Самуилдің 1-жазбасы
1 Ефрем+ таулы өңіріндегі Раматаим-Софимде*+ Елқана+ деген бір ефремдік кісі тұратын. Ол Ерохамның ұлы, Елихудің немересі, Тохудың шөбересі, Зуфтың шөпшегі болатын. 2 Оның Ханна және Пәнана деген екі әйелі бар еді. Пәнананың балалары болды, ал Ханна құрсақ көтермеді. 3 Елқана жыл сайын Әскербасы Ехобаға* ғибадат етіп, құрбандық шалу үшін өз қаласынан Шилоға баратын+. Ол жерде Ехобаның діни қызметкері+ болып Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес+ қызмет ететін.
4 Елқана құрбандық шалған сайын, әйелі Пәнана мен оның ұл-қыздарының бәріне тиісті үлестерін беретін+. 5 Ал Ханнаны қатты жақсы көргендіктен, оған ерекше үлес беретін. Бірақ Ехоба Ханнаға перзент сыйламаған еді. 6 Бұған қоса, күндесі Пәнана оны ренжіту үшін, Ехобаның бала бермегенін бетіне салық етіп, мазақ қылатын. 7 Жылда Ехобаның үйіне барған сайын+, Пәнана осылай оны қатты ренжітетін. Ханна болса көз жасын төгіп, нәр татпай қоятын. 8 Ал күйеуі Елқана: “Ханна, неге жылайсың, неге тамақ ішпейсің? Көңілің неге жабырқаңқы? Мен сен үшін он баладан да артық емеспін бе?”— дейтін.
9 Бірде тағы да Шилоға барғандарында, ішіп-жеп болған соң, Ханна орнынан тұрды. Бұл кезде діни қызметкер Ели Ехобаның ғибадатханасының*+ кіреберісіндегі орындықта отырған еді. 10 Сонда Ханна жүрегі қарс айырылып, еңіреп тұрып Ехобаға дұға етті+. 11 Ол: “Уа, Әскербасы Ехоба, егер күңіңнің қасіретіне көңіл аударып, мені есіңе алсаң, күңіңді ұмыт қалдырмай ұл бала сыйласаң+, уа, Ехоба, оны өмірінің соңына дейін өзіңе берер едім. Оның басына ешқашан ұстара тимес еді+”,— деп ант берді.
12 Ол осылай Ехобаға ұзақ дұға етіп тұрғанда, Ели оның аузынан көз алмай отырды. 13 Ханна іштей жалбарынғандықтан, даусы естілмей, еріндері ғана жыбырлап тұрды. Сондықтан Ели оны мас екен деп ойлап: 14 “Қашанғы мас болып отырасың? Мастығың тарқаған соң кел!”— деді. 15 Ханна былай деп жауап берді: “Мырзам, олай дей көрмеңіз. Мен бір соры қайнаған әйелмін. Шарап та, басқа ішімдікті де аузыма алған жоқпын. Мен көкірегімдегі зарымды Ехобаға ақтарып тұрмын+. 16 Мендей күңіңізді оңбаған әйел деп ойлап қалмаңыз. Қасіретім зор болып, қатты қайғырғандықтан осыншама ұзақ сөйледім”. 17 Сонда Ели оған: “Аман-есен қайта бер. Исраилдің Құдайы тілеуіңді қабыл алсын+”,— деді. 18 Ханна: “Қызметшіңізге ықыласыңызды түсіргейсіз”,— деді де, өз жөніне кетті. Осыдан кейін ол тамақ ішіп-жей бастады, жүзінен де қайғының нышаны байқалмайтын болды.
19 Ертеңіне олар ерте тұрып, Ехобаға сиынды да, Рамақтағы+ үйлеріне оралды. Елқана әйелі Ханнамен жақындасты, сонда Ехоба Ханнаға назар салды+. 20 Бір жылдың ішінде* Ханна құрсақ көтеріп, ұл бала туды. Ол: “Мен оны Ехобадан сұрап алғанмын”,— деп, баласына Самуил* деген ат қойды+.
21 Біраз уақыт өткен соң Елқана бүкіл үй ішімен Ехобаға жыл сайын шалатын+ және серт еткен құрбандықтарын беру үшін Шилоға бармақ болды. 22 Ал Ханна күйеуіне: “Мен бармай қоя тұрайын+. Баланы Ехобаның алдына емшектен шығарған соң алып барамын. Себебі ол сол жерде мәңгіге қалады+”,— деп, жолға шықпады. 23 Бұған Елқана: “Жарайды, дұрыс деп тапқаныңды істе. Баланы емшектен шығарғанша үйде қала бер. Лайым Ехобаның сөзі жүзеге ассын”,— деді. Осылай Ханна оны емшектен шығарғанша, баласын бағып үйде отырды.
24 Ал емшектен шығарған соң, оны Шилодағы Ехобаның үйіне+ алып келді. Өзімен бірге үш жасар бұқа, бір ефа* ұн және бір үлкен құмыра шарап ала келді+. Ал бала қасында еріп жүрді. 25 Олар бұқаны құрбандыққа шалғаннан кейін, баланы Елиге алып барды. 26 Сонда Ханна Елиге былай деді: “Кешіре көріңіз, мырза. Сіздің тірі екеніңіздей хақ сөзім — мен осы жерде қасыңызда тұрып, Ехобаға дұға еткен әйелмін+. 27 Сол кезде мен Ехобадан мына баланы сұрап жалбарынған едім, ол тілеуімді орындады+. 28 Енді мен баламды Ехобаға аманаттағалы отырмын. Ол өмірінің соңына дейін Ехобаға берген аманатым болмақ”.
Ол* сол жерде Ехобаға тағзым етті.