Самуилдің 1-жазбасы
11 Бірде аммондықтардың+ патшасы Нахаш жорыққа аттанып, әскерін Ғалақаттағы Ябеске+ қарсы орналастырды. Қала тұрғындары оған: “Бізбен бітім жасасыңыз, сонда сізге бағынышты боламыз”,— деді. 2 Ал Нахаш: “Жарайды, бірақ бір шартым бар: бәріңнің оң көздеріңді ойып аламын. Осылай бүкіл Исраилді масқара етемін”,— деп жауап берді. 3 Сонда Ябес ақсақалдары: “Бізге жеті күн беріңіз, күллі Исраил жеріне хабаршылар жіберейік. Егер бізді құтқаратын ешкім табылмаса, сізге берілеміз”,— деді. 4 Шабармандар осы хабарды Саул тұратын Гибеяға+ әкелгенде, жұрттың бәрі бар дауыстарымен жылай бастады.
5 Бұл кезде Саул даладан малын айдап келе жатқан еді. Ол: “Мыналарға не болған? Неге жылап жатыр?”— деп сұрағанда, жұрт ябестіктерден келген хабарды айтып берді. 6 Бұны естігенде, Саулға Құдай рухы әсер етіп+, бойын қатты ашу кернеді. 7 Ол бір пар өгізді сойып, бөлшектеді де, Исраилдің жер-жеріне хабаршылар арқылы жөнелтті. Ал хабаршыларға: “Кімде-кім Саул мен Самуилдің соңынан ермесе, соның ірі қара малымен де дәл осылай болады!”— деп айтуды тапсырды. Сонда жұрттың бойын Ехоба жіберген қорқыныш билеп, барлығы бір кісідей жиналды. 8 Саул жиналған жұртты Безекте санап шығып еді, 300 000 исраилдік, 30 000 яһудалық келіпті. 9 Олар Ғалақаттағы Ябестен келген хабаршыларға: “Ертең сәске түсте құтқарыласыңдар деген хабар жеткізіңдер”,— деді. Хабаршылар осы сөздерді жеткізгенде, ябестіктер қатты қуанды. 10 Сөйтіп, олар Нахашқа “Ертең сізге берілеміз, бізге не істеймін десеңіз де, өз еркіңіз” деген хабар жолдады+.
11 Келесі күні Саул адамдарын үш топқа бөлді. Сосын таңғы күзет* кезінде аммондықтардың қосына кірді де, оларды сәске түс болғанша қырды+. Ал жаудың аман қалғандары бір-бірден бытырап қаша жөнелді. 12 Осыдан кейін жұрт Самуилге: “Бізге патша болатын Саул ма?!” деген адамдар қайда+? Оларды қолымызға беріңіз, көздерін құртайық!”— деді. 13 Бірақ Саул: “Бүгін ешкімді өлтіруге болмайды+, себебі бүгін Ехоба Исраилді құтқарды ғой!”— деп қарсы болды.
14 Кейінірек Самуил халыққа: “Жүріңдер, Ғылғалға+ барып, Саулдың патша екенін қайтадан жария етейік+!”— деді. 15 Сөйтіп, барлығы Ғылғалға барды. Олар Саулды Ехобаның алдында патша етіп, Ехобаға татулық құрбандықтарын+ шалды. Сол жерде Саул мен күллі исраилдіктер шат-шадыман болып, той жасады+.