Қорынттықтарға 1-хат
11 Мен Мәсіхке еліктегендей, сендер де маған еліктеңдер+.
2 Барлық жағдайда мені естен шығармай, өздеріңе қалдырған дәстүрлерді ұстанып жүргендерің үшін сендерді мақтаймын. 3 Енді мынаны да білгендеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх+, әйелдің басы — еркек+, ал Мәсіхтің басы — Құдай+. 4 Дұға не пайғамбарлық айтқанда, басын жабатын ер кісі өз басын ұятқа қалдырады. 5 Сондай-ақ дұға не пайғамбарлық айтқанда+, басын жаппайтын әйел өз басын* ұятқа қалдырады. Себебі бұл шашын тақырлап алып тастаған* әйел сияқты болғанмен тең. 6 Егер әйел басын жаппайтын болса, онда шашын қырқып тастасын. Ал әйел үшін шашын қырқып не тақырлап алып тастағаны ұят болса, басын жапсын.
7 Ер кісі басын жаппау керек, өйткені ол — Құдайдың бейнесі+ әрі даңқы, ал әйел — ер кісінің даңқы. 8 Еркек әйелдің емес, әйел еркектің денесінен жаратылған+. 9 Оның үстіне, еркек әйел үшін емес, әйел еркек үшін жаратылған+. 10 Сондықтан әйел бағынышты екенінің белгісі ретінде періштелер үшін+ басын жабуы керек.
11 Десе де Иеміздің ізбасарларының арасында әйел еркектен, ал еркек әйелден дербес емес. 12 Әйел еркектің денесінен жаралған+, ал еркек әйелден туылады, бірақ бәрін Құдай жаратқан+. 13 Өздерің ақылға салыңдаршы, Құдайға дұға еткенде, әйелдің жалаңбас болғаны орынды ма? 14 Ер кісінің шашы ұзын болғаны ұят екенін табиғаттың өзі үйретеді емес пе? 15 Ал әйелдің шашы ұзын болғаны мақтанышы емес пе? Ұзын шаш әйелге орамал орнына берілген. 16 Ал егер біреу басқа бір салтты алға тартып, таласқысы келсе, бізде де, Құдайдың қауымында да басқа салт жоқ.
17 Бұл нұсқауларды сендерді мақтау үшін беріп отырған жоқпын, себебі жиналыстарыңның пайдасынан гөрі зияны көп екен. 18 Естуімше, жиналысқа келгенде, жікке бөлінеді екенсіңдер, бұған белгілі бір шамада сенемін де. 19 Кімнің Құдайға ұнамды екені көріну үшін, араларыңда секталардың да пайда болары сөзсіз+.
20 Жиналғандарыңда, Иеміздің кешкі асы+ лайықты түрде желінбейді екен. 21 Өйткені оны жейтін уақыт келмес бұрын, әркім өз асын ішіп-жеп алады екен де, қайсыбіреу аш қалып, ал өзге біреу мас болады екен. 22 Ішіп-жеуге өз үйлерің бар емес пе? Әлде Құдайдың қауымын менсінбей, түгі жоқтарды ұялтқыларың келе ме? Сендерге не десем екен? Мақтайын ба? Жоқ, бұл үшін мақтамаймын!
23 Мен Иемізден қабыл алғанымды сендерге де үйреттім: Иеміз Иса өзіне опасыздық жасалатын түні+ қолына нан алып, 24 алғыс айтты да, сындырып, былай деді: “Бұл сендер үшін ұсынылатын денемді білдіреді+. Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар”+. 25 Кешкі астан кейін тостағанды да алып+: “Мына тостаған менің төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді+ білдіреді+. Мені еске алып, одан ішкен сайын, осылай етіңдер+”,— деді. 26 Сендер осы нанды жеп, тостағаннан ішкен сайын, Иеміз келгенше, оның өлімін жариялайсыңдар.
27 Сондықтан кімде-кім лайықсыз түрде Иеміздің нанын жеп, тостағанынан ішсе, Иеміздің денесі мен қанына қарсы күнә жасайды. 28 Наннан жеп, тостағаннан ішпес бұрын, әркім соған лайық па, жоқ па — көз жеткізіп алсын+. 29 Ал дененің нені білдіретінін түсінбей жейтін және ішетін адам өзіне үкім шығарады. 30 Сондықтан араларыңда әлсіздер мен аурулар көп, біразың өлім ұйқысында жатырсыңдар*+. 31 Егер өзімізді тексерсек, бізге үкім шығарылмас еді. 32 Ал үкім шығарылса, бізді Ехоба түзетеді+. Ол мұны біз осы дүниемен бірге айыпталмауымыз үшін істейді+. 33 Сол себепті, бауырластарым, осы асты жеуге жиналғанда, бір-біріңді күтіңдер. 34 Ал кім аш болса, үйінде тамақтансын. Осылайша жиналғанда, өздеріңе үкім шығару+ үшін жиналмайсыңдар. Қалған мәселелерді өздеріңе барғанда реттеймін.