Патшалар 1-жазба
19 Ахаб+ Езабел патшайымға+ Ілиястың не істегенінің бәрін, Бағалдың пайғамбарларын бірін қалдырмай семсермен өлтіргенін+ де айтып берді. 2 Сонда Езабел Ілиясқа “Ертең тап осы уақытта саған сол пайғамбарлардың кебін кигізбесем, құдайлар мені жазалаған үстіне жазаласын!” деген хабар жіберді. 3 Ілияс қатты қорқып, бассауғалап қашып кетті+. Ол Яһуда+ еліндегі Бер-Шебаға+ жеткенде, қызметшісін сол жерде қалдырды. 4 Өзі шөлге қарай беттеп, бір күндік жол жүрген соң, бір бұтаның астына келіп отырды. Ол өмірден түңіліп: “Уа, Ехоба, осы көргенім де жетер, енді жанымды* ала көр+! Мен ата-бабаларымнан артық емеспін ғой”,— деп өзіне өлім тіледі.
5 Сосын Ілияс бұтаның астына қисайып, ұйықтап кетті. Біраздан соң бір періште оны түртіп+: “Тұр, тамақтанып ал”,— деді+. 6 Ілияс қарап қалса, бас жағында қызып тұрған тастардың үстінде бір күлше нан, қасында құмырада су тұр екен. Ол ішіп-жеп алды да, қайтадан жата кетті. 7 Ехобаның періштесі тағы келіп, оны түртті де: “Тұр, тамақтанып ал, әйтпесе ұзақ жол жүруге әлің болмайды”,— деді. 8 Ілияс тұрып, ішіп-жеп, әлденіп алды да, 40 күн, 40 түн бойы жүріп отырып, шынайы Құдайдың тауы Хорибке+ келді.
9 Ол түнемек болып, бір үңгірге кірді+. Сол жерде Ехоба оған: “Ілияс, мұнда не істеп жүрсің?”— деді. 10 Ол: “Мен Әскербасы Ехобаға зор құлшыныспен қызмет еттім+. Себебі Исраил халқы сенің келісіміңді бұзып+, құрбандық орындарыңды қиратып тастады, пайғамбарларыңды да семсермен өлтірді+. Жалғыз мен ғана қалдым, бірақ олар менің де жанымды алмақшы+”,— деп жауап берді. 11 Сонда ол: “Сыртқа шығып, тауда, Ехобаның алдында тұр”,— деді. Кенет оның алдынан Ехоба өтіп бара жатты+. Сол кезде Ехобаның алдында алапат дауыл соғып, тауларды жарып, жартастарды талқандады+. Бірақ Ехоба дауылдың ішінде емес еді. Бұдан кейін жер сілкінді+, бірақ Ехоба жер сілкінісінде де болған жоқ. 12 Жер сілкінісінен кейін өрт болды+, бірақ Ехоба өрттің де ішінде емес еді. Өрттен соң жұмсақ, ақырын шыққан дауыс естілді+. 13 Ілияс мұны ести сала, бетін шапанымен бүркеп+, үңгірден шығып, аузына келіп тұрды. Сонда ол: “Ілияс, мұнда не істеп жүрсің?”— деген дауысты естіді. 14 Ілияс: “Мен Әскербасы Ехобаға зор құлшыныспен қызмет еттім. Себебі Исраил халқы сенің келісіміңді бұзып+, құрбандық орындарыңды қиратып тастады, пайғамбарларыңды да семсермен өлтірді. Жалғыз мен ғана қалдым, бірақ олар менің де жанымды алмақшы+”,— деді.
15 Ехоба оған мынаны айтты: “Келген жолыңмен кері қайтып, Дамаскідегі шөл далаға бар. Сол жерде Хазаелді+ Сирияның патшасы етіп тағайында. 16 Нимшидің немересі Иқуды+ Исраилдің патшасы етіп, ал Әбел-Мехоладан шыққан Шафат ұлы Елішені* орныңды басатын пайғамбар етіп тағайында+. 17 Хазаелдің семсерінен+ аман қалған адамды Иқу, ал Иқудың семсерінен аман қалған адамды Еліше өлтіреді+. 18 Менің Исраилде Бағалға тізе бүгіп+, оның мүсінін сүймеген+ әлі де 7000 адамым бар+”.
19 Содан Ілияс жолға шықты. Ол Шафат ұлы Елішені 12 жұп бұқаны алдына салып, жер жыртып жүрген жерінен тапты. Еліше 12-нші болып жегілген соңғы бұқаларды айдап келе жатыр екен. Ілияс оның жанынан өтіп бара жатып, шапанын+ оның үстіне жаба салды. 20 Сонда Еліше бұқаларын тастап, Ілиясқа жетіп алды да: “Әке-шешемнің бетінен сүйіп, қоштасып келейінші, сосын сізге еремін”,— деп өтінді. Ілияс: “Барып кел, мен бөгет болмаймын”,— деді. 21 Еліше қайтып келген соң, екі бұқасын сойды да, мойынтұрығы мен соқаларын отын қылып, етін пісіріп, жұртқа үлестіріп берді; олар содан жеді. Бұдан кейін барып, Ілиясқа ерді. Осылай Еліше оның қызметшісі болды+.