Әйүп
32 Осылайша әлгі үш кісі Әйүпке жауап беруін қойды, өйткені ол өзінің әділдігіне сенімді еді+. 2 Сонда Рам әулетінен шыққан буздық+ Барахел ұлы Елихуді қатты ашу кернеді. Ол Құдайдан гөрі өзін әділ санағаны үшін Әйүпке ашуланды+. 3 Жауап таба алмай, Құдайды зұлым етіп көрсеткендері үшін Әйүптің үш досына да қаһары қайнады+. 4 Олардың жастары үлкен болғандықтан+, Елиху үнсіз күтіп отырған еді. 5 Үш досының Әйүпке берер жауабы таусылғанын көрген ол қаһарына мінді. 6 Содан буздық Барахелдің ұлы Елиху былай деп сөзін бастады:
“Мен жаспын,
Ал сіздер көп жасадыңыздар+.
Сіздерді сыйлағандықтан тартыншақтап+,
Білгенімді айтуға дәтім бармап еді.
7 Мен: —Үлкендер сөйлесін,
Көп жасағандар даналығын көрсетсін,— деп ойладым.
8 Алайда адамға түсінік дарытатын — бойындағы рух,
Құдіреті шексіз Құдайдың демі+.
10 Сондықтан мен: —Маған құлақ түріңіздерші,
Білетінімді мен де айтайын,— деймін.
11 Міне, мен айтатын сөздеріңізді күттім,
Ой-толғауларыңызды ден қойып тыңдап+,
Айтуға сөз тапқандарыңызша тостым+.
12 Сіздерді мұқият тыңдадым,
Бірақ ешқайсысыңыз Әйүптің ісінен оғаштық таба алмадыңыздар,
Айтқан уәжіне де мардымды жауап қайтара алмадыңыздар.
13 Ендеше: —Біз даналықты таптық.
Оны адам емес, Құдайдың өзі жеңіп шығады,— демеңіздер.
14 Әйүп сөздерін маған бағыттаған жоқ,
Сондықтан мен оған сіздердің сөздеріңізбен жауап бермеймін.
15 Бәріңіз де аңтарылып, ауыздарыңызға сөз түспей,
Айтарға жауап таппай отырсыздар.
16 Мен күтіп отырдым, бірақ сіздер сөзден тосылып,
Еш жауап бермей, бәріңіз де үнсіз қалдыңыздар.
17 Сондықтан мен де жауап беремін,
Мен де білетінімді айтамын.
18 Себебі сөзім ішіме сыймай,
Бойымдағы рух сөйлеуге мәжбүрлеп отыр.
19 Мен шарап құйылып, аузы бекітілген торсыққа,
Жарылуға шақ тұрған жаңа меске ұқсаймын+.
20 Енді ішімдегіні айтып, бір жеңілдеп қалайын!
Тілімнің тиегін ағытып, жауап берейін.
21 Мен ешкімді алаламаймын+,
Ешкімге жағымпазданбаймын да.
22 Өйткені жағымпаздануды білмеймін,
Әйтпесе Жаратушым мені бірден жоқ қылар еді.