Хагей
1 Дарий патшаның билік құруының екінші жылы, алтыншы айдың бірінші күні Ехоба* Хагей*+ пайғамбар арқылы Яһуда әміршісі Салател ұлы Зоробабелге+ және бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуаға сөзін арнап былай деді:
2 “Әскербасы Ехоба: —Мына халық Ехобаның үйін тұрғызатын уақыт әлі келген жоқ деп жүр,— дейді+”.
3 Ехоба Хагей+ пайғамбар арқылы тағы да мынаны айтты: 4 “Менің үйім қирап жатқанда+, әдемі ағашпен қапталған үйлерде тұратын уақыт па? 5 Әскербасы Ехоба былай дейді: —Өз жолдарыңа назар салыңдар. 6 Сендер көп тұқым себесіңдер, бірақ аз өнім жинайсыңдар+. Жейсіңдер, бірақ тоймайсыңдар. Ішесіңдер, бірақ шөлдерің қанбайды. Киім киесіңдер, бірақ жылынбайсыңдар. Жалданып жұмыс істегендер жалақысын шұрық тесік қалтаға салуда.
7 Өз жолдарыңа назар салыңдар,— дейді Әскербасы Ехоба.
8 Тауға шығып, бөренелер әкеліп+, менің үйімді тұрғызыңдар+. Сонда риза боламын, әрі даңқым шығады+,— дейді Ехоба.
9 Сендер мол өнім күткенмен, аз жинадыңдар. Оны үйлеріңе әкелгенде, мен үрлеп ұшырып жібердім+. Неге?— дейді Әскербасы Ехоба.— Өйткені менің үйім қирап жатқанда, сендер өз үйлеріңнің қамымен әрі-бері шапқылап жүрсіңдер+. 10 Сондықтан төбелеріңдегі аспан шық түсірмей, ал жер өнім бермей қойды. 11 Мен жерге, тауларға, астыққа, жаңа шарапқа, зәйтүн майына, жер өніміне, адамдарға, малға және қолдарыңмен атқарған бар еңбектеріңе қуаңшылық жібердім”.
12 Сонда Салател+ ұлы Зоробабел+, діни қызметкер Ехосадық+ ұлы Ешуа және сондағы халық Құдайлары Ехобаның Хагей пайғамбар арқылы айтқан сөздеріне құлақ асты. Өйткені оны Ехоба Құдайлары жіберген еді. Халық Ехобадан қорқып, оны қастерлей бастады.
13 Ехобаның хабаршысы Хагей Ехобаның тапсырмасын орындап, халыққа мына хабарды жеткізді: “Ехоба: —Мен сендерге жар боламын+,— дейді”.
14 Содан Ехоба Яһуданың әміршісі+ Салател ұлы Зоробабелдің, діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуа+ мен барша халықтың рухына қозғау салды+. Олар келіп, Құдайлары Әскербасы Ехобаның үйін тұрғызуға кірісті+. 15 Бұл Дарий патшаның билік құруының екінші жылы+, алтыншы айдың жиырма төртінші күні болды.