжерлік+ те ешқандай жұмыс істемесін+. Бұл күні өзің демалғандай, құл-күңің де демалсын+. 15 Өзіңнің Мысыр елінде құлдықта болғаныңды, Ехоба Құдайың қуатты да құдіретті қолымен сені сол жерден алып шыққанын ұмытпа+. Сол үшін Ехоба Құдайың Демалыс күнін ұстануды бұйырды.
16 Ехоба Құдайың өзіңе бұйырғандай, әке-шешеңді құрметте+. Сонда Ехоба Құдайың саған беретін жерде ұзақ ғұмыр кешіп, өркендейтін боласың+.
17 Кісі өлтірме+.
19 Ұрлық жасама+.
20 Біреу жайлы жалған куәлік берме+.
21 Біреудің әйелін құмартпа+. Оның үйін, танабын, құлын, күңін, бұқа не есегін яки басқа да нәрсесін қалаушы болма+”.
22 Ехоба тау етегіне жиналған сендерге бұл заңдарды оттың, бұлт пен қараңғылықтың+ ішінен қатты дауыспен айтқан еді. Оларға басқа ештеңе қосқан жоқ. Сосын осы заңдарды екі тас тақташаға жазып, маған берді+.
23 Тау от болып жанып, қараңғылықтың ішінен дауысты естігенде+, күллі рубасыларың мен ақсақалдарың маған келіп: 24 —Ехоба Құдайымыз бізге өзінің салтанаты мен ұлылығын көрсетті, оның от ішінен шыққан даусын естідік+. Бүгін Құдай адаммен сөйлескенде, адамның тірі қала алатынын көрдік+. 25 Біздің өлгіміз келмейді, мына ғаламат от бізді жалмап қояды ғой. Егер Ехоба Құдайымыздың даусын бұдан әрі естісек, тірі қалмасымыз анық. 26 Біз сияқты оттың ішінен тірі Құдайдың даусын естіп, аман қалған адам баласы бар ма? 27 Ехоба Құдайымызды өзің барып тыңдашы. Сосын Ехоба Құдайымыздың айтқандарын бізге түгел жеткізесің. Ал біз оларды тыңдап, орындаймыз,— деді+.
28 Бұл сөздерің Ехобаның құлағына жетті. Сонда Ехоба маған: —Халықтың саған не дегенін естідім. Айтқандарының бәрі дұрыс+. 29 Олардың жүректерінде әрқашан менен қорқып+, барлық заңымды ұстанып жүруге деген ниет болса ғой+. Сонда өздері де, балалары да мәңгі бақи мұның игілігін көрер еді+. 30 Бар да, оларға: “Шатырларыңа қайтыңдар”,— деп айт. 31 Ал өзің менің қасымда қал, мен саған оларға үйретуің керек заңдарды, нұсқаулар мен шешімдерімді айтамын. Мұның бәрін олар мен иелікке бергелі жатқан жерде ұстансын,— деді. 32 Сендер Ехоба Құдайларың қалай бұйырса, бәрін тап солай орындаңдар+. Оңға да, солға да бұрылмай+, 33 Ехоба Құдайларың өздеріңе нұсқаған жолмен жүріңдер+. Сонда аман болып, иелікке алатын жерде өркендеп, ұзақ ғұмыр кешетін боласыңдар+.